Ел шебіндегі күзет – ерекше міндет

745

0

Шекараның қырағы қорғалуы мемлекеттегі бейбітшілік пен тұрақ­ты дамудың негізі. Сондықтан, Қазақстан Республикасының Шекара әскерлері сонау 1992 жылғы 18 тамызда Президент Жарлығымен КСРО Шығыс шекаралық округінің базасында құрылды.
Біздің батыр бабаларымыз о шеті мен бұ шетіне құлан жортса тұяғы тозатын, қыран ұшса қанаты талатын ұлан-ғайыр жердің шебін жанқиярлықпен қорғады. Бүгінгі бейбіт заманда Ұлы даламыздың шебін қорғаушы жауынгер-шекарашылар да сол батыр бабаларымыздың бүгінгі буыны.
Бүгінде бес мемлекетпен шекте­сетін және жалпы ұзындығы 15 мың шақырымдай болатын шекарамызда 300-ге жуық застава құрылған. Осы заставаларға сан тараптан сұқтанған жатжұртқа атамекеннің қарыс қада­мын бастырмай, ұрпағына мирас еткен батыр бабалардың аты берілуде.
Атап айтсақ, 2017 жылдың 3 сәуірінде қабылданған №157-ші Үкі­мет қаулысына сәйкес, Өзбекс­танмен арамыздағы шекарадағы Қызылорда шекара отрядының 2019-шы әскери бөлімінің «Қызылқұм» шекара заставасы Жанқожа батырдың атымен аталды. Бұл еліміздің Шекара қызметі құрамындағы оныншы атаулы застава.
Бұл ел шебі мен ұлттық қауіп­сіздікті қорғаушы шекарашыларымызды дархан далаға қалқан болған батыр бабалардың ұлы рухында, Мәңгілік елдің мақсат-мұратында тәрбиелеуге үлес қосады. Екіншіден, «Туған жер» бағдарламасы аясында, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері арқылы жас ұрпақтың туған жер тарихын тануына ықпал жасайды. Ел тарихында ерекше орын алған тұлғалардың атын мәңгі қалдыруға қызмет етеді. Бабалар атымен аталған шекаралық заставалар – өзге мемлекеттер азаматтарына Қазақстанды әз тарихын және ерлерін ұлықтайтын, ұмытпайтын, солардың биік рухымен рухтанатын өркенді ел ретінде көрсетеді. Мұндай шаралар ұлттық сананы жаңғыртуға бағытталған маңызды қадамға айналды.
Тәуелсіздіктің арқасында қазақ елі ұлан-байтақ жеріміздің шекарасын бекемдеп, мызғымастай беріктігі мен тұтастығын дәлелдеді. Еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ұлан-ғайыр мемлекеттік шекарамызды қорғауда сарбаздардың сіңірген еңбектері ерлік үлгісімен пара-пар. Ел шетін қорғаған сарбаздардың әр сәті түрлі оқиғаға толы. Солардың бір парасын назарларыңызға ұсынсақ.
Қармақшы ауданының шалғай ауылдарының бірі – Қуаңдария елді мекенінде «Қосшың» шекара заставасы орналасқан. Капитан Алмас Досқараев басқаратын шекарашылар ауыл адамдарымен етене араласып кеткен. Қажет болған жағдайда шекарашыларға көмек етіп, қол ұшын беру үшін тұрғындардан ерікті жасақшылар құрылған.
Бірде, елсіз құмда шекара шебін күзетіп жүрген сарбаздар мотор дыбысын естігендей болады. Үніне қарағанда құдықтан су тартатын немесе жарық беретін дизельді агрегат сияқты… Ал, мұнда отырған шопандар ауылы жоқ. Бұл сарбаздардың сезігін ұлғайта түсті. Сол күні шекара отрядының десанттық-шабуыл­даушы заставасы құм кешіп, қалың сексеуілдердің ішін шиырлап, із кеседі. Суырма құм әлі бетін жауып үлгермеген жаңа ізге түскен шекарашылар ақыры кешке таман сай ішінде қаңтарулы тұрған «УАЗ» көлігінің үстінен түседі. Төбе басына шыға келген шекарашыларды көріп, қапы қалғанын сезгендер дереу қашпақшы болады. Бірақ, кеш қалды.
Қалың сайдың ішіне тігілген қоста екі адам қолға түседі. Қызыл­орда қаласының тұрғындары екен. Олар қарасора егумен айналы­сып жүргендер болып шықты. Жай­қалып өскен улы өсімдікті мұқият іздемесе, бірден байқау қиын еді. «Бақшаның» басына сексеуілден қос жасалыпты. Бір қызығы, мұнда «диқандардың» күнделікті өміріне қажетті жағдайдың барлығы дер­лік жасалған. Азық-түліктің мол қоры жасақталған. Тамақтарын дайын­дауға газ баллондарын пайдаланыпты. От жақса, түтінді байқап қояды деп секемденсе керек. Қостың қасында су скважинасы бар. Осыған қарағанда, қарасора өсірушілердің жоспарларын іске асыруға мұқият дайындалғандары көрініп тұр. «Алқапты» суаруға пайдаланатын дизельді агрегаттың үстінен шыққан кездерінде шекарашылар мән-жайды бірден түсінді. Дырылдаған даусы алысқа кететінін білетін контрабандашылар қылмыстарын жасыру үшін дизельді тек таң алдында, маңайдағы ауыл адамдары ұйқыда жатқан кезде қосатын болған. Тек, олар өздерінің шекара аймағында екенін, мұнда құс ұйқылы шекарашылар мен олардың қырағылықты ешқашан естерінен шығармайтын көмекшілері бар екенін ұмытып кеткен сыңайлы. Ертеңіне келіп жеткен құзырлы мекеме қызметкерлерінің қатысуымен 344 түп қарасораның көзі жойылды. Сөйтіп, мол пайда табудың жолына түскендердің арам ойлары іске аспай қалды. Бұл операцияға тәжірибелі шекарашылар тартылды. Олар қызмет итінің аға нұсқаушысы, сержант Жеңісбек Бектібаев, ефрейтор Нұржігіт Жүстаев, қатардағы жауынгерлер Рамиль Ирисбеков, Темірхан Ильмурадовтар еді.
Тағы осындай сора алқабын «Тұщы­құдық» заставасының шекара­шылары да қызмет барысында әшкере қылды. Айдарлы елді мекенінің қасынан көлемі 100 шаршы метр аумақта қолдан өсірілген қарасора егістігін анықтаған. Мұнда  есірткі өсімдігінің 2043 түбі түп-тамырымен жойылды.
Бұл – Қызылорда шекара отряды үшін шекара шебінде өрбіген жалғыз оқиға емес. Соның ішінде бір ғана «Қосшың» шекара заставасының шекарашылары қаншама заңсыздыққа тосқауыл қойды. Бір мысал, өткен жылы заставаның учаскесі арқылы үш жарым тонна мыс пен 700 келіге жуық спиртті көрші елдің аумағына заңсыз асырмақ болған контрабандашылар қолға түсті. Сонымен қатар, еліміздің оңтүстігіндегі қазақ-өзбек шекарасында орналасқан Қызыл­орда шекара отрядына қарасты «Шопанқазған» заставасының наряды шекара бойына үлкен көлемде жасырылған спирт өнімдерін тапты. Олар бір жарым литрлік шөлмекке құйылған спирт өнімдері бар 200 қапты тәркіледі. Әр қапта 25 дана шөлмектен шыққан. Бұл контрабандамен айналысатындар үшін үлкен соққы болды. Шекарашылардың қырағылығы арқасында заңсыз сау­даның жолдары осылайша кесілуде. Бұл Отан алдындағы адалдығына берік шекарашылардың ел шебін көздің қарашығындай қорғап тұра­тындығының белгісі.  

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<