Әкеге сағыныш (естелік-эссе)

2142

0

Қазақ халқының түсінігінде «Мейзамшуақ» деп аталатын мезгіл бар. Бұл аптап ыстықтың беті қайтып, салқын күндердің басталар уақытындағы екі ортадағы өліара шақ. Ыстық та емес, салқын да емес, жанға жайлы, қыркүйектің аяғы мен қазанның басы шамасындағы мерейлі мезеттер. Табиғат ана қатқыл күндердің алдында бір дамылдап алыңдар, шаруаларыңды жасап алыңдар деп беретін сый іспеттес күндер. Ал мен сізге адам өміріндегі мейзамуақты мезгіл қай тұс екенін айтайын, ол – әр адамның әкесінің тірі кездері. Мейзамшуақтан кейінгі салқын күндердің келуі секілді әкеміз өмірден өткеннен кейін тағдыр атты тақтамыздың қиындай түсетіні, арқасүйер адамның болмауы, орнының ойсырайып қалуы да осы сөзімді қуаттайтындай. Жаратылыс біткеннің жадында «Әке» ұғымы қасиетті һәм қадірлі кейіпте сақталған.

Менің әкем Әбдіқали Досаев қызыл шырайлы, ұзын бойлы, кең иықты кісі болатын. Табиғатынан тік мінезді, көп сөйлемейтін, қатал мінезді еді. Аз сөйлеп, көп іс қылуды қалайтын. Балалық шақтағы бал естеліктерде әкемнің сұстылығы көп есімде қалыпты. Анамыздың «Әкелерің келе жатыр, құманын дайындап, қолына су құйыңдар, шай дайындаңдар, ат-көлігін жайғастырыңдар» деген сөзі парыз амалмен тең еді. Сондай бір сәттерде інім екеуміз шай үстінде жиі шекісіп қалатынбыз. Сонда әкем «тәйт» деп көз астымен қарағанда тез өзімізді жыйып алатынбыз. Бұдан асқан үкім, бұдан асқан пәрмен болмаушы еді. Түздің ісі мен үй шаруасының тап-тұйнақтай етіп бітуіне осы бір тәйттің өзі жетіп жығылатын. Есейе келе ұққаным, осы сөздің күшімен біздегі алғашқы азаматтық көзқарас қалыптасты, өмірді де осы сөз арқылы таныдық. Тағдыр теңіздің таяздау тұсында көңіліміз құрып, салымыз суға кеткен сәтте де осы «тәйт» деген сөз еңсемізді көтеріп, бағытымызды айқындады десем, артық болмас. Тәйтімен-ақ тәрбиенің үлкенін көрсеткен өткеннің әкелері қандай дана еді деп таңғаламын кейде.

Қанша жақсы көрсе де, сыртқа білдірмейтін жан еді. Ішімен сүйіп, сыртымен тәрбие беретін еді-ау… Әкем туралы айтқанда оның қазақ көркем әдебиетінің шығармаларын, жергілікті мерзімді басылымдарды үзбей тұрақты оқитыны санама оралады.  Қым-қуыт тіршіліктен қолы босай қалса, жастана кітап парақтайтын. Кейде кезек бізге келіп, оқытып қоятын. Ойын баласы қанша қаламасақ та, әке мінезінен қаймыққан біздер күн ұзағы батырлар жырын, әңгіме-хиссаларды дауыстап оқып отыратынбыз. Өзі шалқалап жатып тыңдайды. Баладан қулық қалған ба, ұзай бере ұйқыға кеткен болар деп, тайып тұруға бет қылғанымызда, «я» деп белгі беріп, әрі қарай оқуымызды сұрайтын. Балаларым кітапсүйер, оқыған, зиялы болсын деген асыл арманының бастауында өзі үлгі болуды қалаған екен-ау, сол қарқынмен біз де кітапты біршама оқитын жағдайға жеттік. Кейін өзіміз де біріміз әке, біріміз ана атандық. Өмір деген даңғыл жолда көп мәселелерге бетпе-бет келдік. Бір байқағаным, сол кезде жиған біліміміз бізге тәжірибе барысында көп көмектесті.

«Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деп жатамыз ғой. Бірде той, бірде қайғылы жиындарда әкемнің көзін көрген жандарды жүздестіріп қаламын. Оңашалай қалсақ әкем туралы сөз етіп, ол жайлы естеліктерді сұрағанды жаным сүйеді. Замандастары әкемнің қолы ашық, жомарт жан болғанын айтады. Көмек сұрап келген кісілерге қол ұшын беріп, көмектесетін. Бұл тұста да балалары қандай ізгі қасиетті үйреткісі келсе, өзінің ісімен көрсетіп барып насихаттайтынын байқауға болатындай.  Қысылып келген кісіге қорасындағы малын жетектетіп жіберетінін талай көрдік. Бала пейілмен кейде қызғанып қалып, «Әке, неге бересің? Мал көбейгені дұрыс қой» деп қалатынбыз. Сонда әкем миығынан күліп, «Балам, көпті Құдай береді. Бермеймін дегеннің малы қырда ит-құсқа жемде болып жатыр ғой. Бергеннің сауабы көп, кең болсаңдар кем болмайсыңдар» дейтін.

Ол күндердің тек сағым сәттері ғана қалды. Сағыныш атты таудың шыңында талай болып едім-ау… Қанша жерден анаң тірі болса да, бауырларың жаныңда жүрсе де, әкенің орнын ешбір жаратылыс баса алмайды екен. Кейде әке деп атап, мойынына мейірлене асыла кететін мезеттерді аңсайсың. Кейде түн баласы түсіңде көріп, сағыныштың сазымен жылап оянатын да сәттер болады. Қазірде өзіміздің қос-қостап баламыз болып, өзіміз ата-ана атанып отырсақ та, кейде бала болғымыз келетіні жасырын емес. Дегенмен амал жоқ… Біз түсінгіміз келсе де мойынұсынғымыз келмейтін ақиқат осы болса керек. Көңілге тек артында қалған ұрпақтары мен өзінің тәтті тілегі медеу болады. Өзі көп дұғасында «Көп жас сұрамаймын, баянды ғұмыр тілеймін. Балаларымның алдында кетсем жетіп жатыр» деп отыратын. Расында да, Алла Тағала әкеміздің осы тілегін қабыл алғандай, 72 жасында балаларының ортасында, әзиз бейнеде мына фәни жалғанмен қош айтысып кете барды.

Жазира ӘБДІҚАЛИҚЫЗЫ

*сурет ашық дереккөзден алынды

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<