Елдікке тұғыр болған құжат

468

0

Әлемдегі кез келген халықтың ортақ ойы, арманы – бостандық, тәуелсіздік. ХIХ ғасырда патшалық Ресей империясынан жерімізді азат етемін деп Сырым Датұлы, Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтемісұлы, Кенесары Қасымұлы, Жанқожа батырлар, ХХ ғасырда Бекболат Әшекеев, Әбдіғаппар Жанбосынов, Амангелді Иманов сияқты батырлар халық көтерілістерін бастады. Олар тәуелсіздік жолында көзсіз ерлік көрсетті.

ХIХ ғасырдың екінші жартысында Шоқан, Ыбырай, Абай халықты озық елдер қатарынан қалыспауға, білімді болуға шақырса, ХХ ғасырдың бірінші ширегінде Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқай, Мағжан Жұмабаев сияқты асылдар ұлт санасын оятты. Аңсаған азаматтығымызды Кеңес үкіметі кезінде де ала алмадық. Ашаршылық, Ұлы Отан соғысында көп қырылған ұлттардың бірі қазақ еді.

Тәуелсіздік дабылындай болып, кеңестік жүйені дүр сілкіндіріп, халықтың санасын оятқан Желтоқсан оқиғасы болды. Осыдан кейін көп ұзамай елімізде тәуелсіздік салтанат құрды. Қазақстан Республикасы 1990 жылы 25 қазанда өзінің мемлекеттік егемендігін жариялады. Мемлекеттің атауы 1991 жылы 10 желтоқсанда Қазақстан Республикасы болып өзгертілді. 1991 жылы 16 желтоқсанда заңды түрде тәуелсіздігіміз жарияланды. Осыдан бастап құқықтық қоғам құруға кірістік. Әлемдік қауымдастыққа, соның ішінде БҰҰ-ға мүше болдық. Елтаңбамыз, Туымыз бекітіліп, Әнұранымыз қабылданды. Қазақ халқы өз Президентін сайлап, әлем елдерімен теңесті. Ұлттық валюта – теңге қолданысқа енді,  Ата Заң қабылданды.

Елімізде көптеген өзгерістер болуда. Жаңа мектептер салынып, оқу орындары ашылып жатыр. Білімді жастар білім гранттарымен, «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқуға мүмкіндік алды. Бұл жастардың жарқын өмірге деген сенімін жетілдіргендей. Осының барлығы тәуелсіз ел болудың жемісі деп білемін.

Ал араға уақыт салып, 25 қазан – Республика күні ретінде қайта бекітілді. Республика күніне Ұлттық мереке мәртебесі берілуі де – біз үшін үлкен қуаныш! Алғаш рет дәл осы күні біз өзімізді республика ретінде әлемге таныта бастадық. Тәуелсіздік алуымызға дәл осы күні күшіне енген декларация себеп болғанын естен шығармауымыз маңызды.

Берік Нұрмұратов,

Абылай хан атындағы  №140 қазақ орта мектебінің

 тарих пәні мұғалімі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<