БАЛА ШАТТЫҒЫ БӘРІНЕН ЖОҒАРЫ

323

0

Жаймашуақ жаздың бірінші күнінде бүкіл әлем балаларды қорғау күнін атап өтеді. Бас­тауын өткен ғасырдың елуінші жылдарынан алатын мерекеге Сыр өңірі де жылдағыдай үн қоспақ.

1 маусымға белгіленген шара­лардың ішіндегі ең ауқымдысы – Қызылорда қаласында болатын балалар мен жастар музыкалық ансамбльдерінің шеруі. Шеру осымен екінші мәрте «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Тәр­бие және білім» бағыты аясында балалар мен жастардың шығармашылығын қолдау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, оған бас-аяғы 14 мыңға жуық жас тартылады. Қатысушылар үрмелі-соқпалы, шекті, ұлттық аспаптар, хореография, балалар хорлары сияқты бағыттар бойынша өнерлерін паш етеді. Шеру «Достық үйінен» басталып, орта­лық алаңда қорытындыланады.

Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында ел аумағында «Нұрлы болашақ» ұранымен «Бала еңбегін пайдалануға қарсы 12 күн» ұлттық ақпараттық науқаны өтіп жатыр. Акцияны ұйымдастырудағы мақсат – бала мүддесі жолында мемлекеттік құрылымдар, қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдар, бизнес орталықтары мен ақпарат құралдарының күшін біріктіру, осы бағыттағы мәселелерге қоғам назарын бұру. Шара 15 маусымға дейін жалғасады.

Одан бөлек, мереке аймақтағы мәдениет және өнер мекемелерінде аталып өтпек. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мәліметінше, ертең Қызылорда қаласындағы Өнер арбатында «Бала – бақыт бақшасы» атты мерекелік шара, балалар арасында «Алғашқы астанам – сүйікті Қызылордам» атты сурет салу байқауы болады.

Бүлдіршіндер осы күні үш ауысыммен Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрынан «Құмырсқалар, қиыспас дос, құдалар» балалар қойылымының премьерасын тамашалай алады. Облыстық тарихи-өлкетану му­зейі­нің есігі таңертеңнен кешке дейін балалар үшін ашық болады. Онда Сыр өңірінің арғы-бергі тарихына қатысты деректер мен жәдігерлерді қызықтауға мүмкіндік бар. «Ақмешіт» музейі, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана мен облыстық филармония ұжымдары да кішкентай көрерменге арнап есте қаларлық шаралар ұйымдастырып жатыр.

Ел ертеңі – жас ұрпақтың заман талабына сай өсіп-жетілуі үшін аймақта ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Биыл барлық оқушының 96,9%-ін жазғы тынығу түрлеріне тарту жоспарланды. Сонымен қатар, Сыр өңірі мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы мерзімінен бұрын орын­далған аймақ болып саналады. Бүгінде 3 пен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндер балабақшамен толық қамтылды. Бұл – біздің бөле-жара айтуға тұрарлық жетістігіміз.

Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<