Азиада аламаны

388

0

Өткен сенбі күні Индонезия астанасы Джакарта мен Суматра аралының ең ірі қаласы Палембангта XVIII Жазғы Азия ойындарының жалауы желбіреді. Бәсекеге 45 елден 11000-ға жуық спортшы қатысады. Оның ішінде Қазақстан құрамасының сапында 440 спортшы жарыстың 37 түрі бойынша ел намысын қорғайды. 

Азиаданың ресми ашылу салтанаты Джакартадағы Гелора Бунг Карно стадионында өтті. Индонезияда екінші мәрте өтіп жатқан жазғы ойындар алғаш рет 1962 жылы дәл осы стадионда ұйымдастырылған болатын.

Мемлекеттік туымызды бокстан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Аманқұл Әбілхан ұстап шықты. Осыдан төрт жыл бұрын Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен Азиадада бокстан Олимпия ойындары жəне Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Əділбек Ниязымбетов алып жүрген-ді. Осылайша, қатарынан екі Азия ойындарында көк туымызды ұстап шығу боксшыларымызға бұйырып отыр.

Қазақстан құрамасы жалпы Азия ойындарында медаль саны бойынша жалпыкомандалық есепте төрт рет төртінші, екі рет бесінші орынды иеленген. Биылғы меже де осы төрттікке іліну.

Еліміздің спортшылары медальдің басым бөлігін жеңіл атлетика, байдарка және каноэ, велоспорт, оқ ату, су спорты, көркем гимнастика, дзюдо, күрес, бокс және ауыр атлетика спорт түрлерінен еншілеген. Биылғы бәсекеде бокс спорты үш салмаққа азайғандықтан жүлде саны да азаюы мүмкін. Ал ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының допинг дауына байланысты Халықаралық Олимпиада комитеті біздің спортшыларды бір жылға шеттеткен. Сондықтан биыл ауыр атлеттер Азия ойындарына қатыспайды.

Ойынның алғашқы күнінде ел байрағын желбіреткен спортшыларымыз бір алтын, бір күміс және екі қола медаль жеңіп алды.

Алтын медальді семсерлесуші Дмитрий Алексанин, «күмісті» еркін күрестен Данияр Қайсанов және осы спорт түрінен Саятбек Оқасов пен Әділет Давлумбаев қола медальдарды иеленді. Әзірге ел құрамасы жалпы командалық есепте бесінші орында тұр.

Қоржынға алғашқы алтынды салған семсерші Дмит­рий Алексанин финалдық бәсекеде Рио Олимпиадасының чемпионы, Оңтүстік кореялық Сан Ен Пакты 15:12 есебімен жеңді.

Қарымды спортшы жарыстың топтық кезеңінде таиландық Коракоте Жиенгамуаичайды, 1/8 финалда қырғызстандық Роман Петровты, ширек финалда вьетнамдық Ден Нгуеинді жеңген болатын. Жартылай финалда Алексанин Азия чемпионы, Лондон олимпиадасының қола жүлдегері оңтүстік кореялық Чон Джин Соннан басым түсті. 

Осылайша спортшылардың рухы алтынмен көтерілді. Енді өзге де сайысшылар ел қоржынына алтын жүлделер сала береді деп сенеміз. 

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<