ЖАСТАР ЖАСАҚТАРЫ ЖҰМЫСҚА КІРІСТІ

367

0

  «Қызылорда облысының жастар одақтары» қоғамдық бірлестігі ұйымдастыруымен қаламызда бірқатар шаралар өтті.
Алдымен облыстық «Жасыл ел» жастар жасағының кезекті «Сенің еңбегің, сенің ертеңің» атты кезекті еңбек маусымы ашылды. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Меңлібаев жастарды «Жасыл ел» еңбек жасағының 14-ші еңбек маусымы ашылуымен құттықтады. Шараға аудан орталықтары мен қаламызда жұмыс жасайтын жастар мен ұйым белсенділері қатысты.
– Елбасымыздың бастамасымен 2005 жылы құрылған «Жасыл ел» бағдарламасы аясында үстіміздегі жылы 1035 жасты жұмыспен қамту жоспарлануда. Жұмыс барысы маусым-тамыз айларында жүзеге асырылады. Туған елімізді көркейту жұмыстарына атсалысып, қызығушылық танытып жатқан жастар саны жыл сайын облысымызда артып келеді, – деді «Жасыл ел» еңбек жасағының жетекшісі Серік Әбіл.
Одан соң «Студенттік жастардың еңбек жасақтары облыстық штабы» қоғамдық бірлестігінің мұрындық болуымен қаланың сол жағалауында салынып жатқан құрылыс нысандарында еңбек ететін жасақ мүшелеріне де құрмет көрсетілді. Салтанатты жиында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Е.Меңлібаев пен құрылыс басқармасы басшысының орынбасары А.Нұрмағанбетов жастарға толағай табыс тілеп, сөз сөйледі.  
– «Жас құрылысшылар» еңбек жасағы қаламызда 2014 жылдан бастап жұмыс жасап келеді. Негізгі мақсат – жастарымызды еңбекке тарту. Бұл жастар үшін үлкен тәжірибе мектебі. Әрі олар нанын еңбекпен тауып, өз қатарларына үлгі болады. Биыл 350 жасты жұмыспен қамту көзделіп отыр, – деді «Жас құрылысшылар» еңбек жасағының жетекшісі Гүлден Тойман.
Айта кету керек, «Ұлағат Ұландары» жастар қоғамдық бірлестігі «Педагогикалық жасақтардың қызметін ұйымдастыру» әлеуметтік жобасы аясында «Жас дәуірдің түлегіміз»  атты жазғы маусымы да жұмыс жасауға дайын. Бірлестік төрағасы Медет Жорабектің айтуынша, жылдағы дәстүрге сәйкес «Ұлағат Ұландары» педагогикалық жасағы облысымызға қарасты жазғы тынығу лагерьлерінде педагог-ұйымдастырушы болып қызмет атқарады. Жасақ құрамы 25 жаспен қамтылып, жоба аясында бекітілгендей, 8 жазғы тынығу лагерінде 40 тәлімгер төрт ауысым бойынша балалар демалысын қызықты етіп өткізуге жұмыс жасайтын болады.

Ш.АЛТЫНБЕКҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<