NUR.KZ порталының бас директоры: Бізде жалған ақпарат жоқ

334

0

Астанада өтіп жатқан Global Challenges Summit экономикалық форумына әлемнің түкпір-түкпірінен келген сарапшылармен бірге белгілі журналистер мен медиаменеджерлер де қатысып, БАҚ саласындағы түйткілді мәселелерді талқылады деп хабарлайды NUR.KZ.

Отандық ақпараттық порталдар мен сайт директорлары және шетелдік журналистер «жалған ақпарат» тақырыбында ой өрбітті.

Олардың бірі «жалған ақпарат» тіпті кеңес дәуірі тұсында болды деген пікірді ортаға салса, енді бірі аталған келеңсізіктен шығудың жолдарын атап өтті.

Мәселен, еліміздегі оқылымы жоғары әрі көпшілік күнделікті ақпаратпен танысатын «NUR.KZ» порталының бас директоры Қуат Бахридинов отандық БАҚ беттерінде жалған ақпарат тарамайтынын алға тартты. 

«Мен бұл форумда цифрлық медиа тұрғысында ой өрбітсем деп отырмын.

Иә, біздің порталда, мәселен, кейбір жаңалықтар немесе мемлекет көргісі келетін ақпараттар шығарылмай жататын шығар.

Бірақ, біз үкіметтен қаражат алып отырған жоқпыз ғой?! Осы тұсты ескерген абзал. 

Десе де, біз жекеменшік БАҚ өкілі болсақ та, тұрғын-үй коммуналдық кешен, зейнетақы қоры сияқты еліміздегі маңызы зор жаңалықтарды да назардан қалдырған емеспіз, яғни, осы тақырыптарға арналған мақалаларды да үнемі жариялап келеміз», – деді ол.

Сонымен бірге, танымал БАҚ басшысы тұрғындардың «жағымсыз» жаңалықтардан гөрі, позивтивті жаңалықтарды жиі оқитынын алға тартты. 

«Біз ресейлік БАҚ өкілдерімен бәсекеге төтеп беру үшін, көбіне-көп айрықша, «эмоциналды» мақалаларды жариялауға тырысамыз.

Біз қазір «оқырмандарымыз тәуліктің қай уақытында қандай жарияланымды оқиды?» деген мәселе төңірегінде зерттеу жүргізіп жатырмыз. 

Яғни оқырманның талғамына қарай қандай да бір ақпарат мәтінін түрліше етіп бермекпіз. Сондай-ақ, бір ғана жаңалыққа түрлі суреттерді қолдануымыз мүмкін.

Негізі, порталға тек жағымды жаңалықтарды ғана жариялауға тырысамыз. Себебі, адамдар «негативті» жаңалықтан шаршаған», – деді ол.

Ресей елінің әйгілі «Дождь» телеарнасының бас редакторы Михаил Зыгарь да жалған ақпарат тақырыбында өз ойын ортаға салды.

Оның ойынша, «жалған ақпарат» тіпті Кеңес Одағы тұсында, атақты «Правда» газетінің де тұсында болған. 

«Тек кеңес дәуірінде мемлекеттік үгіт-насихат сияқты жалған ақпараттың көзі болды. Мемлекет бір монополия құрып алып, сол арқылы өзінің идеологиясын үгіттеуге тырысты және бір ерекшелігі бұл үрдіс ғаламторсыз БАҚ дәуірінде болған еді.Ал қазір қалай? БАҚ біздің достарымызбен бәсекелесіп отыр. Себебі біздің әлеуметтік желілердегі парақшамызда «Нью Йорк таймс» газетімен бірге біздің достарымыз да бар. Яғни адамдар алатын ақпарат көзі миллиондаған есе көбейді. Адамдар өз-өздерін журналист қылып алған», – деді ол.

Айта кетейік, Астанада мамырдың 17-19 аралығында экономикалық форум өтіп жатыр. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен келген ғалымдар мен түрлі салалардың мамандары қатысуда.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<