Ауласыз үй – қолайсыз күй

384

0

Қала орталығындағы ­«Меруерт» тұрғын үй кешенінде көлік қоятын тұрақ жоқ. Балалар ойнайтын ауламен жабдықталмауы да тұрғындарға оңай тимей отыр. Арнайы тұрақтың болмауы тұрғындардың көлікті үйдің дәл алдына қоюы үйреншікті жағдайға айналған.  «Жедел-жәрдем» немесе такси шақырту ондағы әрбір адам үшін мұң. Үйдің маңайы толған көлік, кептеліс. Осы мәселенің бір шешімі бола ма?», – деп редакцияға хабарласқан еді осы үйдің қарт тұрғыны, Социалистік Еңбек Ері ­Сәлима Жұмабекова.  
­Бардық, көрдік. Шын мәнінде, ауласы жайсыз тұрғын үйдің қолайсыз күйі көзге ұрып тұр.
 – Алғаш қоныстанған кезде осы жер­де ағаштар бар еді. Саясында бір уақ кө­леңкелеп отырушы едік. Оның бар­лығын отап, көлікке арналған темір бастырмалар салып тастады. Көліктердің кесірінен көк түтінге тұншығып өле­тін болдық. Осы уақытқа дейін бейнет кешіп, енді зейнетін көреміз бе дегенде жағдайымыз осы. Әрқайсысына айта­ры­мызды айттық, оны тыңдар құлақ жоқ. Социалистік Еңбек Ері марқұм Ұзақ Еспановтың егіп кеткен талдары бар еді. Кесіп тастады. Біреуі ғана қалып еді, енді соны отамақшы. Аула тар, көліктің түтін иісі қолқаны қауып, тынысты тарылтады. Есік, терезе ашуды қойдық, – дейді Сәлима әже.
Тұрғындар қауіпсіздік үшін автокөлік жүруіне шектеу қойғысы келеді. Бала­лардың қауіпсіздігі үшін алаңдайды. Бірақ көлігі бар тұрғындардың оған көнгісі жоқ.
Әдепкіде өжірені жерасты автотұрағы етуді көздеген. Бірақ өкінішке орай, ол да шешімін таппаған тәрізді. Бұрын аулада балалар ойнайтын екі алаң болған екен. Алайда көлігінің жайын күйттегендер оны да тұраққа айналдырып алған.
– Бәрінен бұрын немерелеріміз үшін алаңдаймыз. Көлік қағып кетеді деп ар­тынан жүгіріп жүргеніміз. Кешкілік аула толы машина арасынан адам жүретін жол таппай қаламыз. Беті аулақ, оқыс жағдай туындап, өрт шықса, бұл жерге өрт сөндіру машинасы келе алмайды. Ол түгілі такси де кірмейді. Өткенде осы үйдің 50 тұрғыны қалалық әкімдікке балалар алаңын салып беруді өтініп хат жазған едік. Оған да жауап болмады, – дейді осы кешен тұрғыны Меруерт Бақбергенова.  
Білуімізше, бұл тұрғын үй ешқандай пәтер иелері кооперативіне  қосылмаған. Қалай болғанда да, ауласыз үйдегі тұрғындар шағымын елемеске болмайды. Біз тұрғындар тілегін жеткіздік, ендігісін тиісті өкілдіктер тиімді жолмен шешер деп сенеміз.  

Н.САҒАТҰЛЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<