ӨЛКЕТАНУ – ОТАНДЫ СҮЮ

712

0

ӨЛКЕТАНУ – ОТАНДЫ СҮЮ Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы көкірегі ояу, көзіқарақты жанның бәріне ой салары сөзсіз. Мақалада туған жерге деген сүйіспеншілікке, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу мәселесіне де кең орын берілген.  

Бұл мақалада үлкен мән жатыр. Туған жерін тани білген адамның, мектеп қабырғасынан оның тарихын, әрбір сай-тасының қадірін бойына дарытқан жанның ой-өрісі де бөлек болады. Сондықтан «Рухани жаңғыру» мақаласы шын мәнінде рухани бағдарламаға айналды.

Иә, жастайынан өз өлкесін танып өсетін ұрпақ қайда жүрсе де туған жерін ешқашан ұмытпайды. «Туған жерге туың тік» дегендей, бірі туған ауылында қалып еңбек етсе, енді бірі сыртта жүріп-ақ, өскен өңіріне қолдан келгенше қолдау көрсетіп жатады. Осы тұрғыда «Рухани жаңғырудан» туындайтын «Туған жерге – тағзым» атты  игі шаралар да өз жемісін беруде.

Әркімнің туған өлкесі өзіне ыстық. Шөл далада тусаң – кең далам, тауда тусаң – асқар тауым дейтініміз содан. Менің кіндік қаным тамған жерім – Жаңақорған ауданы облысымыздағы өндірісі өркендеген өңірдің бірінен саналады. Аумағы да үлкен. Дала десең даласы, тау десең тауы бар. Сол даласы мен тауына сай кен байлықтарға да бай. Қаратаудың Өгізмүйіз тауы етегінде елімізге белгілі Шалқия кеніші орналасқан. Қызылқұм шөлі, Қаратау сілемдері, Сырдарияның Бесарық, Ақүйік, Жиделі салалары болып таралатын өзендері, Борықтыкөл, Нарсоққан, Бозкөл, Қандыарал, Шұқырой сияқты көлдеріне қоса көне тарихи-ескерткіштер көп. Қарасопы, Қорасан ата, Құрбан ата, Сунақ ата, Алты ата, Ақтас мешіті, Төлегетай-Қылышты ата кесенелері бір бөлек болса, ежелгі Ақ Орданың астанасы болған Сығанақ қаласының орны да келушілерді қызықтырары даусыз. Сығанақты айтқанда, қазіргі тәуелсіз еліміздің бас қаласы, бүгінгі Ақ Ордамыз – Астана қаласының көшелерінің біріне ескі Сарайшық қаласының атымен қатар Сыр бойының Саураны мен Сығанағының да аты берілгені, кеудемізде ерекше мақтаныш сезімін оятатынын айта кеткен орынды ғой деп ойлаймын.

Жаңақорған өңіріндегі қасиетті жерлерді жалғастыра түссек, құм астында қалған Сауран, Өзгент, Аққорған, Ордакент сияқты ежелгі қалалардың тарихы да көне замандар сырын шертеді. Аттарының өздері айтып тұрғандай, бұл қалалар да ежелгі мемлекетіміздің өсіп-өркендеуінде зор рөл атқарған. Осы қала орындары өздерінің қайталанбас атауларымен еліміздегі маңызды тарихи ескерткіштері тізіміне кірген.

Сондай-ақ, аудан аумағындағы әйгілі емдік-шипажай да бергі кезеңдегі – кеңестік дәуірден бері халқымыздың көңілінен шығып келе жатқан мақтанышымыз. Теріскен көлінің табиғи қара балшығы мен минералды суын пайдаланатын Жаңақорған санаторийіне деген елдің ықыласы әлі төмендеген емес.

Осындай киелі орындарға бай жеріміз мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, халық әртісі, атақты дирижер, еңбек ардагерлері және басқа танымал тұлғалардың елі. Енді осы аға буынның өнегелі дәстүрлерін орта буын, жас буын ұрпақтары жалғастыруда.

Облысымыздың қай ауданына барсаңыз да әр өңірге     тән ерекше тарихи жәдігерлер, танымал жер-су аттарын иеленген жерлер жетеді. Сондықтан Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыс басшылығының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан істер өте маңызды.

«Өлкетану» курсы өзінің  аты айтып тұрғандай, бүгінгі жас ұрпаққа туған жердің тарихы мен оның танымал тұлғаларын таныстыруға, оқушылардың бойына патриотизмді сіңіруге өзінің зор септігін тигізері сөзсіз. Жаңа курс оқушылар үшін мектеп қабырғасымен шектелмей, табиғат аясында және тарихи, киелі жерлерге саясатқа һәм зияратқа ұласатындай экскурсиялар жиі ұйымдастырылса нұр үстіне нұр болар еді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасында осы маңызды мәселе жөнінде де жақсы айтылған: «Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі.Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс».

Шынында да, жас ұрпақты тәрбиелеу – бәріміздің міндетіміз. Үлкендерден тәрбие алып, туған жерден түлеп ұшқан әрбір жан оның өнегелі тарихы мен сол жерге өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың үлгісімен сусындайды. Біртуар перзенттерінің өмір жолдарынан үйренеді. Тарихи жерлерінің мән-мазмұнын өзінен кейінгілерге айтады, келген қонақтарына көрсетеді, сондай-ақ, атамекен, ел үшін ізгілікті іс атқаруды перзенттік парызы санайды. Мәселен, Кейден ауылдық округіне қарасты Аққұм елді мекенінің келешегі кемел болады деп сенемін. Ауылдан қос қабатты 100 орындық білім ошағы заңдылыққа сай бой көтерілуде және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік жол бойынан ауылға қарай қиыршақ тасты жол, дәрігерлік емхана салынды, халықтың көптен күткені жүзеге асты. 

Сонымен қатар, экологиялық хал-ахуалын жақсарту және тұрғындарды аяқсу және ауызсумен толық қамтамасыз ету бағытында Кейден, Аққұм, Қауық ауылдарында шешімін таппай тұрған мәселелер әлде де бар екенін айтпасқа болмайды. Ал Жаңақорған кентінің аяқсумен толыққанды қамтамасыз ету мақсатында «Тайпакөл-Қандыарал көлдер жүйесін қалпына келтіру» жобасының жүзеге асырыла бастауына, кент орталығының ауыз умен қамтамасыз ету жолындағы құрылыс жұмыстары орындалып жатқанына өңірдің перзенті ретінде қуантатыны рас.

Өлкетануды айтқанда, туған жердің тарихын қозғағанда, осындай тәрбиелік маңызды игі шараны терең білу үшін, ең алдымен оны таныстыратын жерлерге мән беру керектігіне тоқталмаса болмайды. Мақаламызда айтылғандай, өңірімізде аудан тұрғындарына да, келер қонақтарға да көрсете алатын тарихи ескерткіштер баршылық, бір сөзбен айтқанда, жергілікті туризмді дамытуға негіз бар. Дегенмен, аудандағы қазіргі өлкетану мұражайы ғимаратының барымызды бар етіп көрсетуге тым тарлық етіп тұрғаны білінеді. Жәдігерлер сақтайтын қор аядай ғана болғандықтан өлкетанудың мазмұны да тарыла түсетіні белгілі. Биыл іргетасы 1928 жылы қаланған Жаңақорған ауданының құрылғанына 90 жыл толып отыр. Ендеше осы айтулы мерейтойлық жылға орай аудандық өлкетану мұражайының да қазіргі заманға сай ғимаратты болуына көңіл бөлінеді деп сенеміз.

Иә, «Отан – отбасынан басталады» дегендей, туған жерің – кіші Отаның, ата-бабаңның атамекені. Ендеше туған жеріңді тану, өлкетану – Отаныңды сүю деген сөз. Өлкетану рухани жаңғыруға бастайды. Ал рухы жоғары адамның туған жерін сүймеуі мүмкін емес.

Жанкелді ЫСҚАҚОВ,

облыстық мәслихат депутаты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<