Кейбір студенттік жатақханалардың тозығы жеткен

258

0

Қызылорда облысында жатақханаға мұқтаж үш мың екі жүз студенттердің тек үштен бір бөлігі студенттік жатақханалардан орынмен қамтылған. Кейбір студенттік жатақханалардың тозығы жетіп, арнайы жөндеу жұмыстарын қажет етіп отыр.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің бастамасымен құрылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы мониторингтік топ мүшелерімен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжі, М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық жоғары колледжі, Қызылорда медициналық жоғары колледжі және Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжі жатақханалары тексерілді.

Басты мақсат жатақханалар қызметіне қоғамдық бақылау орнату арқылы жемқорлық көріністеріне жол бермеу және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау болып табылады.

Рейд барысында студенттік жатақханалардың мақсатты пайдалануы, оның ішінде, өзге санаттағы азаматтардың және отбасылардың негізсіз тұруын болдырмау басты назарға алынды.

Арнайы мониторингтік топтардың жүргізген қарауы нәтижесінде студенттік жатақханаларда отбасылардың тұрып жатуы анықталған жоқ.

Алайда, қарау барысында И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық колледжінің студенттік жатақханасында өзге оқу орындары студенттерінің негізсіз тұрып жатуы анықталды.

Рейдтік қарау қорытындысымен облыстық білім басқармасына тиісті ұсыныстар енгізіліп, аталған колледж директорының орынбасары Ғ. Мамытов тәртіптік жауапкершілікке тартылды.Рейдтер алдағы жалғасын табады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<