Бибінұрдың бизнестегі баспалдағы

533

0

Қорқыт ата атындағы университет дүйім елге белгілі, ал Қорқыт есімін иеленген мектеп туралы естуіңіз бар ма? Жүз елуден аса оқушыға қосымша білім беретін оқу орталығы жуырда ғана бір жылдығын атап өтті. Директоры –  университеттің 3-курс студенті, 20 жастағы Бибінұр Өткелбай.
Талғамы терең, талабы жоғары жас­тарға жүйелі қолдау болса, істің орайы келіп, күрмеулі мәселе оңынан шешіледі. Бибінұрдың да тәуекел етуіне тегеурінді себеп бар. Университетте «Бизнес инкубатор» жобасы жүзеге асқалы бері  «Бизнес-Start» инно­вациялық идеяларды жүзеге асыру орталығы болашаққа бүгіннен бастап инвестиция саламын деген бірқатар студентті бизнес әлемге бағыт­тапты. Орталықтың жетекшісі Жандос Оразмаханов кәсібінен нәсіп тапқан, тірлігі тиянақты студенттер туралы айтып берген.
Бүгінде еті тірі, ебі мол жастардың көбі шағын кәсіп ашуды қолға алды. Рас, «бизнес бастау, кәсіпкер болу» деген сөздер сүйкімді көрінгенмен, діттеген мақсатқа жету әбден таразыланған жос­пар мен маңдай тердің арқасында ғана бұйырады. Сондықтан жас кәсіпкер Бибінұрмен тілдесіп, жетістікпен қатар қиындықтары турасында сауал қойдық.
1,5 сағаттық шара 45 минутта аяқталды…
Бибінұр Өткелбай: – Бүгінде мұнай саласы бойынша, «технологиялық машиналар және жабдықтау» маман­дығында білім аламын. Оқушы кезі­мнен шахмат, қолөнер сайыстарында бақ сынайтынмын. Сондықтан, төрт жыл ішінде білім алумен шектелмей, өз потенциалымды көрсететін, қабілетімді шыңдайтын қосымша кә­сіп­пен айналысуды ойладым. Шағын және орта кәсіп ел экономикасына да, жеке адамдарға да тиімді, сондықтан студенттерді кәсіпкерлік негіздеріне үйрету мақсатында өткен жылы университетте бизнес-инкубатор құрылды. Алғашқылардың бірі болып жазылып, бизнес тренерлерден кеңес алдым. Нәтижесінде ойымды жетекшілер қолдап, университеттің 2-ші оқу ғимаратында «Қорқыт ата» мектебін аштық. Шындығында, бұл бізге үлкен көмек болды. Себебі, студент үшін қала орталығынан ғимарат жалдаудың құны тым қымбат. Ең бастысы, оқу орнымыз осы арқылы студенттердің кәсіпкерлік салада білім алуына, тәжірибе жинап, қазіргі трендтер тынысын тап басуға үлкен  мүмкіндік жасады.
Алғашында мектепте шахмат, то­ғыз­құмалақ, кәсіби сурет, қолөнер сынды 4 үйірме, 13 қызметкер, 2 аудитория болды. Қызметкерлердің 10-ы студенттер болатын. Алдымен жоғары курс студенттерін әңгімелесуге шақырып, қарым-қабілетін анықтауға тырыстық. Бүгінде қызметкерлер саны 15-ке жетті, оның тең жартысы жоғары білімді, кәсіби мамандар болса, қалғаны – жоғары курс студенттері. Бір жыл бұрын жұмыс бастағанымызда тіпті білім беру жүйесі де нақтыланбаған еді. Қазір мектеп өзіндік жолымен, соңынан соқпақ салып келеді. Бүгінде мектеп үш білім беру бағыты бойынша оқушылар қабылдайды. Біріншісі, шахматшылар клубы. Басқа ұйымдардан ерекшелігіміз, топқа оқушыларды логикалық деңгейін анықтайтын тест арқылы қабылдаймыз. Мектепте ақыл-ой спортына жазылған балалардың саны 60-қа жуықтады. Олардың аз уақыт ішіндегі интеллектуалдық нәти­желері жұмысымызға серпін берді, себебі оқушыларымыз облыстық, қалалық жарыстардың бірнеше мәрте жеңімпазы атанды. Биылдан бастап республикалық, әлемдік жарыстарға апаруды жоспарлап отырмыз. Екін­ші бағыт – «Мega Art» орталығы. Мұн­да мектеп оқушыларымен қатар мүм­кіндігі шектеулі балалар да кәсіби түрде сурет салуды және қолөнер жұмыстарын жасауды үйренеді. Сурет салудың өзі құммен, суға сурет салу секілді 9 бағытқа бөлінген. Үшіншісі – білім беру бағыты. Соған орай, орысша, ағылшынша тіл үйірмелері, мектеп алды даярлық, математиканы тереңдетіп оқыту курстарын аштық.
Бүгінде әлдекім мектеп туралы сұраса, бүгінгі жетістіктерден бұ­рын, алдымен қиындықтар көз алдыма келеді. Айталық, өткен жылы университеттің «Студенттер сарайын­да» жаңа үйірмелердің ашылуына орай 400 бала мен ата-ананы шақырып, концерттік кеш ұйымдастырдық. Сол күні сахнада құммен сурет салып өнер көрсетуі тиіс студент келе ал­май, техникалық ақауларға байланысты арнайы дайындалған бейнеролик жұмыс істемей қалды. Кішігірім келеңсіздіктер қосылып, 1,5 сағатқа жоспарланған шара 45 минутта-ақ мәресіне жетті. Кеш соңында ата-аналар, басшылық тарапынан сөз естіп, алып-ұшқан көңілім су сепкендей басылғаны бар. Сонда ғана әрбір істе «асықпай жүріп, анық басу» керектігін ұқтым. Жалдамалы қызметкер бір күндік ісінің тиянақтылығын ойлайды, ал мен мектеп ашу арқылы біржылдық нәтижені ойластырып, бала мен ата-ана, қызметкерлер алдындағы әрбір сөз үшін жауапты болуға үйрендім, – деді ол.
Бүгінде университет басшылы­ғының сенімі мен жас та болса, сөзі салмақты, ісі тиянақты Бибінұрдың тәуекелі арқасында «Қорқыт ата» мектебі жүзден аса оқушыға білім беруде. Оқу орнындағы жас кәсіпкерлерді қолдау орталығының көмегімен та­бысты кәсіп бастаған студенттер қатарында қолөнерші, облыстық көрме, байқаулардың жеңімпазы Бағжан Шайхислам, «Ееgo» вайн түсіру тобын құрған Азамат Тұрсынбайұлы, SMM  саласында тренер Асхат Әбдіразақ та бар. Жастар өз жұмыстарын әлеуметтік желіде жарнамалауды жолға қойған, нәтижесінде негізгі тұтынушылары желі қолданушылары екенін білдік.

Байқағанымыз, жас кәсіпкерлер берекелі бизнесті дөңгелетіп, мақсатқа жетуі үшін әлі де мол тәжірибе жинап, еселі еңбек етуі қажет. Мұндайда табиғаттың тылсым жағдайы еске түседі. Айталық, пілләдан көбелек жарып шығар кезде, қауашақтың іші 80 градусқа дейін ысып-күйе бастайтын көрінеді. Әлгіндей ыстыққа шыдағанда ғана қабыршақтың ішінен дүниеге әдемі көбелек келеді. Біздіңше, бизнес жолы да сондай. Өз ісіңнің ыстық-суығын сезінбей, қыр-сырын түсінбей көшбасшы кәсіпкер болу мүмкін емес.


Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<