Қайраткер келбеті – қажырлы еңбегі

253

0

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында өткен университеттің ғылыми кеңесінің кеңейтілген отырысы мемлекет және қоғам қайраткері, Шоқайтану ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми жетекшісі, саяси ғылымдарының докторы Әбдіжәлел Бәкірдің 80 жылдық мерейтойына арналды. Онда Ә.Бәкірдің өмір жолының өрелі, өнегелі тұстары ғалымдардың баяндамасына арқау болды. Сондай-ақ, қайраткердің саяси тұлғасын сипаттайтын сүбелі еңбегі, қарапайым адами болмысын айғақтайтын ілкімді істері жайлы айтылды. Жиынды ҚМУ-дың ректоры Бейбіткүл Кәрімова жүргізді.

Жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов, ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың құт­тықтауын жеткізіп, Ә. Бәкірдің тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елдегі, қоғамдағы көп­теген өзекті мәселелердің ше­шілуінде зор үлесі бар екеніне тоқталды. Мерзімді БАҚ-тарда мемлекеттік тілдің мәртебесін қалыптастыруға ерекше еңбек сіңіргенін атап өтті. Сонымен бірге, бүгінгі әлемдік жаһандану жағдайындағы мем­ле­кетіміздің ұлттық сипатын жетілдіре түсу, бұл орайда ұлттық мүддемізге сай рухани құндылықтарды сақтау мен дамыту мәселелерінде айшықты қолтаңбасы барын айтты.

Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың гуманитарлық-педа­го­гика­лық институтының директоры, тарих ғылымдарының кан­­дидаты Сағат Тайман  қайрат­­кердің өмір жолы мен қо­ғам­­дағы қызметі жайлы кең ау­қымды ақпарат берді. Уни­вер­ситеттің ардагерлер кеңе­сінің төрағасы Қазбай Құ­дайбер­ген мерейтой иесін құт­­тық­тап, азаматтық келбеті жайлы өзіндік ой-пікірін біл­дірді.

Мемлекет және қоғам қайраткері Әбдіжәлел Бәкірдің замандастары, үзеңгілестері, әріптестері атынан ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, медицина саласының ардагері Тұрғанбай Маханов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Әскербек Рахымбекұлы, қоғам қайраткері Алмагүл Божанова, республикалық «Тіл сақшысы» газетінің редакторы Сәдуақас Аңсат, «Қазақстан – Қызылорда» телеарнасының директоры Жағыпар Қарабала, Ә.Тәжібаев атындағы облыс­тық әмбебап-ғылыми кітапхана­сының директоры Нұржамал Мырзамұратова, М.Шоқай қоғамдық қорының төрағасы Батырбек Жолдықұлов сөз алып, мерейтой иесінің ғибратты ғұмыр жолы туралы айта келіп, рия­сыз құрмет пен ізгі ілтипатқа толы  лебіздерін жеткізді.

Жиын соңына таяу сөз кезе­гін алған мерейтой иесі   туған жер төсіндегі жүздесулердің жанына жылылық ұялатқанын айтып, көпшіліктің ыстық ықыласы мен құрметін те­бі­реніспен қабыл алды.

 – Осынау қызмет жолында атақ пен даңқ қумай, адамға жақын болу, қолымнан келгенше қамқор болуды, адал еңбек етуді мақсат еттім. Алдыма қойған жоспарым көп. Сондықтан елдік мәселелерге үн қосып, тарихи таным, рухани құндылығымызды дәріптеуде әлі де еңбек ете беремін, – деді.

Ғазиза ӘБІЛДА.