Қарашеңгел ауылдық округінен су ұңғымасы қазылуда

578

0

Өткен жылы Қазалы ауданында орын алған қуаңшылық кезінде жайылымдылық жерлерді суару үшін ең бірінші кезекте су ұңғымасы қажетті елді мекендер тізімі нақтыланды.

Олардың қатарына елді мекен аумағында соңғы 40 жылдың шамасында бірде-бір бұлақ немесе құдық қазылмай, бұған дейінгі су көздері істен шыққан Қарашеңгел, Шәкен және Арықбалық ауылдық округтері енгізілді.

Аталған округтерден су ұңғымаларын қазу үшін аудандық бюджеттен тиісті қаржы бөлінді. Қазіргі таңда Жалаңтөс батыр ауылында қызу жұмыстар жүргізілуде.

Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев пен аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап елді мекенге арнайы барып, су ұңғымасын қазу жұмыстарының барысын көрді.

Су ұңғымасының тереңдігі 230 метр. Қазіргі таңда мердігер мекеме «Прайд LTD» ЖШС су ұңғымасын 100 метр тереңдікке дейін қазып тастаған.

Аудан басшысы мердігер мекеменің жауапты қызметкерлеріне белгіленген жұмыстарды сапалы және мерзімінде аяқтауды тапсырды.

Айта кетейік, Жанқожа батыр мен Шәкен ауылындағы су ұңғымаларын қазу жұмыстары алдағы күндері басталады. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсы аяқталып, жеңімпаз мекеме анықталған.