Бағытымыз – әділ және бәсекелі экономика құру

235

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Egemen Qazaqstan» жалпыұлттық газетіне берген сұхбатымен толық танысып шықтым. Газеттің әр шығарылымын күтетін, ауылдағы елге төрелік айтып отырған ақсақалдар да, жастар да  бұл сұхбатты оқып шықса деп ойлаймын.

Президент әңгіме барысында былтырғы жылдың маңызды оқиғаларын, негізгі саяси реформаларды атап өткен. Біздің қазіргі негізгі бағытымыз әділ және бәсекелі экономика құру болуы керек деп есептеймін. Экономиканы әртараптандыру және монополиядан арылту, инфрақұрылымды жаңғырту, бизнесті қолдау, инвестиция тарту жұмыстарын биыл да жалғастырсақ, жұмысымыз бір жүйемен сабақтаса түсер еді.

Қазір елімізде, аймақта жайлы мектептер салынуда, ауылдарға сән берген денсаулық сақтау нысандарына көз тояды. Әлеуметтік қолдау саласында да ілгерілеушілік бар.

Байқап отырсам, Президент атап өткендей, болмашы нәрселер мен ұсақ-түйекті талқылап, бір-бірімізбен қызылкеңірдек болып жататын кезіміз көп. Пайдасыз істер уақытымызды, күш-жігерімізді ұрлап, кейде сыйластығымызға сызат түсіріп жатады. Сондықтан ізімізден ерген жастарға Президенттің «Алайда біздің бұрын кім болғанымыздан қазір кім екеніміз, ең бастысы, болашақта кім болатынымыз әлдеқайда маңызды. Сондықтан қандай қиындықтан өткенімізді бағамдайтын кезде ғана ауызбіршілік танытпай, баянды болашаққа да бірге қадам басуымыз қажет. Біз өткенді аңсаумен өмір сүрмеуіміз керек. Керісінше, келешегімізді кемел етуге ұмтылып, ұлттың ұлылығын нақты іспен дәлелдеуге тиіспіз. Дүниетанымымызға жат мәдениеттерге көзсіз еліктеуден, жалған патриотизмнен, даңғойлық пен дарақылықтан сақтануымыз керек. Халқымыздың бойындағы кемшіліктерге көз жұма қарамай, одан арылуымыз қажет. Мұның бәрі күн сайын құбылған тұрлаусыз заманда өмір сүріп жатқан Қазақстанның келешегі үшін айрықша маңызды» деген сөзін назарда ұстау керек дер едім.

Әлем күн сайын өзгеріп, жаңа технологиялар, мамандықтар және салалар пайда болып жатқанда жастар жаңа кәсіби дағдыларды меңгеруге және озық білімін тиімді пайдалануға ұмтылуы тиіс. Мемлекетіміздің бүгінгі даму сатысын айқындап берген сұхбаттың түпкі ойы осында деп ойлаймын.

Имамзада ШАҒЫРТАЕВ,

Қазақстанның Еңбек ері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<