Қызылордада мектептерде оқу онлайн форматта жүргізіледі

664

0

Қызылорда облысында үшінші тоқсанда облыс және аудан орталығындағы мектептерде оқушылар 31 қаңтарға дейін қашықтықтан оқыту форматында білім алады.


Өңірде үшінші тоқсандағы оқу процесі 17 қаңтардан бастау алады.


Қазіргі таңда Қызылорда облысында эпидемиологиялық ахуал күрделеніп, «қызыл» аймаққа енді. Осыған орай облыстың Бас санитарлық дәрігерінің қаулысы шықты. Онда облыс және аудан орталықтарындағы мектептерде 31 қаңтарғ дейін қашықтықтан оқыту форматында жүргізілетіні хабарланды.


Сондай-ақ, арнайы мамандандырылған ұйымдар, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған, жалпы үлгідегі, дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттары қашықтықтан оқиды. Колледж студенттері 6 ақпанға дейін онлайн форматта білім алады. Ал ауылдық мектептерде оқыту дәстүрлі режимде жалғасып, өңірдегі мектепке дейінгі білім беру ұйымдары штаттық режимде жұмыс жасайды. Балалардың түзету кабинеттері, балалар мен ересектердің білім беру орталықтарының (мектептен тыс ұйымдар) жұмысына топты 15 адамнан артық толтырылмаған кезде алдын ала жазылу бойынша штаттық режимде жұмыс жасауына рұқсат етіледі.
Барлық білім беру ұйымдары еліміздің және облыстың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қолданыстағы қаулы талаптарына сәйкес, күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режиммен жұмыс жасайды.


«Әр білім беру ұйымы балалардың өмірі мен денсаулығына қауіпсіз жағдай жасау бойынша барлық сақтық шараларды қабылдайды. Қазіргі таңда мектептер санитарлық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Оқу орындарын желдету, ылғалды тазалау, кварцтаудан тұратын кешенді іс-шаралар жүйелі түрде жүргізіледі. Үшінші оқу тоқсанында облыстың білім беру ұйымдарында карантиндік шараларды сақтауға қатысты арнайы топтар мониторингті жүйелі түрде жүзеге асырады», – деді облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<