Аралда балық шаруашылығы тарихы мұражайы құнды жәдігерлермен толықты

459

0

Арал ауданында балық шаруашылығын тарихын насихаттайтын мұражай құнды жәдігерлермен толықты. Бұл мұражай кезінде еліміздің балық шаруашылығы министрі қызметін атқарған белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Құдайберген Саржановтың қолдауымен ашылған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мұражай туған жердің тарихы мен танымын айғақтайтын, мұрасын ұлықтайтын мәдени орын ретінде тұсауын кескен еді. Оған Аралдың толқынынан бойына рух сіңіре білген теңізбен тағдырлас талант иесі, кезіндегі балық шаруашылығы министрі, мемлекет және қоғам қайраткері, Арал ауданының құрметті азаматы Құдайберген Саржанов ұйытқы болды.
Игілікті шараға аудан әкімі Мұхтар Оразбаев арнайы қатысты. Ол мұражай қорын жасақтауға белсене қатысқан Құдайберген Саржановқа алғысын білдірді.
«Тұңғыш Президент- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында «Туған жер» бағдарламасын іске асыруға ерекше мән берілген. Осы бағытта ашылған бұл мұражайдың маңызы зор. Бұл мәдени орынның келешек ұрпаққа өз өлкесін таныту бағытындағы орны ерекше. Мұражайда аса құнды дүниелер жинақталған», – деді Мұхтар Оразбаев.
Шара барысында Арал аудандық атқару комитетінің төрағасы, партия комитетінің бірінші хатшысы болған Балтабай Ақпанбетов пен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ардагер журналист Шәкірат Дәрмағамбетов өз тілектестігін білдірді.

Өз кезегінде Құдайберген Саржанов рухани мұралардан сыр шерткен мұражай жәдігерлермен таныстырды. Көптеген құнды дүниелермен толықтырылған мұражай бірнеше бөлімге топтастырылған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<