Көп сыр бүккен мұнара

1900

0

Сыр бойында сақталған ХІХ ғасырдың еңселі ескерткіштерінің бірі – Көтібар мұнарасы. Ол облыс орталығынан 35 шақырым қашық­тықта, құмдауыт жазық жердегі қо­рымда орналасқан. Мұнара қам кесектен тұрғызылған, негізгі аумағы 4,1, биіктігі – 9,5 метр.

Мұнара бітімі дөңгелек, төменгі бөлігі цилиндрлі, ортасынан сәл төмендеу жерден бастап күрт тарыла түскен, жоғарғы бөлігі кесілген. Ішкі қимасында төрт қоңырау тәрізді деңгей орналастырылған. Тас төбелік ойықтармен біріккен.

Облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі мекеме дерегінде мұнара алғашында биіктеу жерге салынғаны айтылады. Көтібар мұнарасы Сыр бойындағы 50-ден астам асарлар сияқты – тарихи-мәдени құндылығы жоғары ескерткіш. Мұнара қасында кесенесі орналасқан.

Сыр өңірін Қоқан басқыншыла­рынан азат еткен шайқастарда көзге түскен батыр Көтібар Итаяқұлы шамамен 1825-1830 жылдар аралы­ғында қазіргі Сырдария ауданы Н.Ілиясов ауылы төңірегінде дү­ниеге келген. (Ескіше, Перовск уезі «Царская» болысының жетінші ауылы). Әкесі Итаяқ дәулетті, мұрап болған кісі. Ізінен су ертіп, айналасын ну еткен мұраптар жергілікті халық үшін де, кейін осы аумаққа қоныстана бастаған орыстар үшін де қадірлі болған. Көтібар батыр да әке жолын қуған. Оның Қызылорда қаласының орталығындағы «Сарқы­рама» каналын қаздырғаны туралы деректер де айтылады. Осыған орай ел ішінде «Арық ақсақал» атанған. Оның үстіне Көтібар Қоқан хандығы бектерінің Сыр бойы халқына жүргізген озбыр саясатына қарсы тұрған адам. Қоқан бектерінің Сыр бойын жаулап алу саясатына қарсы тұрып, көрсеткен ерлігі үшін «Орыс-қырғыз жүз­басы офицері» деген атағы берілген.

ХХ ғасырдағы қуғын-сүргінге батыр әулеті түгел іліккен дейді тарихшылар. «Бай баласысыңдар» деген жаламен 1937-1938 жылдары Итаяқ әулетінің ұлдары Әлмағамбет, Пір­мағамбет, Жанғабыл, Ибраhим­дер ұсталған. Ұрпақтары сауатты болған. Әсіресе Ибраhим Пір­ма­ғанбетов Ташкенттегі САГУ-дың жұ­мысшы факультетінде оқу ісінің меңгерушісі, 1930-1940 жылдар аралығында Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Ғабит Мүсіреповтің іс жүргізушісі болып та қызмет еткен. Ол жайлы Қ.Жұ­мағалиевтің «Жайсаң жандар» атты естелігінде айтылған. Сондай-ақ, алғашқы әскери қазақ дәрігері Әли Көтібаровтың атында Қызылордада көше бар. Бұлардың ішінде дәм-тұзы таусылмай елге оралғаны Көтібардың ең кенжесі Жанғабыл Көтібаров болды. Бүгінде қайраткердің Омар, Әлмұхамед, Пірмағанбет, Нұрекеш пен Нәрекеш есімді ата жолын қуған ұрпақтары түрлі салада қызмет істейді.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<