Еріктілердің жұмысы ерлікпен тең

509

0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Ерікті болу – жақсылыққа бастайтын игі іс. Облыста осы бағытта көптеген шаралар өткізіліп, оң бастамалар қолға алынған.

Олардың қызметтері ел үшін өте маңызды. Осыған орай, бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастырылған жастармен жұмыс жасау бөлімінің басшысы Шыңғыс Нүрекеш халықаралық еріктілер күні аясында ұйымдастырылған іс-шараларды баяндап берді.

– Облыстық жастар ресурстық орталығының бастамасымен 27 қарашадан бастап Халықаралық еріктілер күніне арналған әртүрлі бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, «Ерікті болу оңай» ұранымен қысқы мейірімділік апталығы аясында қарттар үйінде «Қарттарым асыл қазынам» тақырыбында мерекелік іс-шара өтті. Кеш барысында қарттар үйінің ауласында қысқы тазалық жұмыстары жүргізілді. Одан бөлек, «Мен волонтермін!», «Менің үлесіме баға жетпейді!», «Бұл сенің таңдауың!» атты акциялар мен челлендждер әлеуметтік желілерге жарияланды. Қоғамдық жұмыс қызметкерлеріне арналған «Кел шәй ішейік!» атты қайырымдылық акциясы өткізіліп, ыстық шәй мен түрлі тәттілер таратылды. Сондай-ақ, «Донор бол» ерікті түрде қан тапсыру акциясы өтіп, облыстық жастар ресурстық орталығының қызметкерлері қан тапсырды, – деді Шыңғыс Талғатұлы.

Волонтерлік жұмыс – патриоттық сезімнің белгісі. Себебі көмек қолын созып, жығылғанға жәрдемдесу қанымызға сіңген қасиет. Осы орайда облыс бойынша жыл басынан бері «Волонтерлар фронт-офисының» тікелей ықпалымен 150 шара ұйымдастырылып, оған 3500-ге жуық ерікті тартылған.

– Жыл көлемінде сырбойылық волонтерлер мен жомарт жандардың көмегімен аз қамтылған жандарға жан-жақты көмек берілуде. Одан бөлек, Абай облысында болған алапат өрт кезінде де еріктілеріміз белсенділік танытып, зардап шеккен тұрғындарға қаржы жинады. Сондай-ақ, облыстық волонтерлер фронт-офисі жанынан құрылған «Әлеуметтік дүкеннен» жыл басынан бері 1000-нан астам отбасыға әлеуметтік көмек беріліп, көшпелі жәрменкелер ұйымдастырылды. Бүгінде өңірімізде 27 волонтерлік ұйым бар, – деді облыстық «Волонтерлар фронт офисінің» жетекшісі Болатбек Айтбенбетов.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<