Қызылордалық кәсіпкерлер неге бас көтерді?

316

0

Қоғамдық тамақтану саласында қызмет көрсететін қызылордалық кәсіпкерлер жергілікті атқарушы органға тығырыққа тірелгендерін жеткізді.

Кездесуге кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев, палата басшылығы, қала әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов пен қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Сыздықова, мейрамхана саласында кәсіп жүргізуші бизнес иелері қатысты.

Өңірлік кеңес төрағасы Қайрат Боранбаев қазір бизнестің қай түрі де қиындықты бастан өткізіп жатқандығын айта келіп, әсіресе, қоғамдық тамақтану саласындағы кәсіпкерлердің айтарлықтай тығырыққа тірелгендігін жеткізді. Наурыз айынан бері жұмысын тоқтатқандығына қарамастан мейрамхана иелері ғимаратты күтіп-ұстау, сондай-ақ коммуналдық шығындарды үзбей төлеуде, оның үстіне әрқайсысының төлейтін несиесі де жеткілікті.

 Кәсіпкерлердің айтуынша, мәселе облыстың бас санитарының 2 қарашада қабылдаған қаулысынан туындап отыр. Карантин талаптары жеңілдетілген тұста кафелердің 23.00-ге дейін жұмыс жасау мүмкіндігі болған кәсіпкерлер қызмет көрсету уақытын ұзартады деп күтіп жүргенде №25 қаулыда керісінше жұмыс жасау мерзімінің қысқартылғандығын айтуда. 

 «Аймақта эпидемиологиялық жағдай ушығып тұрса бұл қадамды түсінер едік. Алайда, шүкір, облыс қазір жасыл аймақта. Осыған сәйкес, жұмыс жасау мерзімінің республикалық қаулыда көрсетілген мерзімде қалғанын қалаймыз», – дейді кәсіпкер Ақмарал Әбдіразақова.

Мұнан өзге, сала кәсіпкерлері мониторингтік топқа қатысты да ұсыныстарын ортаға салды.

Қоғамдық тамақтану саласында жұмыс жасайтын кәсіпкерлер санитарлық талаптарды қатаң сақтауға өздері де мүдделі екендіктерін жеткізіп отыр. Тек талаптар нақты, анық болғанын қалайды.

Сонымен кездесу барысында кәсіпкерлер әкімдік өкілдеріне негізгі үш талаптарын жеткізді. Біріншісі, қоғамдық тамақтану саласының жұмыс жасау уақытын ең болмағанда 23.00-ге дейін ұзартуды. Екіншісі, мониторингтік топ мүшелерінің топ мүшесі екендігін дәлелдейтін құжаттарының болуын. Үшіншісі, жан-жақтан жеке ұялы телефондарға түсірмеуді.

  Кездесу қорытындысымен қала әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов жұмыс уақытына қатысты ұсынысты комиссияда қарастыратындығын, ал мониторингтік топтың жұмысын қайтадан қарастыратындығын жеткізді.

 Мұнан өзге, кәсіпкерлердің ұсыныстарының барлығы облыстық штабта қайта қаралатын болды. Нәтижесі бойынша тиісті қаулы қабылданады деп күтілуде.

  Айта кету керек, 17 қараша күні республикалық ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Отырыста «Атамекеннің» бұған дейін кәсіпкерлерге қызметіне қатысты берген бірқатар ұсыныстары қолдау тапты. Комиссия отырысының қорытындысы бойынша қабылданған шешімде карантин талаптарына қатысты бірқатар жеңілдіктер қарастырылды.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз