Нөлінші қатар

1060

0

Басқа шаhарларда қалай еке­ні белгісіз, ал енді Ақшатыр қала­сындағы театр мен мәдениет  үйінде аса қымбат, аса қасиетті, аса қадірлі бір орын бар. Оның құндылығы сон­шалық – осы сарайлардың қол­ды-аяқтай қызметкерлері бұл орын­ды қызғыштай қориды, көздің қара­шығындай сақтайды.

Жо-о-оқ, тек бұлар ғана емес, анау әкімшілік де­ген әйәй үйлерден бастап бүкіл басқармалар мен бөлімдер, үлкенді-кішілі мекемелер мен ұйымдардың да ләппайға зар мамандары өстеді. Яғни, осынау өте бағалы орынды балапанын жы­ланнан қорғаған қарлығаштай қо­риды. Рас, түрлі мекеме-ұйым­дар­­дың өкілдері өздеріне қатысты жи­­ындар кезінде ғана «қорғанысқа» шы­ғады. Ал әкімшілік пен мәдениет са­рай­ларының «сарбаздары» үнемі, тұрақты түрде «қорғаныста» болады. Олардың сол орынды көпшіліктен, қара халықтан шыр-пырлары шығып, шырылдап, жұртпен ұрсысып, ай­қайласып қорғайтындары сонша, апы­рым-ай, ол жерде ат басындай алтын бар ма екен, әлде тиіп кетсең гүрс етіп жарылатын мина қойылған ба деп ойлайсың.

Сонымен көздің қарашығындай сақталып, мемлекеттік шекарадай қор­ғалатын нендей керемет дерсіз. Айтайық. Ол – театр мен мәдениет үйіндегі нөлінші қатар! Аталған өнер ордаларындағы пәлен жүз орын­дықты қақ ортасынан екіге бөліп тұратын нөлінші қатар! Оның келбеті де ерекше. Ұзыннан-ұзақ қатардың екі жақ бүйірінде – екі есік. Сол есіктердің екі аралығын жалғайтын, қатардың алдымен созылған жол. Оған қып-қызыл жолкілем төселген. Ал қатардағы қаздай тізілген орын­дықтар аппақ матамен қапталған. Со­дан да олар өзге отырғыштардан ай­рықша, айшықты болып көрінеді. Салтанатты, сәнді де мәнді, маңызды болып көрінеді. Осы себепті оған отыратындардың жәй көрермендер емес, «ерекше жаратылған жандар», «айрықша адамдар» екенін ұғасың. Сөйтесің де ол аймақтан алпыс метр аулақ жүресің. Ал осы нөлінші қа­тардың қасиетін білмейтін, оған жай­­ғасатындар жәй, қарапайым, қа­ра­­байыр пенделер емес, өңкей игі жақ­сылар, атқамінерлер екенін білмей, өңмендей келіп ұмтылатындар, оты­руға талаптанатындар қаншама?! Ха-ха-ха! Иә, отырарсың. Отырғызар сені!

Ой-бүу, несін айтасың, әуелгі кез­де, сол нөлінші қатардың нендей «құдірет» екенін білмейтін, өзі де нөл кезінде бұл да талай рет ұрын­ған. Қайдан білсін, мәдени шара бас­талуға бес-он минут қалғанда алқын-жұлқын кіріп келген. Сөйтсе, ине шаншар орын жоқ. Зу етіп орта тұстан бір-ақ шықты. Оh, тапты! Ақ шағаладай боп қаз-қатар тізілген аппақ орындықтардың ана басында қарайған екі-үш адамнан басқа ешкім жоқ. Жақсы болды-ау. Дереу отыра қалды. Сол-ақ екен, сыптай боп киін­ген бір қыз жетіп келді.

– Апай, тұрыңыз, бұл жерге отыруға болмайды.

– Неге, бос тұр ғой?

– Жо-жоқ, бос емес, қазір келеді.

– Кім әуелі келсе, сол отырмай ма, тұрмаймын, мына басқа орындар да бос қой.

– Жо-жоқ, сөзді қойыңыз, бұл орындардың бәрі бос емес, қазір құр­метті кісілер, әкімшіліктің адамдары келеді.

– І-і-і…

Бұл орнынан тұрам дегенше дәл сондай сыптай киінген тағы бір қыз ба, келіншек пе келді де:

– Апай, болсаңызшы тез, боса­ты­ңыз орынды, – деп дігірлей жө­нелді.

– Қарағым-ау, тұрып жатырмыз ғой…

–  Дабай, дабай, болыңыз тез, көп сөйлемеңіз.

Ол бір қолымен арт жақты сіл­теп, екінші қолымен қолтығынан деме­гендей ұстап, дедектетіп жіберді. Бұл бұрылып әлгінің бетіне қарап бір­деңе дейін деді де, «қой, көптің кө­зінше шапылдаспай-ақ қояйын» деп кете берді. Арт жақта да бос орын көрінбейді. «Ей, мейлі, құрысын» деп шығып кетіп бара жатыр еді, бір қыз бала ұшып түрегеліп:

– Апай, апай, мында отырыңыз, менің орныма отырыңыз, – деп ал­дына кесе-көлденең тұра қалды.

– А-а?

– Мына жерге, мына орындыққа отырыңыз.

– Қой, айналайын, өзің қайтесің? Өзің отыра бер.

– Өй, апай, қазір мен тауып алам ғой. Арғы шеткі бөлікте орындар бар шығар.

– Олай болса, рақмет, жаным, өркенің өссін! …

Ал тағы бірде Алматыдан ат ба­сын бұрған классик жазушымен бо­­ла­тын кездесуге ертелетіп-ақ кел­­ген. Белгіленген мезгілден бақан­дай қырық минут бұрын. Бұлай ертеле­туінің себебі де жоқ емес. Осы өңірден түлеген әйгілі қаламгердің ғажайып шығармаларын оқымаған қазақ кемде-кем. Содан да аты аңызға айналған сүйікті жазушысымен жүз­десіп, уәлі сөзін тыңдауға асыққан ағайынның қарасы аз болмасы белгілі.

Иә, Зәуреш ертелетуін-ертелетті-ау. Бірақ… Толып отыр. Көбі – сол баяғы оқу орындарынан желкелеп қуып әкелетін студенттер. «Қап, – деп ойлады бұл алға қарай өтіп бара жатып. – Бүйтпей-ақ, бүгін зал өз еркімен келетін оқырмандарға, зиялы қауым өкілдеріне, жергілікті ақын-жазушылар мен өнер қайраткерлеріне толатын еді. Қазір енді олар сыймайды ғой».

Амал жоқ, бұл айдап отырып ал­дына қып-қызыл жолкілем төселген, орындықтары ақпен қапталған нөлін­ші қатарға келді. Ана басына дейін көз жүгіртті, ешкім жоқ. Тіпті бір адам да жоқ. «Сөз зергерлерімен кездесуге «үлкен үйдегі» үлкен бастықтар аса ынталы емес еді ғой. Олар келмейтін болса, кіші шенеуніктер де қара көрсетпейді. Сонда мына орындарға кім жайғасады? Өнер иелері мен ақын-жазушылар шығар. Ендеше бұл жерді ешкім қори қоймайды.» Дереу лып етіп отыра қалды. Ой, рахат-ай! Алдыңда қанша адам отырса да, сахна анық көрінеді. Ешкімнің желкесін иіскеп, төбесін тамашаламайсың. Ая­ғыңды емін-еркін созып, кеудеңді кө­теріп, өзіңді кісі сияқты сезіне аласың.

Бұл да сөмкесін жанына қойып, жайланып, кеудесін көтеріп жан-жағына қарап, өзін кісі сияқты сезіне бастаған. Кенет… Қолында әп-әйдік қағазы мен ұшы іп-істік қарындашы бар бір қыз пайда бола кетті де:

– Апай, сіз қайдан келдіңіз? – деп сұрады.

– Үйден, – деді бұл ойланбастан. Расында, үйден келген. Ол қағазына қарап тұрып-тұрып:

– Ой, кешіріңіз, – деді де кетіп қалды.

«Һе, қызық екен». Бұл таңданған күйде арқалыққа жауырынын сүйей бергені сол еді, қолына дәл жаңағы қыздыкіндей қағаз бен қалам ұстаған қылқандай жас жігіт келе қалды.

– Апай, сіз қайдан келіп отырсыз?

– Үйден!

– Жоқ, жоқ, апай, мен шындап сұрап тұрмын, қай жерден келдіңіз?

– Мен де шын айтып отырмын, үйден келдім.

– Жоқ, апай, бұлай болмайды.

– Болмағаны несі?

– Болмайды, үйден келгеніңіз бол­майды!

– Енді қайдан келейін?

– Білмеймін, о жағын білмеймін. Қазір сұрап көрейін.

– Иә, қарағым-ай, сөйтші.

«Ү-ү-үh, мыналардан құтылдым ба, жоқ па…»

Ол жеңіл күрсініп алып, шалқа­йың­қырап отырды. Көзін жұмды. «Тезірек басталса екен…»

– Сіз қайдан келдіңіз?… Қайдан келдіңіз деймін, айтсаңызшы?!

Зәуреш бұл сөздерді санасында қайталанып жатқан әлгі дауыстардың жаңғырығы екен деп ойлаған. Сөйткенше омырауынан істік бірдеңе түртіп-түртіп жібергендей болды. Дереу көзін ашып, кеудесін тіктеді. Дәл алдында қанға батырып алған сияқты қып-қызыл тырнағы сояудай, үстінде денесімен дене болып жа­бысқан тап-тар үйөпкі-көптісі бар, бойы сырықтай ұзын бір қыз тұр. Бұның да ұстағаны ұшталған қарын­даш пен қағаз. Жо-жоқ. Бұл қыздың қолындағы төменнен жоғары қарай ашылатын үлкен қойындәптер екен.

– Сіз қайдан келдіңіз?.. Мен сізден сұрап тұрмын, қайдан келдіңіз деймін? – деп зірк ете қалды.

Зәурештің жыны келіп кетті. Қаны басына шапты. Аузынан қалай шыққанын білмейді.

– Барсакелместен! – деді зілденіп.

– Барса-келмес-с?

– Иә, Барсакелместен! Естіп пе ең ондай жерді?

– Барса-келмес-с. Так-так. Барса-келмес-с.

Ол қойындәптеріне қарындашы­мен нұсқай тұрып шұқшиды. Сірә, тізім болар. Бір бетті бітіріп, екінші бетке ауысты.

– Жоқ! – деді бір кезде. – Жоқ, апай, біздің спискіде Барса… қалай еді… Барса – қайтпастың өкілдері жоқ. Олар бүгін келмеу керек. Біз шақырған жоқпыз.

– Шақырмасаңдар да мен келдім.

– Жоқ, болмайды. Қайтыңыз, сра­зу қайтыңыз!

– Неге?

Өйткені бұл жерге басқа қалалар­дан келген делегациялар мен акимат­тың адамдары отырады. Сізге отыруға болмайды.

Осы кезде бұның желке тұсынан бір кісі:

– Әй, қызым-ау, қайтыңыз дегенше басқа орынға барып отырыңыз де­сейші. Енді келіп қалған екен, көрсін да, – деді.

– Жо-жоқ, болмайды, ағай, бол­май­ды!  – деді ол без-без етіп.

– Болмағаны қалай? Оған көруге болмай ма не?

– Болмайды! Біз командировоч­ныйды қалай төлейміз?

– О-о-оh! Қасқа… қасқа маңдай…

Бұл кезде Зәуреш амал жоқ, ор­нынан тұрып бара жатқан.

– Әй, қарындасым, бері кел, менің жаныма отыр, бір орынды кемпіріме алып отыр едім, келе ме, келмей ме, әлі жоқ. Келе қалса, үшеуміз сыйы­сып отырармыз. Ол да өзің сияқты шынашақтай ғана, – деді әлгі кісі жы­миып.

– Жоқ, ағай, рақмет, кемпіріңіз кеп қалса ыңғайсыз болар. Мен арт жақтан іздеп көрейін.

– Қой, о не дегенің, ыңғайсыз еш­теңесі де жоқ. Кел, кел, дереу отырып ал, – деп үп-үлкен кісі орнынан кө­теріліп қауқылдағасын көңілін қай­тара алмады.

– Қарындасым-ау, нөлебай қа­тар­да нең бар, ол жалпы халыққа емес, әкім-қаралар мен аса құрметті қо­нақтарға арналған орын. О жаққа жолама! Күзеті күшті. Күзетшілері қырағы. Жәй, былайғы адамдарды маңына жуытпайды, – деді бұл жай­ғасып отырған соң әңгімесін жалғай түсіндіріп.

Осы «қызықтан» кейін Зәуреш өзіңді кісі сияқты сезіндіретін арман­дай болған ақ жапқышты қатарға мүлдем жоламайтын болды. Бұрын: «мүмкін мені де осы орынға отыруға тиісті лауазымды адамдардың бірі ғой, сірә немесе бөтен жақтан келе­тін мәртебелі меймандардың бірі шығар дер, сөйтіп тамам жұрттың көзінше жау көргендей тырқыратып қуа қоймас» деп ойлайтын. Солай деп үміттенетін. Ал әлгі «қайдан келдіңіздің» астында қалған қым-қуыт тергеуден кейін жалп етіп сөнген жалғыз жарықтай ол үміті де өшті.

Қазір бұл театрдан ыңғайлы бір орын тауып алды. Ол жер әсіресе спектакльге барғанда жақсы. Биіктеу бөліктегі қатар болғандықтан, бәрі алақандағыдай анық көрінеді. Жақын отырып дәл алдынан қарағанда, назарың көбіне негізгі әрекет ететін актерге ғана ауатын болса, мына жер­ден оқиғаға қатысушылардың бәрін жаппай көріп отырасың. Әртістер сахнаның қай шетінде тұрса да, айт­қан сөздері мен жасаған қимыл-әрекеттері ап-айқын көзге шалынып, құлаққа жетеді. Бұл деген нағыз керемет емес пе?! Тұра-тұрыңыз… Аты дардай «драма театры» деп атал­ғанмен, басқа жерді білмейді, ал Ақшатыр шаһарындағы осы жалғыз театрда жоспардағы спектакльдерден бөлек неше түрлі алқалы жиындар мен жылы-жылы жүздесулер, мерей­тойлар болып жатады. Ал ондай мерекелі, салтанатты басқосуларға үл­кен үйдегі үлкен бастық пен қасын­дағы қошеметшілері қалмай қаты­сады. Олар жыл-он екі айда жалқы рет спектакль көрмеуі мүмкін. Бірақ думанды, дүбірлі шараларға міндетті түрде келеді. Олар келетін болғасын жаңағы көздің қарашығындай сақта­лып, қасынан құс түгілі шыбын ұшыр­­майтын «қасиетті» қатардың кү­зетшілері қырағылығын күшейтіп, жұмыстарын жандандыра түседі. Міне, Зәурештің тапқан биіктеу жер­дегі орны осындай кезде тіпті тамаша болды. Есіктен кірген-шыққан адам­дарды, әсіресе ішке енген сәтте менмұндалап көзге ұратын нөлінші қатарды, сол жердегі іс-әрекетті көріп отыру өте қызық. Иә, бұл орынға кім қызықпайды дейсіз. Ақ шағаладай болып тізіліп тұрған орындықтары өзіне қарай еріксіз тартады ғой, тар­тады. Содан да кіргендердің көбі жа­рыққа ұмтылған көбелектей әуелі солай қарай бұрылады.

Басқа-басқа, әнеугіде екінші жа­һандық соғыстың ардагері, осы ай­мақтың өркендеп, гүлденуіне бір емес, он кісідей елеулі үлес қосқан, ел сыйлайтын ардақты ақсақал Құр­ман Берғалиевтан өте ұят болды. Ақкүміс шашын шалқасынан қайыр­ған, кеудесіндегі орден-медальдары планкісінің өзі бір қарыс болып тұрған қарт кірген бойда оң жағындағы бос тұрған ақшаңқан орындарға жақын­дай берген.

– Ата, бұл жерге отыруға болмайды! –деді алдынан сып етіп шыға келген қыз қолымен қарсылық белгісін жасап.

– Неге, қарағым-ау? – деді түк түсінбеген қарт сәл ентіккен үнмен.

– Бұнда қонақтар отырады!

– Е, мен де қонақпын…

– Қандай? Қандай қонақсыз?

– Қарағым, бұл дүниеге мен де қонақпын, сен де қонақсың…

– Жо-жоқ, мен қонақ емеспін, мен осы жерде жұмыс істеймін, бүгін осы нөлебой рядқа жауап берем.

– Берсең, бере бер.

Қария шаршап кетті, білем, сөзін күрт үзіп отыруға ыңғайланды. Сол-ақ екен:

– Жо-жоқ, ата, отыруға болмайды! Болмайды! – деп шоқ басқандай баж ете қалған қыз екі қолын екі жаққа жайып, ақсақалдың алдына кесе-көлденең тұра қалды. Абырой болғанда, осы кезде дәл ана қыздың үстіндегідей ақ көпті мен қоңыр жеңсіз киген үлкендеу бір әйел келе қалды. Сірә, бәрін көріп, байқап тұрған болуы керек. Ол келе сала:

– Кешіріңіз, аға, кешіріңіз, мен сізді әдемі, бұдан да ыңғайлы, жақсы бір орынға отырғызайын, жүріңіз, – деп қарияны қолтықтап алды.

– А, сөйтесің бе, мейлі, айналайын, мына орындар бос тұрғанға қайдан білейін…жүрегі құрғыр да қысып бара жатқасын…

Қарт майдангер қызметшінің же­тегінде қалт-құлт басып кете барды.

***

Бүгін де театрдың іші лық толы. Мейлі, толса толсын. Көптен бері ақ­шатырлықтар мұндай ауқымды сөз сайысын, яғни аламан айтысты тамашаламаған. Содан да қазақтан басқа ешбір халықта жоқ осынау ға­жайып өнерге үлкен де, кіші де сусап қалған. Оның үстіне бүгін­гі айтыста аймақтың ғана емес, бай­тақ еліміздің, Алтай мен Атырау аралығын мекендеген қалың жұрт­тың жампоздары сахнаға шықпақ. Иә, қазіргі таңда есімдері ел аузын­да жүрген өрен жүйріктер сөз қағыс­тырады.

Көрермен қауымның әдеттегіден әлдеқайда көп болатынын білген Зәу­реш бір сағат бұрын келіп, өзінің биіктеу жердегі жайлы орнына жай­ғасып алды. Қызығы – «Осы мен өте ерте келе жатырмын-ау, ыңғайсыз болмас па екен? Көпшілік кіретін есік ашылды ма екен өзі?» деп ойлаған. Сөйтсе, сопақ басына ұялаған ол ойы мүлдем дұрыс емес екен. Атшаптырым залдың жартысына жуығында адам отыр! Апырым-ай, ә?! Зәуреш қатты таңғалды. «Түсінікті, – деп ойлады сосын: – Біріншіден, халық айтысты әбден сағынып қалған. Екіншіден, тегін. «Не асығыс бар, билет қалтада, орным дайын тұр» дейтіндей емес. Сондықтан кімде болса ертерек кеп қалаған орнына отырып алғысы келеді емес пе?» Жақсысы – бұның «қалағанын» әзірге ешкім қаламапты.

Айтыстың басталуына санаулы минуттар қалғанда залда ине шаншар орын болған жоқ. Отыру былай тұр­сын, екі жақ қаптал, ортадағы жү­ретін баспалдақты жолдар да тіке­сінен-тік тұрған көрермендерге тол­­ды. Мұндай аншлаг болғанда нө­лін­­ші қатардың күзеті былайғы кез­дер­­дегіден екі есе, үш есе, тіпті есеп­сіз күшейетіні белгілі. Ал бүгінгі күзет қызметіндегілер мен олардың жанындағы барып кел, шауып келде жүретін жәрдемшілерінің қарқыны тіпті ерек. Ұзыннан-ұзақ ақшаңқан қатардың ана басы мен мына басында екі-екіден, орта тұста аралары бір-бір адым қашықтықта үш бірдей жігіт тұр. Қолдарында полицейлер ұстайтынға ұқсас антеннасы сорайған телефон-аппараттар. Бұлар театр қыз­метшілері емес, әрине. Анау үл­кен сарай­дың сайыпқырандары. Бұл – бірінші басшы, ең үлкен дөкей келеді деген белгі. Екі жақ шет­тегі жігіттер шекара күзетіндегі сол­дат­тардай қалшиып кірпік қақпай тұр, тек анда-санда кішігірім кірпіш­тей аппараттарын ауыз бен құлақ ара­сына тосып біреулермен тілдесіп қояды. Қысқа-қысқа ғана. Ал ортаң­ғы бөліктегі үшеуде тыным жоқ. «Қайнаған қызу еңбек» үстінде. Үшеуінің тұрқы үш түрлі. Бірі бойшаң. Бейнебір шүберек емес, металл-ма­тадан тіккендей қатырма көк кәстөм-шалбар киіп, қылдырықтай қызғыш галстук байлаған. Сымдай тартылып тұр. Екіншісі тәпелтек, бастан-аяқ боз киім киген, барлығы «подсвет». Үшінші жігіт -ай-яй-яй-яй! Қарын мен бөксені бетімен қоя беріпті. Содан да шығар, домаланып қалған. Сірә, о баста орта бойлы бол­ған болуы керек. Қап-қара кәстөм-шалбар, қып-қызыл галстук. «Қара түс денені ықшам етіп көрсетеді» деген ұғымды ұстанатын болуы керек. Бірақ одан ықшамдалып тұрған ол жоқ. Ішіне сабан толтырған қанар қап сияқты. Әттең-ай, жап-жас жігіт. Жастығы әлі піспеген асқабақтай бетінен білініп тұр. Таңғаларлығы, осы пошымына қарамастан, бұл бала дамылсыз екен. Бір орында көп тұр­майды, әлде осы жердегі қызмет бабы солай ма, әлсін-әлсін шығып кетеді де, артынша домалаң етіп қайтып келеді. Келеді де, қасындағы екеуге бірдеңелерді айтады. Ол екеу біресе телефондарының антеннасын жарқ-жұрқ  еткізіп, әлдекімдермен едел-жедел хабарласады, біресе аса маңызды іс тындырып жүргендей талтаң-талтаң етіп әрлі-берлі адым­дайды. Сосын ортадағы баспалдақты жолдарда тұрған көрермендерге «кейін, кейін, әрірек, әрірек жылжы­ңыз­дар» деп пәрмен беріп, қолдарын сіл­теп-сілтеп қояды. Жақтырмай қа­райды. Құдды осы жердің қожайын­дары сияқты. Түрлерінде астамдық, үндерінде өктемдік бар.

Бұл кезде, әрине, нөлінші қатар­дың екі жақ бөлігі де толған. Осы «қасиетті» орынға отыруға құқы бар игі жақсылар жайғасқан. Ал осы сәтте тепсе темір үзетін жастағы жі­гіт­тердің ақтер-көктер боп қорғап, асқан қырағылықпен күзетіп тұр­ған­дары дәл ортадағы төрт-бес орын. Иә, көпшіліктің, әсіресе айтыс көреміз деп аяқтары талып, тіке­сінен-тік тұрғандардың көзқұрты боп бұл орындар әлі бос тұр. Сағат тілі зымырап кетті. Басталатын мез­гілден жиырма жеті минут асты. Кө­рермендердің мазалары қаша бас­тады. Ауық-ауық қол ұрып, ай­тыс­керлерді сахнаға шақырып қоя­ды. Бірен-саран қариялар табиғи қажеттіліктерін өтеуге кетті. Ондай «шаруамен» екі реттен, тіпті үш қайтара барып қайтқандары да жоқ емес. Бұл кісілерге қоятын кінә жоқ, енді қайтсін, көпшілігі мұнда бір сағат, тіпті бір жарым сағат бұрын келді ғой. Сонда олардың осы жерді «мекен еткендеріне» екінші сағатқа таяды.

Кенет… Нөліншінің алдыңғы жа­ғында қимыл-қозғалыс көбейіп кетті. Әлгі үшеуден бөлек, қатырма кәстөм киіп, галстук таққан тағы бірнеше жігіт келіп қаздиып-қаздиып тұра қалды. Артынша, бағанадан бері де әлденеше рет келіп, жаңағы бос тұрған орындарға қарап, бақылап кетіп жүрген тиісті басқарма бастығы мен орынбасары көрінді. Ал, не істеп жүргені белгісіз, бірақ әйтеуір ара-арасында жылтың-жылтың ете қалатын жұқалтаң қара жігіт сып етіп кірді де, есіктің көзіндегі қыз­метшінің жанына тұрақтады. Бір сәт бәрі де тып-тыныш бола қалды. «Күзетшілер» мен «бақылаушылар» киім дүкендеріндегі манекендердей қалшиып қатып қалған. Ашық тұрған есіктің босағасынан осы зәулім ғи­марат бастығының басы қылтиды. Бір минут…екі минут…бес минут…жоқ…әлі ешкім жоқ. Жұрт қайтадан қыбыр-жыбыр ете бастады. Әр жер, әр жерден жүгері қуырғандай бы­тыр-бытыр еткен шапалақ даусы естілді. Әлсіз, әлжуаз, самарқау үн. Көпшілік басталмаған шараға, көрін­беген ақын­дарға қол соға беруден жалығып, көңілдері қалып шаршаған сияқты. Ал, қалшиып қатып тұрған «манекендерге» қайтадан «жан кіріп» қимылдай бастады. Дереу байланыс құралдарын құлақтарына апарды. Қысқа-қысқа тілдесті. Басқарма бас­тығы орынбасарымен және кейін келген екі-үш жігіт жан-дәрмен сыртқа беттеді. Керісінше, осы кезде басын жоғарылау ұстап, жан-жағына паңдана қараған біреу ішке енді де, қатардың басынан соңына дейін еденді ойып жіберердей зілдене басып жүріп өтті. Одан кері бұрылып дәл ортаға, бос орындардың алдына кеп тоқтады. Сәл-пәл ойланып тұрды. Содан соң қолындағы сиырдың тіліндей теле­фонының түймесін басып, аузын жыбырлатты. Сөйлесіп болысымен сол жерде тұрған жігітке әлденелерді айтып, түсіндірді. Кідірместен келген ізімен қайта шықты. Сөйтсе, тыныш кетпепті. Тапсырма беріп кетіпті. Бір-бірімен тез-тез тілдесіп, түсінісіп алған жігіттер дереу іске кірісті. Әлгі бос орындардың екі жанында отырған кісілерді сол қатардағы басқа адамдармен алмастырды, тағы біреулерді әрігерек жылжытып, орын­дарына шеттеу жайғасқандарды әкеп әлек-шәлектері шықты. Кім жылы орнын суытуға бірден келісе қойсын. Қарапайым пенденің өзі көптің көзінше болатын мұндай «көші-қонды» ұната бермейді. Ал мына қатарға қонжиғандар тіпті де жәй мүміндер емес…

Сонымен не керек, күзетші жігіттер бірінің арқасынан қағып, екіншісінің қолтығынан демеп, үшіншісімен қай­та-қайта сыбырласып,  келіссөз жүргізіп, әке-көкелеп әзер дегенде алмастыру процесін аяқтады-ау. Про­цесс бір мезгіл ғана отырып кететін көрерменнің орнын емес, қызмет тағын ауыстырудан кем болған жоқ.

Шұғыл тапсырманы орындап, әб­жіл қимылдаған жігіттер үсті-бастарын түзеп, тиісті орындарына тұра бергендері сол еді, басқарма бастығы мен үлкен сарайда істейтін бір-екі адам келді де, қатардағы есікке таман сақталып қойылған орындарға лып-лып етіп отыра қалды. Бір кезде…бір кезде алдындағы қосшысы дедектей басып, ең үлкен дөкей кіріп келе жатты. Соңында серіктері бар. Қуаныштысы – олардың жамбастары орындыққа тиер-тиместен залдың шамы күңгірт тартып, сахна жақ жарқ ете қалды. Іле театрды жаңғы­рықтырып күмбірлеген күй ойнай жөнелді.

 Несібелі Рахмет,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<