Өнер мен мәдениет өрісіндегі өрнектер

1103

0

Халық қай кезде жан байлығын мал-дүниеден жоғары қойған. Бұрынғы байларымыздың бір күн жырау жырлатып, бір үйір жылқы айдатып жіберетін жомарттықтары осыны мегзейді. Осынау ұлт құндылығы тәуелсіз елдің де рухани тірегі болды.


2020 жылы аймағымызда тө­теннен киліккен қиындыққа қара­мастан айшықты оқиғалардың ор­ны аласарған жоқ.


Ғұлама ойшыл Әбу Насыр әл Фарабидің 1150 жылдығы, Алтын Орданың 750 жылдығы, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерей­тойлары жоғары деңгейде атал­ды. Осы мерейлі күндердің ая­сын­да ұлт тарихында ұлы есім­дерін қалдырған тұлғаларды наси­хат­таған 2 мыңдай мәдени іс-шара ұйымдастырылды.


Қызылорда облыстық драма театрында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай алғаш рет А.Жұбановтың және Л.Хамидидің «Абай» операсы сахналанды. Қо­йылымға 100-ге жуық театр ар­тисі қатысты. Бұл қызылордалық артистердің опера жанрындағы ал­ғашқы қойылымы болса да, кө­рерменнің жоғары бағасын ие­ленді.


«Nur Otan» партиясымен бір­лесіп өткізілген «Абай жолымен» атты республикалық ақындар ай­­тысында еліміздің үздік ай­тыс­керлері өнер көрсетті. Н.Бе­ке­­жанов атындағы қазақ акаде­мия­лық му­зыкалық драма те­ат­рында Е.Төлеубайдың «Абай», Д.Ра­ма­занның «Абылай хан­ның ар­маны» спектакльдері сахна­ланды. Сонымен қатар, театр ар­тистері сахнаға басқа да белгілі драма­тург­тардың шығармаларын алып шықты.
Облыс кітапханаларында әл Фараби мен ұлы Абайдың та­ғы­лымына және Алтын Орда та­рихына қатысты кітап көрмелері ұйымдастырылды.


Өткен жылдың мәдениет са­ласындағы басты оқиғаларының бірі ақтаңгер ақын Мұхтар Ния­зовтың үшінші мәрте «Алтын дом­­быра» сыйлығын жеңіп алуы болды. Бағалы сыйлық Қызыл­ордаға әкелініп, облыстық та­рихи-өлкетану музейінің құнды жәдігерлерінің тізіміне енгізілді. Жыршы, ақын Күнсұлу Түрікпен «Дарын» мемлекеттік жастар сый­лығының иегері атанды. Қорқыт ата мұраларының ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұ­ралар тізіміне енгізілуіне орай күй атасының шығармаларын наси­хаттау үшін облыстық филар­мония жанынан «Қорқыт сазы» қобызшылар ансамблі құрылды.


Облыстың мәдениет үйлері мен клубтарда мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Оның ішінде 7665 шара онлайн түрінде өтіп, қаралымы 1,4 млн көрерменді құрады.


Облыс кітапханаларының кітап қоры 4,478 мың дананы құрады, 58850 данасы жаңа кітаппен то­лықты. Музейлерде 6641 экс­курсия, 850 лекция, 707 көрме ұйым­дастырылып, оған 182252 келуші қамтылды. Олардың үштен екісі онлайн түрінде өтіп, 145458 қаралым жинады. Облыстағы ар­хив мекемелеріне 16129 құжат мемлекеттік сақтауға қабылданды. «Электронды архив» ақпараттық жүйесі бойынша 23780 сақтау бірлігі сандық жүйеге көшірілді. Облыс архивіне анықтамалар бе­ру қызметі бойынша жеке және заңды тұлғалардан 14321 сұраныс түсіп, қанағаттандырылды.


Елімізде орын алған панде­миялық жағдайға байланысты бар­лық іс-шаралар Youtube әлеуметтік желісінде арнайы ашылған «Сыр шаңырағы» арнасында жа­рия­ланды. Бүгінгі күнге дейін халыққа осы арна арқылы 600-ден аса видеокөрсетілім жол тарт­ты. «Рухани жаңғыру» бағ­дар­­ламасы аясында халықтың ру­хани құн­дылықтарын арттыру мақ­сатымен көптеген мәдени жоба­лар онлайн форматта жүзеге асырылды.


Тарихи-мәдени мұраны қорғау және зерттеу мақсатында ежелгі Бәбіш мола қалашығына және ор­тағасырлық Сортөбе, Жанкент, Сығанақ, Қышқала, Асанас қала­шықтарына археологиялық зерт­теулер жүргізілді.


Мәдениет саласына жасалған қамқорлықтар қатары да сиреген жоқ. 18 мәдениет нысанына күр­делі және ағымдағы жөндеу жұ­мыстары жасалды. Бірнеше өнер мен мәдениет үздіктері ла­йықты марапаттарға ие болды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<