Астана Орынбордан Қызылордаға көшкенде 5 вагон архивтік құжат өртеніп кеткен – ғалым

325

0

Ақтөбелік ғалымдар Ресейдің Орынбор облысындағы архивтерде зерттеу жұмыстарын жүргізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 
Ғалымдар Ресейдің Орынбор облысына барып, зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Құжаттармен қатар ұлт зиялыларының шығармалары мен кітаптарын іздейді. «1867-1868 жылдары реформа болып, Орынбор генерал-губернаторы құрылды. Содан облыстық басқарманың құжаттары Орынбор қаласында сақталды. 1925 жылы астана Орынбордан Қызылордаға көшкенде тарихи құжаттардың негізгі бөлігі сол жерде қалды. Орынборда Қазақстанның, оның ішінде еліміздің батыс өңірі бойынша құжаттар сақталған. XVIII ғасырда Орынбор шекара комиссиясы болды. Соның құжаттарынан бастап 1925 жылға дейінгі мол мұраның бәрі Орынбор мұрағатында түпнұсқа күйінде сақтаулы. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік өңірлік мемлекеттік университеті ғалымдарының мақсаты – тарихи деректердің, құжаттардың ксерокөшірмесін жасап, ғылыми жинақ шығару. Архив құжаттары ескіреді, көнереді. Жыртылып, оқылмай қалуы мүмкін. Сондықтан дер кезінде бар мұрамызды жинағымыз келеді»,- деді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік өңірлік мемлекеттік университетінің оқытушысы Дәулет Әбенов.
Таяуда Ақтөбеде Орынбор облысының күндері өтті. Мәдени шара кезінде Орынбор облысы әкімдігі мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік өңірлік мемлекеттік университеті арасында келісім жасалды. Алдағы уақытта ғалымдар, магистранттар Қазақстан, Ақтөбе өңіріне байланысты құнды деректерді жинауға аттанады.
«Қазақстанда орыс географилық қоғамының бөлімшелері болған. Соның бірі Орынборда орналасқан. Сол қоғам бірнеше жинақ шығарды. Кітаптың бәрі Қазақстанда, Алматыдағы мемлекеттік мұрағатта, Ұлттық кітапханада электронды нұсқа күйінде сақтаулы екен. Бірақ түпнұсқа сақталмаған. Ыбырай Алтынсариннің, Мұхамед-Салық Бабажановтың еңбектері, қазақ зиялыларының шығармалары жинақтарда жыл сайын жарияланған. Орынбор география қоғамының 17-18 томдарында Ыбырай Алтынсариннің «Обычная право казахов» деген екі томдық кітабы жарияланған. Жоғары оқу орындарында сол кітапты альтернативті оқулық ретінде пайдалансақ болады»,- деді Дәулет Әбенов. Тарихшы Орынбор архивтерінде 2 ғасырлық құжаттың, тарихтың сақталғанына сенімді. Архив материалдарын жас ұрпаққа қалдыруды ғалымдар парызы санап отыр.
«Тарихи дерекке сүйенсек, 1919 жылы колчак әскері Орал қаласын басып алған кезде 19 арбаға тиелген архивтік құжаттың қай бағытта кеткенін ешкім білмейді. Астана Орынбордан Қызылордаға көшкенде 5 вагон архивтік құжат өртеніп кеткен. Оның себебін ешкім түсіндіре алмайды. Сондықтан Орынбор архивін зерттеу, ұлттық жәдігерді сақтаумен бірдей»,- деді Д.Әбенов.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<