Кәсібін кілем тоқудан бастады

788

0

Фото: ашық дереккөз

Облыс орталығында тұратын жас кәсіпкер Жандос Шораев кілем тоқиды. Ол бұл іспен айналыспас бұрын, тоқу әдісін зерттеп көрген. Бүгінде кәсіпкер тафтинг әдісімен түрлі кілем шығарып, табыс тауып отыр.

– Кілем тоқу – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан өнер. Оны бұрын қабырғаға іліп, еденге төсеп, үйдің жылуын сақтау үшін пайдаланса, кейін сәндік бұйым ретінде де қолданып жүр. Мен тоқу өнеріндегі XVII ғасырдан бері белгілі тафтинг технологиясын зерттеп, содан соң осы жобаны қолға алдық. Ағылшынша «tuft» сөзі «түйін» немесе «бума» деп аударылады. Бұл технология Қытай мен Үндістанда бұрыннан бар, ол жақта әлі де қолдан тоқылған кілемдерді қолданып келеді, – дейді Жандос.

Кәсіпкер былтыр 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасымен 2,5 миллион теңге қайтарымсыз грант иегері атаныпты. Оған жаңа құрылғы мен керекті материалдар сатып алған. Бүгінде ол жергілікті үш тұрғынды жұмыспен қамтып отыр.

Кілем тоқу цехы әзірге кәсіпкердің өз үйінде орналасқан. Онда екі кілем тоқу станогымен қатар, өзге де қажетті құрылғылар бар. Кілемге арнайы тапсырыспен алынған жібек жіп қолданылады. Кәсіпкер болашақта кәсібін кеңейтіп, кілем тоқу өнерін табысты бизнеске айналдырғысы келеді. Ол үшін Алматы қаласына барып, кәсіпкерлік негіздеріне арналған сабақтарға қатысқан.

– Айына тапсырыспен бірнеше кілем тоқылады. Олардың түсі әртүрлі болуы мүмкін. Тоқылып бітісімен бетіндегі түгі қырқылып, тегістеледі, арнайы тазаланады. Сондай-ақ ыстық буға ұсталып, кілем шетіне әдемі шашақтар тігіледі. Осылайша қосымша жұмыстардан соң өнімді өз тұтынушымызға ұсынамыз, – дейді ол.

Айта кетейік, Жандостың өніміне тапсырыс жан-жақтан түседі. Көбісі жақындарын қуанту үшін сыйлық ретінде сатып алады. Жалпы кілемнің көлемі әртүрлі. Мысалы, бір кілем төрт күн тоқылатын болса, кейінгі екі ай ішінде Жандос жиырмаға жуық кілем тоқыған.

– Кейінгі жылдары қолөнер бұйымдарының қадір-қасиетін түсінетіндердің қатары көбеюде. Ал біздің өнім туралы көпшілік бір-бірінен естігендіктен тапсырыс берушілер аз емес. Бастысы, сапаға аса мән береміз. Көбінесе, жастар өз ата-аналарына тосынсый ретінде алып жатады. Сонымен қатар, көбінесе халық қалаулыларына, сыйлы азаматтарға, атақты ақын-жазушыларға арналған портреттік кілемдерге жиі тапсырыс түседі, – дейді жас кәсіпкер.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<