«Қармақшы құс» өнім шығара бастады

857

0

Кәсіпкер Нұрлан Іздібаев қолға алған «Қармақшы құс» фабрикасы өз өнімдерін нарыққа шығаруды бастады. Бұл – ауыл халқы үшін таптырмас жұмыс көзі болса, аймақ жұртшылығы үшін үлкен жетістік. Қазір мұнда 90 адам өз нәпақасын тауып отыр. Фабрика жұмысшыларының басым бөлігі «Ақтөбе» ауылының тұрғындары, «Ақжар» мен «Жосалы» кентінен қосымша жұмысшы бригадалар қамтылған. Цех толық іске қосылған уақытта жұмысшылар саны да көбейеді.

«Қармақшы құс» фабрикасына алғашында 3 млрд теңге инвестиция салынған болатын. Сыйымдылығы 60000 құсқа арналған 6 бордақылау алаңы, инкубациялық, сою, қалдықтарды өңдеу орындары жұмыс істейді. Фабрикада күніне 2500-ге жуық тауық сойылып, үш күнде 10  тоннадан астам өнім дайындалады. Алдағы уақытта толық іске қосылып, күніне 13-14  тонна өнім шығармақ. Қазірдің өзінде «Байқоңыр ӘКК» АҚ, тағы басқа жергілікті жетекші тауар сатушы кәсіпорындар тарапынан өнімге сұраныс түсіп, келіссөздер жүргізілуде.

Тағы бір айта кетерлігі, кәсіпорын жұмысына Астана, Атырау, Петропавл облыстарынан тартылған технологтар, ветеринар-дәрігерлер, ветеринар-техниктер жергілікті мамандармен бірлесіп жұмыс тәжірибелерін бөлісуде.

Нұрлан Тұрғанбекұлының айтуынша, алдағы уақытта тауық етінен шұжық дайындайтын зауыт ашу жоспарда бар. Сонымен қатар өнім қалдықтары, оның ішінде тауықтың мойын еті мен ішкі құрылысы, сирақтары мен қанаттарын жарата отырып тыңайтқыш өңдеу де қолға алынбақ. Мұнымен қоса, жемді қолжетімді бағада жеткізу үшін «Ақтөбе» ауылы мен Қызылорда қаласынан құрама жем зауытын салу ойда бар. Зауыт іске қосылса, құс шаруашылығымен айналысатын аймақ кәсіпкерлеріне үлкен жеңілдік болмақ.

– «Қармақшы құс» шаруашылығының негізгі бағыты – бройлер балапандарын өсіру және құс етін өндіру. Балапанның өсіп жетілуіне қарай ауа тұрақтылығы, температурасы қойылып, қорегі, витаминдері беріліп отырады. Жұмыртқа тасымалдайтын арнайы көлікті де алдырттық. Балапандар жұмыртқадан 21 күнде толық жарып шығады. Салмағы 1 келі болғанда союға жіберіледі, – дейді шаруашылық төрағасы Нұрлан Іздібаев.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<