Кимешек қайда кешегі?

1434

0

«Неменеге жетістің бала батыр,

Қариялар азайып бара жатыр.

Бірі мініп келместің кемсіне,

Бірі күтіп әнекей жағада тұр». Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев қазыналы қариялар жайлы осылай жырлаған еді. Иә қариялар  азайып бара жатыр. Сан жағынан ғана емес. Жүзінен аталық пен әжеліктің мейірлі келбеті көрініп тұратын жандар сиреп кетті. Бәлкім, заман ағымы дерміз әйтеуір, ақ сақалды ата мен ақ жауылқты әжені көзіміз көруден қалып барады.

Бірде дүкенге барсам, орта жастағы әйел адам қасында кішкене балақаймен оны-мұны алып жатыр екен. Сырт келбетіне қарасаң әп-әдемі  шашы қысқа, қасын қиықтай етіп қойған, аяғында биік өкше аяқ киім. Кенет қасындағы балақай «әже мынаны да алып берші» деп қалды. «Әже» деген сөзі естіп әлгі әйелге назарымды аудардым. Құдды жас келіншек сияқты жасанған жанның жас шамасын білгім келіп бардым. Сүйтім де сұрақты төтеліп қойдым. – Ау балақай әжең ба, анаң ба, – деп  сұрақ тастаған едім әжесі әңгімге араласып кетті.

– Алпысқа жақындап осындай бала тапсам қалай болар екен. Немерем ғой. Дүкенге барам десем жабыса еріп шығатын әдеті бар, – деді.

Мұнан әрі әңгіме үзіліп бейтаныс жандар өз жөніне кетті. Содан көпке дейін ойымда әжем жүрді. Менің әжем қандай еді. бүгінгі әжелер қандай? деген салыстыру санамнан шықпай қойды. Иә, замана көші ілгері басып келеді. Соған сай адам да өзгеруде. Қазіргі адамдар қартаймайтын болған ба деп қалам. Алпысқа жақындаған әжелер мен аталар орта жастан енді асқан адам сияқты жасанып алады. Аналар кимешек былай тұрсын жаулық та тақпайтын болған. Мұның бәрі біздің салт санамызға кері әсерін кейгізбей қоймайды.

 Мен әжемнің қызы болдым. Жанынан бір елі ажыраған емеспін. Сүйтіп жүріп әңгімесіне қанық болып өстім. Өзі жастайынан бейнетті көп көрген. Мен ес білгелі әжемнің жанында ұйықтайтынмын. Түні бойы оны-мұны сұрап әжемнің әңгімесін тыдағанды жаным қалайтын. Бірде әжеме:

– Әже атамды жақсы көріп үйлендіңіз бе? – деп сұрадым. Әжем күліп:

         – Ай тентегім ай, сен де қайдағыны сұрайсың-ау, ол кездері қазіргідей жастар бірін бірі таппайды. Әке-шешеміз сөйлесіп, құдандаласып сен барасың сонда дейді, біз қарсылық көрсетпейміз, – деді.

         – Сонда атамды жақсы көрмей үйлендіңіз бе?

         – Неге олай ойлайсың? Жақсы көрдім. Атаң өзі сұңғақ бойлы, келбетті жігіт болды. Соғыстан жараланып оралды. Содан бір аяғын сылтып басатын еді. Атадан жалғыз ұл. Мен 3 ұлдың ортасындағы жалқы қызбын. Анам қанша құрсақ көтерсе де менің алдымда бала тұрақтамаған екен. Содан мен өмірге келгенде кіндігімді ырым қылып таспен кесіпті. Менен кейін бала тұрақтады. 3 ұл туды. Мен де ажарсыз болған жоқпын. Шаштарым қою қара, қалың болды. Және ұзын еді. Екі жаққа өріп қоятынмын.

         – Қазір шашыңыз селдіреп қалған ғой

         – Иә, қазір шаш қаламады. Сол кездері басыма қаптап жара шыға бастады. Анам марқұм көз тейді деді. Жара болғанда қандай дерсің?! Шашымды сыпырып алып тастауға мәжбүр болдым. Қыздың шашын қиғаны ол кезде ұят нәрсе болатын. Сондағы жылағаным әлі есімде. Кейін қайта шықты ғой. Бірақ бұрынғыдай болмады, – деп әжем бір күрсініп алды. Содан ұйқыға ыңғайланды. Күбір-сыбыр етіп, елдің тынышығын, ұрпағының амандығын тілеп жаратқанға жалбарынып жатыр. Менде ұйқы жоқ. Әжемді әрі мазаладым.

         – Әже.

         –Ммм

         – Атаммен неше жаста үйлендің.

         – Ай, балам ай, қоймадың ау. Мен ол кезде 18 жаста болдым. Атаң 25-те еді. Соғыс біткен соң 2 жылдан кейін елге оралды. Содан бірден біздің үйге құда түсе келіп, мені алып кетті. Қазір жастар үйленсе бөлек бөлмеге керек. Ол кезде ондай ой жоқ. Мындай зәулім үй де жоқ. Жаз жайлауда мал бағамыз. Қыста жер астынан зілмәнке қазып, қамыстан ши тоқып сонымен бөліп қоямыз. Мына сегіз баланы перзенханада туған жоқпын. Сонда да аллаға шүкір денсауылқтары жақсы. Ол кезде үйде енеміз босандырып алатын. Содан өзі-ақ барлық жөн жоралғысын жасайды. Тіпті үшінші қызым Бағирашты егін басында туып қалғам. Тап күздің уақыты болатын. Күн күрт суытып егінді жинау керек болды. Қол күші жетпей жатыр. Содан ай күнім болып отырса да сыр білдірмей бардым. Егінгі кетіп, арқама баламды байлап келгенде атам мен енім шошып кеткен.

         Әжемнің әңгімесі осы жерден үзілді. Әрі қарай мен ұйықыға кеттім. Әжем бос сөз, өсек дегенді мүлде айтпайтын. Бізді де артық ауыз сөйлей бастасақ, «тәйт әрі» деп тиып отыратын. Өзінің суырып салма қасиеті де болды. Бізге «Сауысқандай сыңқылдап күлгенің жетер басыңа, тымсырайып отырасаң кім жуиды қасыңа» деп өлеңмен ақыл айтатын. Сондағысы жеңіл табиғатты болсаң, басың бейнет тілейсің. Салмақты жүрсең бәледен аулақ боларсың дегені ғой.

Өзі ер адамды піріне балап жоғары құметтейтін. Тіпті менің әкемнің алдынан кесе өтпейтін. Бізге де бала тәрбиесінің озық үлгісін көрсетті. Ылғида «Еккен ақыл болмаса, сепкен ақыл не болсын» деп қандай қасиеттің болмасын ананың сүтімен берілетіндігін ескертіп отырушы еді. Алланың берген ырызығын пайдалана білмесең кепетіне ұшырайсың деп анама айран пістырып, дастарқаннан құрт пен ірімшік, май үзілмейді. Бірде тіпті кәдімгі кір сабынды қалай жасағанын айтып берді.

– Біздің кезімізде көп нәрсені қолдан жасайтын едік. Тіпті кір жуатын сабынды да. Сексеуілдің күлі мен сүйекті қайнатып сабын қылатынбыз. Қазіргі сабындардың иісі жаман қолқаны алады. Ал біздің қолдан жасаған сабынмен жуылған киімнен балғын иіс шығатын деп салыстырып отырады.

Өзі өмірге 8 бала әкелсе де, екі баласы қыршы киылды. Олардың өлімі әжеме ауыр соққы болды. Жылай, жылай екі жанардан айырылды. Өзін кінәлайтын. Жаратқанға «Еее, құдай мені ал. Балаларымды аман сақта» деп тілейтін. Соған қарап бала біздер «әжем алжыған ба? Өзіне өлім тілеп отырғаны несі» дейтіндіз. Сүйтсем,  бәрінен де анаға баласының өз қолымен жер қойынына тапсырудан асқан қасірет жоқ екен-ау. Өзі 84 жасында өмірден озды. Бақиға озарында бар айтқаны: «Бір-біріңе қамқор, тату болыңдар». Бағамдап қарасам, бұл оның өсиеті екен.

Қарап отырсам әже деген әдемі аттың үлгісі осы кісілер сияқты. Ақ жауылығын тағынып, етек-жеңін жабынып, аузынан дұғасы мен ұлағатты сөзі түспеген жан. Осындай жанның немересі, шөбересі болу да бір бақыт екен.

Назерке МАРАТҚЫЗЫ,

Арал ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<