Елімізде 2 млн 236 мың зейнеткер бар

1430

0

1 қазан күні елімізде Қарттар күні аталып өтілуде, деп хабарлайды Egemen.kz.

Халықаралық қарттар күні – 1990 жылы 14 желтоқсанда БҰҰ Бас ассамблеясында бекітіліп, жарияланды.

Бұл мереке елімізде жыл сайын аталып өтіледі. Және оның аясында қарттарға құрмет көрсетіліп, түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылады.

Атап айтқанда, қарттарға құрмет көрсету акциялары, мемлекет тарапынан біржолғы қаржылай көмек, сондай-ақ, азық-түлік себеті, шипажайларға жолдама және тағы басқа. Сол секілді, егде жастағы жандарға арналып мерекелік концерт те ұйымдастырылады.

Одан бөлек, қарттарға арналған ауқымды шараның бірі «Белсенді ұзақ өмір» ұлттық жобасы.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі былтыр қолға алған жоба аясында еліміздің барлық өңірлерінде белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарын ашу жоспарланған. Жоспарға сай онда егде жастағы жандар бос уақытын өткізе алады. Аталған орталықта ағылшын тілін үйрену, компьютерлік сауаттылық курстарынан өту, емдік дене шынықтыру, би және тағы басқа шараларды өткізу қарастырылған.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі берген статистикаға сүйенсек, бүгінде елімізде 2 млн 236 мың қарт жан (зейнет жасындағы) бар. Айта кетейік, аталған мереке қарсаңында биыл елордада 84 867 зейнеткерге әлеуметтік көмек көрсетілетіні хабарланды.

Қала әкімдігі ұсынған мәліметке сәйкес, қаржылай көмектен бөлек, волонтерлердің қатысуымен қарттар күніне орай концерттік бағдарламалар, қоғамдық орындарда гүлдер тарату, қарттар үйінде сенбілік және зейнеткерлерге экскурсия өткізу жоспарланып отыр. Және аталған іс-шаралар 3 қазанға дейін жалғасады. Сонымен қатар, елорда әкімдігі қарттар күніне орай өтетін барлық іс-шараларда санитарлық талаптардың толықтай сақталатынын жеткізді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<