Қайсар ҚАСИЕТ

393

0

Сыр өңірінде мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетудің айрықша үлгісі қолға алынған. Оның дәлелі ретінде жуырда ғана Қызылордадағы Кә­сіпкерлер үйінде «Өзіңе сене баста» атты мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлердің өнімдерінен облыстық  көрме-байқау ұйым­дастырылғанын айтсақ та жет­кілікті. Байқауға «Кәдесый жасау» жоба­сымен Жаңақорған ауданынан қатысқан Қасиет Орал облыс әкімінің Алғыс хаты мен   1 миллион теңгеге ие болған еді. Бүгін осы Қасиет туралы сөз қозғамақпыз.

Әңгіме арқауына айналып отыр­ған қаршадай қыз кальций жетіс­пеушілігіне байланысты бала кезінен шалт қимылдаса сүйегі сынатын сырқатқа шалдыққан. Осы себептен әкесі Қалдыбай Әбдіраманов пен анасы Қалипа Иманбаева қыздарының көз алдарында жүргенін қалайды. Қасиет денсаулығына  байланысты үйде оқытылған.  Оның қолынан келмейтіні жоқ. Жасаған кәдесыйлары көздің жауын алады. Әсіресе, қыз-келін­шектердің сәндік мақсаттағы әше­кейлері көптеп табылады. Тіпті, төл туындыларын теңгеге пұлдап, сатып алған балабақша мен мектеп ұжымдары жетерлік. Оның өзі бұл өнерге деген қызығушылық арманға жетелеп бара жатқанын айтты.

– Арманым көп. Оқығым келеді. Тіпті, кәсіп ашып, мына ісімді әрі қарай дамытсам деймін, – деді ол бізбен әңгімесінде.

Талантты қыздың өмірге деген құлшынысы талайға үлгі боларлық.  Ол ғаламторға қарап отырып, түрлі пішінде жасалған әдемі дүниелерді іздейді. Тапқан бұйымын өзі жасап көреді. Бұл іске айрықша ықыласы ауып, бірте-бірте шеберлігін шыңдай түседі.

– Алғашқыда уақытымды бос­қа өткізбейін деп ғаламтордан жыл­тыраған майда моншақтарды біріктіріп жасауды үйрендім. Ол кезде барлығы осылай алға басады деп ойламадым. Ата-анам үнемі қасымда. Әкем үй жағдайында жұмыс жасауға қажетті барлық затты тауып береді. Анам да қолынан келген көмегін аямайды, – дейді ол.

Біз өз кезегінде Қасиеттің анасы Қатипа апайды да сөзге тартқан едік. Ол жаппай кәсіпкерлікті дамытуға қолдау білдірген облыс басшылығына алғысын жеткізді.

–  Қызымның қолынан келмейтіні жоқ. Көздің жауын алатын неше түрлі әдемі бұйымдарды жасайды. Тіпті, сурет те салады. Өзі болашақта дизайнер болсам деп армандайды. Құдай тілегін берсін. Біз оның жүріп кеткенін қалаймыз, – деді ағынан жарылып.

Жылтыраған майда моншақтар мен гипс, ермексаз, лента сынды заттар Қасиет қолданатын басты құрал­дарға айналған. Ол қызылды-жасылды құтыдағы гүл мен ақ қарға оранған ақ ұлпа ағаш, пластикалық құтыдан құрастырылған түрлі жан-жануарларды айнытпай жасайды. Иә, талапшыл қыздың арманы биік екені көрініп тұр.

Бүгінде аймақта кәсіпкерлікті қол­дау­дың айрықша жобалары жүзеге асуда. Жыл басында жаппай кәсіпкерлікті дамыту, тұрғындарды жұмыспен қам­ту мәселелерін шешу және жалпы ішкіөңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін көбейту үшін облыс әкімдігі, мәслихат, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы, қоғамдық кеңес пен кәсіпкерлер палатасы биыл­ғы жылды «Жаппай кәсіпкерлікті қол­дау жылы» деп жариялаған болатын. Жартыжылдықтың қорытындысымен игі бастама үш жылға ұзартылды.  Жоғарыда атап өткендей, Сыр жұрт­шылығы бұл бастаманың жемісін қазірден бастап көруде. Жемісті қадам көп жылға салынған із боларына сенім мол.

Әзиз БАТЫРБЕКОВ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<