Кекілін кескен кер атым-ай…

1861

0

Шаш адамның көркі ғана емес – энергиясын сақтап тұратын қаруы, яғни, өріс қуаты. Тіпті, ғалымдар шаштың ғарышпен байланысы бар екенін дәлелдеген. Сондықтан біздің аналарымыз шаштың күтіміне, әсіресе қыз шашының күтіміне ерекше мән берген.

Әйелдің энергиясының көп бөлігі шашта сақталады екен. Басын тықырлап алдырған қызға қызығар ма едіңіз? Жоқ. Өйткені, оның энергиясы жоғалды, сондықтан көз тоқтататын тартылыс күші болмайды.

Ұзын шашта энергия да көп. Шашты неғұрлым қысқа қиған сайын, соғұрлым әйелдің энергетикасы азая түседі. Қазақтың «шашы ұзын, ақылы қысқа» деп ақылды шаштың өлшеміне салуы тегін бе? Әз Тәукенің «Жеті жарғысында» өлім жазасынан кейінгі ауыр жаза шаш кесу деп көрсетіліпті. Ал, кешегі өткен шовинизм бодауы біздің әпкелеріміздің шашын түбінен қидырды ғой.

Шаштың адамдағы құпия ішкі түйсікті байлап алу қасиеті де бар. Оның себебі, шаш ғарыш қуатын шашып тұрады. Мұндай тылсым күштің шашқа қалай даритынын толық білмесе де, қызығып зерттеу­шілер қайран қалып мойындаған.

Мәселен, жігітті ұнатқан қыз оның алдында шашын саусағына орап ойнағандай түр көрсетіп тұрса, сол да жетеді. Сол қылығымен ер адамның сезімін өзіне байлап алады. Бірақ, «бұрымын он күн тарап, бес күн өрген» деген сөздің бұл сүйіс­пеншілікке қатысы шамалы. Оның мәнісі шаш сырт­тағы жаман энергияны да өзіне жинайды. Әжелеріміздің шашын алдына алып, асықпай ұзақ тарап отыратынын көрген шығарсыз. Сонда әжеңіз сәнденіп отырған жоқ. Ол тарақтың көмегімен шаштағы зиянды энергияны, жамандықты тарап түсіріп отыр. Сондықтан шашты жиі жуып тұру пайдалы. Жуу – тек кірден арылту деп ойламаңыз, шашқа жабысқан бөтен энергиядан, реніш-өкпе, нала секілді жамандықтардан тазалану. Біреуге ренжісеңіз – сөз жоқ, жаман энергияңыздың көбейгені, ондай кезде шашыңызды жусаңыз, бірден жеңілдейсіз.

Егер әйел адам шашын жақсы күтіп-баптаса, ұзын қылып өсірсе, ол орасан зор күш-қуатқа ие болады. Мұндай әйелдердің түйсігі қатты дамиды. Үйінде береке-бірлік орнайды, қабілеті артады.

Шаштың осынша кие-құты бар екенін жақсы білген бұрынғылар оны қиғанда не алдырғанда жерге көміп тастаған. Өйткені, қиылған шашта сол адамның киесі бар, мұны коды деп те айтуға болады. Сиқыршы дұғашылар сол кодты пайдаланып, оның егесін дуалай алған. Қазіргі заманда да ондай арам пиғылдыларды кездесе қоймайды деп айту қиын. Олай болмаған күнде аяққа басылған сенің кодың өзіңе жағымсыз әсер әкелуі мүмкін. Қазекем мұны «шашыңды құс іліп әкетеді, жаман болады» деп түсіндіріп, шүберекке орап, көмдірген. Ал, заманауи шаштараздар шашыңды алып, оны сыпырып қоқысқа лақтыра салады. Сол шаштараздарды оқытқанда осы тыйымдарды айтатын мұғалім жоқ та шығар.

Қазақ атам ерлердің де шашына бала күнінен мән берген. Балаға жас кезінде кекіл қойып, айдар шаш өсірген. Аталарымызда «жетімнің желке шашы» деген де болыпты. Ол не? Қазекем қай баланың ерке, қай баланың қорғансыз екенін осындай сырт белгілерінен білсін деген. Сөйтіп, оларға мейірімділік таныту мақсатын көздеген. Қазіргі күнгі ата-аналарда сол үрдістерге оралу талпынысы бар. Бірақ, оны да көбіне сәндік үшін ұстанады. Сондықтан, олар салттың қайсы, сәннің қайсы екенін өздері де ажырата алмайды. Айдар дегені желке шаш болып кетеді. Айдар шаш – баланың төбе орайындағы туғаннан алынбаған бір шоқ қарын шашы. Айдар шашты баланың қыр арқасына дейін түсірген. «Айдарлы бала – айбарлы бала» деген. Десе дегендей, айдар шаш өріс қуатты өте көп жинай алған. Сондықтан, ересек адамдар да, батыр­лар да айдар шаш қойған. Мәселен, тарихта Кенесарының інісі Наурызбайдың айдар шашы болғаны айтылады.

Кекілге келсек, бабаларымыз «кекілге періште ұялайды» дейді. Дінді жақсы білетіндерден сұраңыз, бала бес жасқа дейін періштелердің қорғауында болады. Періштелер өте сұлу болғандықтан олар сұлу мекенді таңдайды. Ендеше, баланың кекілі оның ең сұлу жері болып тұр ғой. Ғалымдар да, журналистер де осы қазіргі біз айтып отырған әңгімелерді «халқымыз киесі бар деп есептеген», «періште ұялайды деп сенген» деген сөздермен жеткізеді. Басқаша түсіндіруге бармайды. Бұл – ұлы сананы ұмыттырған кеңестік кезеңнен келе жатқан тұжырым. «Рухани жаңғыру» бізді осындай тұжырымдарды бұзып-жаруға бағыттайды. Біз ата-бабаларымыздың дүниетанымы аса жоғары дәрежеде болғанын ғылыми, ладуни дәлелдермен сипаттай білу жолын үйренуіміз керек. 

Мен осы тақырыптарды көбірек зерттеп жүрсем де, сөзімде әйел шашына қатысты айтыңқырадым. Қазақ атам ерлердің де ұзын шаш қоюын құптаған. Пайғамбардың «Кімнің шашы болса, оған икрам етсін» деген, яғни, құрмет көрсетілсін деген хадисі тегін емес. Аталарымыз осыны білген.

Баяғыда «Кекілін кескен кер атым-ай, кішкентайдан бірге өскен бекзатым-ай» деп өлең айтушы едік. Әкелеріміз сол өлеңнің өзінде де атты емес, адамды айтқан екен ғой. Өйткені, кекілді баланың қабақтағы қасына жеткізбей қиып отырған.

Сондай сұлу, сүйкімді кезіңіз есіңізде ме?..

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<