Жаһандық қауіпсіздікке жасалған қадам

1081

0

Бүгін – Ядролық қарудан бас тарту күні. Осыдан он бір жыл бұрын  БҰҰ Бас Ассамблеясының Бірінші комитетіне Қазақстан 29 тамызды – Бүкіләлемдік ядролық қарудан бас тарту күні деп жариялауды ұсынды.  Бұл ұсыныс қолдау тауып, дәл осы күн БҰҰ-ның күнтізбесіне енгізілген болатын. Еліміздің ұсынған маңызды  шешіміне  26 мемлекет  келісім білдірген. Олардың қатарында  Армения, Беларусь, Бразилия, Катар, Қырғызстан, Моңғолия, Араб Әмірлігі, Тәжікстан, Түркіменстан, Жапония секілді алпауыт елдер бар.

Мұндай ше­шім қабылдау Қазақстанның Тұң­­ғыш Прези­денті-Елба­сы Нұр­­сұлтан Әбіш­ұлы Назар­баев­­тың 1991 жылғы 29 та­мыз­­дағы әлемдегі ең ірі Се­мей яд­ролық полигонын жабу ту­ралы Жарлығымен тікелей бай­ланысты еді.

Қырық  жыл бойы  500-дей  ядролық сынақ өткізілген Семей полигонының жабылуы – Қазақстанның  жаһандық қауіпсіздікке жасаған қадамы болды. Бұл ретте қазақ елі  барша әлемге  дамудың бейбіт жолын көрсеткен ядролық қарусыз қозғалыстың жетекшісіне ай­налды. Сондай-ақ, әлем ел­дері Қазақстанды әлемдік қауіп­сіздікті  қамтамасыз етуде  жаңа идеялар бастамашысы деп білді.

«Атом бомбасы», «ядро­лық қару» – атының өзі қор­қынышты. Бұл сөздерді айт­қанда, жойқын жарылыс көз алдыңа елестейтіні анық. Беті әрмен дерміз-ау, бірақ дәл осындай алапат қазақ жерінде орын алды. 70 жылдан астам уақыт өтсе де, айықпас жара салған бұл оқиға әлі күнге дейін адамзат баласына өз зардабын тигізіп келеді. Халықтың көрген азабын, қиындығын айтып тауысу мүмкін емес.

Тарихқа көз жүгіртсек, 1945 жылы тамызда алғаш рет Жапо­нияның  350 мың тұрғыны бар Хиросима қаласына АҚШ-тың B-29 бомбалаушы ұша­ғы ең бірінші жасалған атом бом­басын тастайды. Бұл халықтың 90 процентіне әсерін тигізіп, одан 140 мың адам ажал құша­ды. Ал дәл осындай сынақ 4 жылдан кейін қазақ жерінде орын алады.  1949 жылы Семей ядролық полигонында КСРО-ның тұңғыш атом бомбасы сы­нақтан өткізілді.  Бұдан Семей­дің 200 мыңнан астам тұрғыны 100-ден 200-ге дейінгі рентген шамасында радиация алады. Со­ның салдарынан 1949-1963 жыл­дар аралығында адамдар айықпас дертке ұшырап, кө­бісі бақилық болды. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, ядролық зарядтардың жиынтық қуаты Хиросимаға тасталған атом бомбасынан 2,5 мың есе артық екен. Бұл бір мезетте 350 млн адамның өмірін жалмауға қау­қарлы. Осыдан-ақ, Семей по­лигонының зардабы бірне­ше жылға емес, ғасырға жал­­­ғасатынын бағамдауға бола­ды. Эко­­логиялық апат әкел­ген сы­нақтың соңғысы 1989 жы­лы жүргізіледі. Осыдан кейін Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті-Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев Жарлық шы­ғарып, Семей полигонын тоқ­­татып, ядролық қарудан азат әлем құру туралы шешім шығарды.

2012 жылы 29 тамызда «Яд­ролық сынақтарға тыйым салудан – ядролық қарусыз әлемге» халықаралық конферен­циясында еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев: «Яд­росыз әлем – бұл ядролық энер­гияны әскери мақсатта пай­да­лануға толық тыйым салу де­ген сөз. Менің «Жалпыға ор­тақ ядросыз әлем» декларациясын талдап, қабылдау жөніндегі ұсынысымның мәні де осында. Мен осы идеяның тұрақты жақтаушысы болдым және солай болып қала беремін. Ядролық қару – адамзат үшін өз-өзіне ажал шақыру. Ядросыз әлем – ол адамзат ұмтылуға тиіс біздің ортақ мақсатымыз. Дәл осы мақсат үшін Қазақстан бүгінде халықаралық «АТОМ» жобасын іске қосты. Жобаның атауы ағылшын тіліндегі – «Abolish Testing. Our Mission» – төрт сөздің бірінші әріптерінен тұрады, «Сынақтарды жою – біздің миссиямыз» дегенді білдіреді» дей келе, барша елді  «АТОМ» жобасын қолдауға және ядролық қарусыз әлем құруға шақырған еді.  Сонымен бірге Елбасы АҚШ-тың Ва­шинг­тон қаласында өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі төртінші саммитте «Әлем. XXI ғасыр» манифесін жариялап,   көпшіліктің ой­ын дөп басты.

Әлемдік қоғамдастық іс-қи­мылының тұтастық алго­ритм­дерін кешенді негізде жүр­гі­зу­дің бірнеше бағытын ай­қындап көрсеткен Елбасы:

– Ядролық және басқа да жаппай-қырып жоятын қарудан толықтай азат әлемге қарай дәйектілікпен ілгерілеу. Бұл бағыттағы маңызды қадам қазірдің өзінде жасалып отыр. 2015 жылдың 7 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақ­станның бастамасы бойынша Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларация қабылдады. Қа­зақ­стан әлемде алғашқы бо­лып Семей ядролық сынақ по­лигонын біржолата жапты. Бұл – әзірше әлемдік тәжірибедегі алғашқы және бірден-бір оқи­ға. Жас мемлекет КСРО ыды­рағаннан кейін мұраға қалған атом қа­руының әлемдегі төр­тінші әле­уетіне және оны жеткізу құралдарына иелік ету­ден өз еркімен бас тартты. Бұл шешім жетекші ядролық державаларды ядролық сынаққа мораторий жариялауға қозғау салды. БҰҰ ая­сында Яд­ролық сынақтарға жап­пай тыйым салу туралы шарт жасал­ды және қол қою үшін ашық деп жарияланды, бірақ ол осы күнге дейін кү­шіне енбей келеді. Қазақстан аумағында МАГАТЭ туы ас­тында атом энергетикасын да­мытуды жоспарлап отырған мемлекеттерге арналған Төмен байытылған ядролық отын бан­кі құрылды, – деп ХХІ ға­сырда өмірлік іс-әрекеттің тә­сілі ретінде соғыстың түп-та­мырын біртіндеп жойып, ор­нықты әлемнің географиясын қалыптастыру қажет екендігін алға тартты.

ХХІ ғасырда соғыссыз әлем құруды көздеген бұл манифест кейін БҰҰ Бас Ассамблеясының және Қауіпсіздік кеңесінің ресми құжаты мәртебесін алды.

Бүгінде Қазақстан – осындай игі істің арқасында ядролық қаруға қарсы күрестің әлем мойындаған көшбасшысы,  ке­йін­гі ұрпақтың бейбіт бола­шағы үшін жаппай қырып жою қаруын жинақтаудан бас тар­тудың айшықты үлгісін көр­сеткен мемлекет.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<