ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ ЖОЛЫН КЕСУГЕ ӘРБІР ҚОҒАМ МҮШЕСІ ЖАУАПТЫ

339

0

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы даму­дың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында Қазақстанның мем­ле­кет­тілігін нығайту жолындағы стратегиялық маңызды мәселе­лерді айқындап берді.

Соның ішінде, сыбайлас жем­қор­лықпен күрес бағыты айрықша көрсетілген.

Сыбайлас жемқорлық – қоғам­дық індет. Бұл мемлекеттің бә­се­кеге қабілеттілігін едәуір төмен­детіп, қоғамдағы демокра­тиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежейді. Сонымен бірге елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіреді. Ең бастысы,  адамдардың заң мен әділдікке деген сеніміне селкеу салады. Қоғам өзегіне түскен бұл індетпен күрес еліміздегі мемлекеттік маңызы бар түйткілді мәселеге айналды. Өйткені жең ұшынан жалғасқан көз қысты-бармақ басты әрекет әлі де болса тыйылмай тұр. 

Өкінішке орай жемқорлық ұғы­мы заманауи құқықтық сөз­дік қолданысында кең көрініс тапқан. Соның ішінде лауазымды тұл­ғалардың, қоғамдық, саяси қай­раткерлер мен мемлекеттік шенеу­ніктердің халық алдында қабылдаған антына сатқындық таны­туы үлкен өзекті мәселеге ай­на­лып отыр.

Мемлекеттік сатып алу, мем­лекет қаржысын талан-тараж етіп, ысырап қылу, жер учас­кесін заңсыз беру, дүние-мүл­кін, ақша капиталын салық декла­рациясынан, яғни, мем­ле­кет­тен жасырып қалу сияқты әрекеттер жиі әшкереленуде. Асау атқа арқан кергендей заң күші мен жалпыхалықтық бақылау ел мүд­десінен құлқынын биік ұстаған құныққандармен күресін тоқтатқан емес.

Қазіргі таңда мемлекет тара­пынан жемқорлыққа қарсы күрес мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қазақстан Кеңестер одағы кеңістігінде алғаш рет «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң қабылдады. Бұл заң жобасы арқылы жемқор­лыққа қарсы күрестің негізгі прин­циптерін анықтап, оған қатысты құқық бұзушылықтың және осыған байланысты жауап­кершіліктің арту түрлері анық­талды.

Елімізде 2015 жылы 18 қарашада «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның қабылданғаны да баршаға мәлім.

Жемқорлыққа қарсы күресте барлық адамдар заң мен сот алдында тең. Жеке және заңды тұлғалардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру, сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтың зиянды зардаптарын жою, олардың алдын алу және барлық мемлекеттік ор­гандар мен лауазымды адамдар өз құзыреті шегінде күрес жүргізу, яғни, жемқорлықпен күресу – жалпыға ортақ міндет.

Елбасымыз өз Жолдауында «Сыбайлас жемқорлық қоғамға, мемлекеттің конституциялық негі­зіне қауіп төндіреді, сондықтан, онымен күрес жүргізу – жалпы­ұлттық міндет», – деген болатын.

Біз елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бағытында елеулі қадамдар жасадық. Алайда, басты назар көбіне сыбайлас жем­қорлықтың салдарларымен күре­суге аударылып отыр.

Сондықтан, Президент Жол­дауында сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғышарттарын анық­тап, оларды жою жұмысын күшейту қажеттігін атап көрсетті.

Сыбайлас жемқорлықпен кү­рес­те көп нәрсе бүкіл қоғамның белсене атсалысуына байланысты. Әлеуметтік желінің, өзге де медиа-ресурстардың дамуы жағ­дайында, жемқорлыққа қарсы іс-әрекет барысында оны жалпы жұртшылықтың жек көруі күрестің қуатты құралына айналуы тиіс.

Елбасы Жолдауында айтылған мемлекеттік қызметтегі тұлғаларға қойылатын талап жұртшылықтың «әрбір мемлекеттік қызметкер арын да, жанын да таза ұстап, сауатты және білікті, біреуге тәуелді болмайтындай жағдайда болса екен», – деген пікірімен үн­дес­кендей.

Мемлекеттік қызметкердің аты­на кір келтіретін әрекеттерден әркімнің де аулақ болғаны жөн. Мұндай заң бұзушылыққа қасақана барғандар қатаң жазаға тартылады.

Әрине, ең алдымен бүгінгі өскін, ертеңгі ел сенім артатын азаматтың отбасы тәрбиесі тәлімді болуы қажет. Ата-анасының шаруа­ны пара беру арқылы шешетінін, не пара алу арқылы өздерінің материалдық жағдайын жақсартып отырғанын көріп өс­кен бала бұл жағдайды орынды, яғни, солай болуы керек екен деп түсінеді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп халқымыз қалай дөп айтқан. Есейгенде ол баладан қандай мемлекеттік қызметкер шығады? Қалтасының қамын ой­лай­­тын шенеунік бола ма, әлде тәуелсіз еліміздің нығаюына, қазіргі жаһандану заманында пат­риот­тық сезімді бойына терең сіңірген, елін құрметтейтін азамат шыға ма? Қоғам қашан да бойына адамшылық қағидаттарды сіңіре білген жастарды керек етеді.

Сондықтан, әрбір қоғам мү­ше­сінің, әр отбасының осы мәселеге аса мән бергені абзал деп түйіндейміз.

А.ҚАЙРУЛЛАЕВ,

облыстық

ішкі саясат басқармасының

басшысы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<