Ерте қамданғанның есебі түгел

368

0

Ерте қамданғанның есебі түгел Ауыл шаруашылығы саласы – ауыл экономикасының басты тірегі. 

Ел байлығының негізі саналатын саланы жандандыру, оған жаңа технологиялар енгізу, агроөнеркәсіп кешенін ғылымға негіздеу жайы – Елбасының назарындағы  мәселе. Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауларында саланы дамытудың жолдарын айқын көрсетіп келеді.   

Аграрлық саламен қатар өнеркәсіпті де өрістетіп келе жатқан Шиелі ауданы ауылшаруашылық бөлімінің мәліметтеріне назар аудардық. Үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығында аудан бойынша, барлық төрт түлік мал санында өсім бар. Атап айтсақ: мүйізді ірі қара 55688, қой мен ешкі 91041, түйе 1469, жылқы 14925 бас және аудандағы  құс саны 38091-ге жетіп отыр. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда мүйізді ірі қара – 113,7 %, қой мен ешкі – 110,7 %, түйе – 104,7 %, жылқы – 107,9 % және құс – 140,5 %-ке өскен. Мемлекеттік қолдаудың арқасында асыл­тұқымды ірі қара 602 басқа, асыл­тұқымды қой 8272 басқа, жылқы 144 басқа және түйе 380 басқа жеткен көрінеді. Алдағы уақытта мал басын молайта отырып, олардың амандығын да назарда ұстау қажет. Оның бір жолы – жаз айларында мал азығының берік қорын жасау екендігі түсінікті. Бұл шаруа қандай дәрежеде атқарылып отыр? Мәліметке назар аударып көрелік.  «2018-2019 жылдың қысына мал азығының қорын жасақтау мақсатында шөп дайындау межесі 113 мың тонна болды. Қазіргі таңда жоңышқа шөбінің екі орымы орылып дайындалды, орта өнім гектарына 70 центнерді құрады.  Аудан бойынша барлығы 70,2 мың тонна шөп жиналды. Оның ішінде жоңышқа 33 мың тонна, табиғи шөп 37 мың тонна. Бүгінгі күнге жоспар 62 %-ке орындалып отыр. Шаруалар  мал қыстатуға арналған қора-жайын әзірлеп, дайындық жүргізуде», – дейді ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары.

Мал азығын дайындау науқанында Ақмая, Төңкеріс, Бидайкөл шаруа қожалықтары қалыпты еңбек ұйымдастыра біліп, аудан бойынша алдыңғы қатардан көрініп келеді. Өзгелерінің де осы озық шаруашылықтар қатарына теңелуге күш салғаны артық болмас еді.

Биылғы жылы ауданда 9904 гектарға малазықтық дақылдар егілген екен.  Оның ішінде 3035 гектары жаңа жоңышқа, 6869 гектары ескі жоңышқа. Алайда, жоңышқа бағасы жылдағыға қарағанда анағұрлым жоғары. Кіші тайланған шөп бумасы 350-380 теңгеге саудаланады.  Өткен  жылы баға 280-300 теңге болған еді. Табиғи шөбіңіз де 300 теңгені маңайлайды. Демек, екпе шөптің көлемін қысқартпай, арттыра түсу шаруашылықтар үшін пайдалы болмақ деген сөз. Бұл ертеңгі күннің бір бағдары десек, артық болмас.

Иә, тамыз айыңыз да тәмам­далуға айналды, ұзамай күріш орағы басталады. Сондықтан шаруашылықтар мен жеке қожалықтар үшін мал азығын дайындау барысында шалт қимыл қажет екендігі түсінікті.

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

 Шиелі ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<