Азаттығымыздың айғағы, болашағымыздың бағдары

457

0

Адамдар құрған қоғам үшін біртұтас заңның болуы он сегіз мың ғаламға ортақ заңдылық қандай қажет болса, дәл сондай қажет. Кеңістік пен уақыт ішінде ғаламшарлар аса дәлдікпен қозғалады. Егер ай жерге осы күнгі орнынан он метрге жақын тұратын болса, жер жүзін су басып кетеді екен.

 

 

Демек, мемлекетті сақтай­тын да, дамытатын да  – іргесі берік, ізгілігі ерен Заңдар жинағы. Біздің еліміздің өз Конституциясын Ата Заң деп атауы терең ақылға негізделген. Өйткені, қазақ үшін ата сөзі қашан да қадірлі.

XVII-ғасырда қазақ ханды­ғының ыдырау қаупінің тууына байланысты Тәуке хан  бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі әдеп-ғұрып заңдарын және өзінен бұрынғы хандардың тұсында қабылданған “Қасым ханның қасқа жолы” мен “Есім ханның ескі жолын” одан әрі жетілдіру арқылы жаңа заң жүйесін жасауға күш салды.

Үш жүздің игі жақсы­ларымен бірге атақты Төле, Қазыбек, Әйтеке билерді алдырып, Күлтөбенің басында “Тәуке ханның Жеті жарғысы” деген атауға ие болған заңдар жиынтығын қабылдады.

Жеті жарғыға сүйенген қазақ билері ел ішіндегі дау-жанжалдар мен саяси маңызы бар мәселелерді тиімді шешіп отырды. Жаңа заң жүйесі қазақ халқының өмірлік мәсе­лелерін барлық жағынан қамтыды, соның нәтижесінде Тәу­ке ханның билік еткен тұсы Қазақ хандығының барынша күшейіп, дәуірлеген кезі болды.

Міне, заңның қоғам үшін қалай қызмет ететінінің бір мысалы.

Конституция осы заманғы мемлекеттіліктің маңызды белгісі, мемлекеттің бастапқы саяси және құқықтық құжаты болып табылады. Қазіргі кезде Парсы шығанағындағы Сауд Арабиясы, Оман секілді кейбір абсолютті монархияларда ғана Конституция жоқ. Мемлекеттің барлық басқа заңдары оның қағидаларына барынша сәйкестендіріле отырып қабылданады.  Конституциялық қағидалардың бұзылуы өте елеулі құқық бұзушылық болып табылады.

Егеменді еліміздің алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің ІХ сессиясында қа­былданған болатын. Онда Президентті мемлекет басшысы, қазақ тілін мемлекеттік тіл деп тану, билікті бөлісу принципі, Мемлекет тәуел­сіздігі, егемендік, сот органдары және басқа да маңызды мәселелер қамтылғанын жақ­сы білеміз. Бірақ кеңестік жүйенің қасаң қағидаттарынан толықтай арыла алмаған   Конс­титуциямыз уақыт көшіне ілесе алмады. Өркениет талаптарына, қазақстандықтардың мүддесіне сай келетін Ата Заң қажеттігі айқын сезіле бастады.

Халық қалауын басшылыққа ала отырып, Бүкілхалықтық референдум арқылы 1995 жы­лы 30 тамызда бүгінгі қол­даныстағы Ата Заңымыз қа­был­данды. Конституцияның «Жалпы ережелер» деп   атала­тын 1-бөлімінде «Қазақстан Респу­бликасының страте­гия­лық бағыты – демокра­тия­­лық, зайырлы, құқықтық жә­не әлеуетті мемлекет құру» деп атап көрсетілді. Сол бойынша мемлекеттік билік заң шығарушы, атқарушы және сот билігі болып үш тар­маққа бөлінді. Президент құзы­рын­дағы өкілеттіктердің бел­гілі бір бөлігі Парламентке беріліп, Президенттік-Пар­ла­­мент­тік басқару жүйесі бекі­тілді.

Еліміздің Ата Заңы адамзат баласының жүздеген жылдар бойы қалыптасқан жалпы құндылықтарын өз бойына сіңірді. Біздің тәуелсіздігіміздің кепіліне айналған Конституция – бабалардың даналығы мен қазіргі заманның рухын бір­лестіре үйлестірген, жүзден аса ұлттар мен ұлыстардың теңдігін тегіне қарамастан бекіткен ұлы құжат болды.

Жаңа Конституциямыз да ұлтымыздың ұстынына қарап, алға озған елдердің тәжірибесін де тастамай, дамуымызға кепіл боларлық келбетте жасалған. Бұл жөнінде Президент Н.Назарбаевтың: «Кешегі та­рихтан тамыр алған, ертеңгі тарихқа тұғыр болған Ата заңымыз салтанат құрып тұр­ғанда еліміз толағай табыстарға бөлене бермек» – деген сөзі бар.

Қорыта айтқанда, бүгінгі таңда саясаты салмақты, экономикасы әлді, қорғанысы мы­ғым, келешегі кемел еліміз Ата Заңның аясында өркениетті елдермен терезесі тең мемлекет есебінде жарқын болашаққа қарай нық қадам басып келеді.

Рүстем БЕРКІНБАЕВ,

Жаңақорған аудандық сотының жетекші маманы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<