«Ұлттық Ұландағы»  бір үйдің екі ұлы

569

0

Отан алдындағы борыш деген қасиетті сөз бар. Осы сөздің терең мағынасына бойлаған адам көл қорыған қызғышқұстай ел қорғаған батырларымызды, ерен болмыс аталарымызды еске алар еді. Мына байтақ жер, бақытты ел де – сол алыптардың аманаты.

Осы Отанды қорғау ісі әскер қатарындағы қызметтен басталады. Сондықтан да әскерде қызмет еткендер әрқашан да құрметке ие. Әскер – жас жігіттердің құрыштай шыңдалып, Отанына қауіп төнер сәт туса, кеудесін оққа тосатын нағыз ержүрекке айналып шығатын мектеп. Сондықтан әскер сапында қызмет ету әрқашанда, әр заманда өзекті болып қалады.

Мен бұл мақаламда Қазақстан Республикасының Ұлттық Ұланы сапында әскери қызметін өтеп жатқан қызылордалық ағайынды Әлихан мен Дәулет Қоқанбаевтар туралы айтпақпын.

Заң бойынша ағайындыларға, оның ішінде егіз туғандарға, бір әскери бөлімде қызмет етуге рұқсат етілген.

Мектептің 9-сыныбын бітірген соң екі ағайынды жас Қызылорда қаласындағы техникалық колледжге түскен. Диплом алған жылы ағайындылар академиялық демалысты пайдалану арқылы, мерзімді қызметке баруға шешім қабылдады. Осылайша, Әлихан мен Дәулет 2022 жылғы көктемгі шақыру кезінде Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Олар Алматыға Кеңес Одағының Батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атындағы №5571 әскери бөлімге келіп түсті.

Сарбазға бір жылдық әскери қызмет не береді? Әскер қызметі жастарды өмірдің қиын сынына қасқая қарап, қиындықтан қорықпауға, темір тәртіпке, жүйелі тірлікке, Отанға, әрбір азаматқа құрметпен қарауға үйретеді.

Қазіргі кезде ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргісі келетін жастар да бар. Олардың әскер қатарында болу туралы түсінігі де терең емес. Оған әрине, отбасындағы тәрбиенің әсері зор. Көптеген ата-ана баласын әскерге жібермеуге тырысады. Баяғы аталарымыз ел басына күн туғанда соғысқа өзі сұранып кеткен. Біздің бейбіт күнгі әскери қызметтен жалтарып жүргенімізге жол болсын.

Бүгінгі сөз арқауы болып отырған ағайынды Қоқанбаевтарға мұндай әдеттер мүлде жат. Бір үйдің бір баласы қиналып қабылдайтын шешімді олардың екеуі бірдей ойланбай құп алуы көпке үлгі. Жаңа айтқанымыздай, баланың саналы болып қалыптасуы алдымен ата-ана, сосын ортасына қатысты. Біздіңше ағайындылар оқып жатқан колледждің де жастар тәрбиесіне деген ұстанымы берік.

Бұлай дейтініміз, бұл екі жігіттің бойында білімділік, бекзаттық, азаматқа тән адалдық секілді қасиеттер нық орныққан.Мұндай азаматтардан кез келген уақытта ерлік күтуге болады.

«Ерлік – табиғат сыйы емес, саналы әскери тәрбиенің жемісі, Отан алдындағы қасиетті парызыңды орындау үшін адамзаттың ең асыл сезімімен жігерленіп, өзіңді саналы түрде қауіп-қатерге бас тігуге мәжбүр етудің нәтижесі», – дейді Бауыржан атамыз.

Қандай сынға да дайын ағайындылар әскерге аттанар сәтте-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Ұланы қатарына сұранған еді. Олардың осы тілегі орындалды.

Ұлттық Ұлан қоғам мен мемлекеттiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық және өзге де құқыққа қарсы қолсұғушылықтардан қорғауға арналған. Өзінің туы, рәмізі бар әскер элитасы.

Ағайынды Қоқанбаевтар сарбазға қажетті ең басты нәрсе қиындықтар алдында иілмеу, достық пен өзара көмек сияқты қасиеттерге ие болу деп санайды. Ағайындылар еңбекті, тәртіпті құрметтейтін отбасында өскен. Жас кезінен бастап ата-аналары Алмас пен Тұрсынай олардың іс-әрекеттегі дербестікке үйретті. Қос ұл жақсы оқыды, спортпен шұғылданды.

– Мойындаймын, біз ұлдарды қатты еркелеткен жоқпыз. Бала кезінен бастап еңбекке баулыдық, іс-әрекеттерін қадағалап отырдық. Мектепте жүргенде де мұғалімдердің алдында олар үшін біз қызарып ұялған жоқпыз, – дейді балалардың анасы.

Сарбаз үшін әскерде қызмет еткен бір жыл тез өтіп кетеді. Жақында ағайынды Қоқанбаевтар да туған жерге оралды. Олардың мінездерінің бұрынғыдан да ширап, шыңдалғанына, қиындықтарға қарсы тұруға қашан да дайын екеніне еш күмәнім жоқ. Сымдай тартылған сарбаздарға қарап осындай ойға келесің. Бұрынғы замандарда қыздар әскерде қызмет етпеген жігіттерге назар аудармайтын. Жұмысқа қабылдау кезінде де бірінші кезекте әскери борышын орындағаны ескерілетін. Өйткені, олар әр кезде тәртіпке үйренген, басшыны құрметтейтін, қиын уақытта жолдасын қолдауға дайын адамдар деп саналды. Осындай азаматтық сапа Ұлттық Ұлан сапындағы сарбаздардың әрқайсынан да табылады.

Ағайынды қос сарбаздың анасы Тұрсынай Қоқанбаева былай дейді: «Әскерде қызмет етуді әрбір перзенттің парызы деп санаймын. Жас жігіттер әскерден нағыз ер азамат болып оралады. Олардың ойлау қабілеті, мінезі жақсы жаққа өзгереді. Менің ойымша, әскерге бармаудың негізсіз себептерін ойлап тапқаннан гөрі, әр балаға Отан алдында қызмет етудің артықшылықтарын айтып отыру керек. Әскери борышын өтеп келіп, байсалды және таза ар-ұжданмен өмір сүруден артық не бар?».

Әрбір ананың ниет-тілегі осылай болса игі. Әрбір жас азамат Отан алдындағы борышын өз қадірінен артық көрсе, еліміздің еңсесі биік, өмірі бейбіт, тірлігі тыныш болады.

Іңкәр АЛТАЙ,

ҚР Ұлттық Ұланы 5571 әскери бөлімінің лейтенанты, әскери тілші

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<