«2017-2018 оқу жылындағы ҰБТ қорытындысы бойынша Арал ауданының білім саласы Қызылорда қаласы мен аудандар арасында үшінші орын иеленді», – дейді біздегі деректе.
Айтуға оңай. Ал осынау екінің бірінің қолы жетпейтін жетістікті бағындыру үшін Арал аудандық білім бөлімінің басшысы Санира Жанназаровадан бастап мұғалімдер қауымының қаншама тер төккенін мойындауға тура келеді. Жұдырықтай жұмылған ауызбіршіліктің, тегеурінді талап, жаңаша ізденіс – атқарылған нақты шаралардың жемісі. Осы мақсатта «Қамбаш» балаларды сауықтыру және қосымша білім беру орталығында жүргізілген дайындық курсына оқушылар қамтылып, оларға ауданның озат тәжірибелі де білікті мұғалімдері дәріс берді.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың қолдауымен мектеп бітірушілерді ҰБТ-ға дайындауға қомақты қаржы бөлінгендігіне көпшіліктің ризашылығы ерекше екендігін айта кету керек. Оған қоса, бюджет есебінен оқушылар тегін дайындық курсынан өткізіліпті. Дайындық курстарының біріне Астана қаласындағы республикалық «KAZBILIM» орталығы мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінен есімдері баршаға мәлім жоғары санатты педагог мамандар мен ғылыми қызметкерлердің шақырылуы да сабақты иненің сәтімен боларын еске түсіреді. Педагог, ағартушы Жүсіпбек Аймауытовтың «Баланың ынтасын тарту үшін, оқытатын нәрседе бір жаңалық болуы керек» деген даналық сөзі бар. Осы бағытта Арал ауданы білім саласының басшылары педагог мамандардың кәсіби деңгейін ұдайы көтеріп отыруды, теориялық білімі мен әдістемелік біліктілігін үздіксіз жетілдіруді, шығармашылық жұмыстарына демеу жасауды тұрақты назарда ұстайды. Қорытындысы ауыз толтыра айтуға лайықты екенін саланың жетістігі анық дәлелдейді. Жаңаша мазмұндағы оқыту бағдарламасымен соңғы жылдарда көптеген мұғалім мен барша мектеп директоры, оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары толықтай курстан өткізілген. Аудан бойынша оқытудың жаңашыл әдістемелерін мектеп практикасына ендіру барысында бірнеше тірек мектептері жұмыс жасап, белгіленген магниттік мектептермен тәжірибе алмасу ұйымдастырылған. Жаратылыстану бағытындағы физика, химия, биология, информатика пәндерін ағылшын тілінде оқыту мақсатында мұғалімдердің бір тобы «Назарбаев Университеті», «Назарбаев зияткерлік мектептері», «Ustaz professional development centre» оқу орталығы, «Өрлеу» базасы тәрізді оқу орталықтарында әлденеше мәрте біліктілік арттыру курстарынан өтті. Бастамашыл мұғалімдермен Астанадағы «Ұстаз» орталығы көмек-кеңестерін беріп отырады. Аудандағы кең жолақты интернет, локалды жүйесі бар мектептердің электронды құжат айналымына көшуі де тың жаңалықтың бірі. Бұл қадам саланы қағазбастылықтан арылту мақсатында құжаттарды электронды форматта толтырады. Тағы бір сүйсінерлік жайт, ата-ана әлеуметтік желілерде енгізілген қосымшаға тіркелу арқылы мектепке бармай-ақ баласының оқу үлгерімін, сабаққа қатысуын қадағалай алады. Мұндай игі іс алдағы оқу жылында жалғасын тауып, аталған жүйеге толықтай көшу көзделуде.
Аралдық ұстаздар жаңашылдық үрдісін дамытуға сергек қарайды. Мұның өзі оқушылардың республикалық, халықаралық танымдық сайыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрінуіне септігін тигізуде. Облыстық «Сыр дарыны» білімділер академиясына қамту жұмыстары да қарқынды. Сондай-ақ, оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында ұйымдастырылған мектептен тыс мекемелердегі үйірме шараларына қатысушылар уақыт санап арта түсуде. Аманөткел елді мекеніндегі бос тұрған ғимаратты бейімдеп, аудандық Өнер мектебінің филиалының ашылуы, домбыра сыныбына балалар қабылданып, жұмысын бастап кетуі – жағымды жаңалықтың бірі. Ал №262 мектеп-гимназия базасындағы балалардың шығармашылық орталығындағы бейнелеу, шахмат, спорттық қозғалыстың жас инспекторы, жас техник, жас натуралистер үйірмесіне, спорттық секцияға қатысушылар саны көбейе түскен.
Мектеп басшыларын лауазымдық қызметке тағайындау барысында айтарлықтай өзгерістер барын естігенде, елең ете түскенмін. Әрі мұның себебі де бар. Осынау лауазым иелері мемлекеттік қызметкерлердің лауазымымен теңестірілгені көзіқарақтыларға етене мәлім. Соған орай мектеп директорларының да жауапкершілігі еселене түседі. Қызметке тағайындалған директор өзінің тұрғылықты мекен-жайын мектептің орналасқан тұрағымен сәйкестендіріп, өзгертуі тиіс болады. Бұл әрбір мектеп директорының сол ауылдың тыныс-тіршілігімен тығыз араласып, жырақтағы отбасының жайына алаңдауына әкелетін себептерді тоқтатуға (яғни аудан орталығынан елді мекенге қатынамайды) негіз болатын оң шешім екені дау туындатпаса керек. Өзім білген қарапайым да маңызды мәселе қаншама мәрте қозғалса да тоқтау болмай, бірнеше жылдан бері қалаға, ауылдарға аудан орталығынан қатынап жұмыс жасап жүрген көршілес Қазалы ауданындағы кейбір басшылардың тірлігін есіме түсіргенін, несіне жасырайын?!.
Үштілділікті жүзеге асыру мақсатында ағылшын тілінде пәндерді оқытатын сыныптар ашу қолға алынуда. Алдағы оқу жылынан бастап аудан мектептері «Электрондық күнделік» жүйесімен толық қамтылады. Сонымен қатар көптеген білім ордалары «Білімлэнд» виртуалды оқыту платформасымен онлайн және оффлайн негізінде жұмыс жасайтын болады.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
«Сыр бойы».
Арал ауданы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<