Баймырза Қожамберлиев: Бізге экономикалық патриотизм қалыптастыру қажет

493

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің кезекті сессиясының ашылуында халыққа жариялаған Жолдауында Парламент, Үкімет, уәкілетті органдар және барлық мемлекеттік аппарат алдында ізденіс кезеңіндегі жұмыстың негізгі бағыттарын белгілеп, нақты тапсырмалар беріп, жаңа міндеттер қойды. Мемлекет басшысы республика деңгейінде шұғыл шараларды талап ететін проблемалық мәселелерді де нақты атап өтті.

Осы орайда философия ғылымдарының докторы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің философия және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының профессоры Баймырза Қожамберлиев ел Президенті көтерген мәселелерге қатысты пікір білдірді.

Халықтың жағдайына тікелей әсер етуі тиіс

Президент атап өткендей, елдің жаңа экономикалық бағытының айқындаушы қағидаттары әділдік, инклюзивтілік, прагматизм болады. Мемлекеттік аппараттың алдына саяси реформаларды түбегейлі және жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформаға ұштастыру міндеті қойылып отыр. Дегенмен, Жолдаудың басым бағыты экономикаға бағытталғанымен, барлық экономикалық іс-шаралардың нәтижесі халықтың жағдайына тікелей әсер етуі тиіс.

Тағы бір айта кетерлігі, Мемлекет басшысы «Осы Жолдауда айтылатын міндеттің бәрі үш жылдың ішінде орындалуға тиіс» деді, яғни, бес-он жылдық ұзақ мерзімді жоспарларды тоқтату керек. Жолдауда көптеген бағыттарды қамтитын және әлеуметтік-экономикалық реформалардың бірыңғай жүйесін құрайтын жүзден астам түрлі идеялар мен ұсыныстар айтылған екен. Экономикалық мәселелерді шешуге бағытталса да, онда әлеуметтік сипаттағы маңызды бастамалар бар. Қоғамның барлық мәселелері қамтылған. Бірақ осындай қысқа мерзім ішінде Жолдауда айтылған міндеттерді толық орындау қаншалықты мүмкін?

Бұл тұрғыдан алып қарасақ, Жолдау – үлкен тәуекелге бару деген сөз. Мысалы, экспорттың үлесін көбейтуді алайық. «Біз экспортты ұлғайта отырып, ішкі нарықты да ұстап тұруымыз керек» деді Президент. Дегенмен, отандық өнім өндірушілер соншалық бәсекеге қабілетті емес. Біз осындай мәселелерді ашық айтуымыз керек.

Оған қоса, Жолдаудан туындап отырған нақты міндеттің бірі – алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізу. Президент жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керегін айтып отыр. Мен жақында Солтүстік Қазақстан облысында болдым. Біраз күн араладым. Сондағы шаруалардың айтуынша, былтыр бидайдың тоннасы 120-130 мың теңгеден сатылған. Оның өзі шаруалар үшін тым арзан болды дейді. Ал биыл 50-60 мың теңгеден ғана өткізіп отыр. Себебі, көршілес Ресей егіннен мол өнім алған. Сондықтан контрабандалық жолмен Ресей өнімі нарықты жаулап алды. Осындай жағдайда сала бәсекелестікке төтеп беруге қабілетті ме?

Мемлекет басшысы Жолдауда Солтүстік Қазақстан облысын мысалға келтірді. 100-ден астам ірі сүт-тауар фермасы салынып жатқанын көпке үлгі етті. Әрине, мұндай істер көңіл қуантады. Бірақ, кеше ғана Алматыдағы және Солтүстік Қазақстан облысындағы ірі сүт өңдеу кәсіпорындары жабылғаны, 12 құс фабрикасының жұмысы тоқтатылғаны туралы ақпарат шықты. Себебі көрші елдерден сапасы күмәнді өнімдер көптеп әкелінуде.

Тағы бір мәселе – қорғаныс саласы. Әскерімізді өзіміз жабдықтай алатын болуымыз керек. Бұл идеяны қолдаймыз. Бірақ, қазіргі уақытта қорғаныс саласының өзінде де бөлінген қаржының талан-таражға түсуіне байланысты қылмыстық істер қозғалуда. Отандық қорғаныс өнеркәсібінің әлеуетін арттыру ісінде осы жағдай қайталанбасына кім кепіл?

Осындай жағдайда «Мемлекет басшысы Жолдауда қойып отырған межеге жету мүмкін бе?» деген сұрақтың туындауы заңдылық. Президент жалған статистика, бұрмаланған ақпаратқа емес, елдегі нақты жағдайға сүйеніп шешім қабылдап отыр деп сенеміз. Себебі, отандық өнімді дамытамыз десек, қатаң шаралар қолдану қажет болады.

Міндетті орындаудың тетіктері қандай?

Сондай-ақ, 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін 450 миллиард долларға дейін екі есе ұлғайту мақсаты қойылды. Ол үшін еліміздің ішкі жалпы өнімі жылына кемінде 7 пайыз өсіп отыруы керек екен. Қазір біз инфляцияны ауыздықтай алмай отырмыз. Сонда Жолдаудан туындап отырған бұл міндетті орындаудың тетіктері қандай болмақ?

Жолдаудың барлық аспектілерін атап өту мүмкін емес. Біз бірнешеуіне ғана тоқталып отырмыз. Жалпы, қоғамды толғандырған көп мәселе айтылды. Ендігі мақсат – осы қойылған міндеттерді шешу.

Сондықтан қоғамның әрбір мүшесі өз үлесін қосуы керек деп ойлаймын. Бұған дейін қаншама Жолдау жасалды. Экономикалық реформалар қолға алынды. Барлығы бірдей алға қойған межесіне жетті деп айта алмаймыз. Мысалы, бір ғана тіл мәселесі бірнеше рет айтылды. Мемлекет басшысының өзі тіл мәселесіне бей-жай қарасақ, ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төнуі мүмкін екенін айтқан еді. Бірақ, былтырғы жалпыхалықтық референдумда Ата Заңымызда мемлекеттік тіл мәртебесін нықтай алмадық. Үкіметіміздің өзін қазақшалай алмай отырмыз. Сол секілді қаншама рет айтылса да, күрмеуі қиын мәселе көп.

Сондықтан халықтың сенімін жоғалтпау үшін Жолдауда айтылған нәрсенің айтылған жерінде қалмауы тиіс. Бұл ретте биліктің негізгі күші – халық.

Дәл осы тұрғыда біз патриотизм туралы айтуымыз керек. Біз патриотизмді тек идеологоиялық тұрғыдан қарап жүрміз. Бірақ оның экономикалық сипаты да бар. Мұны естен шығармау керек. Мысалы, неміс патриотизмін алайық. Тарихта «Герман кереметі» деген болды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Германия аз уақытта еңсе тіктеді. Зауыттар ашылып, сөрелерде тауарлар пайда болды. Неміс маркасы әлемдегі ең қажетті валютаға айналды. Неміс халқы оған қалай қол жеткізді? Қарапайым тілмен айтсақ, қоғамда «тауар алсаң немістің өнімін ал, ақша жұмсасаң немістің маркасын жұмса» деген қағида қалыптасты. Міне, бізге де қазір осындай патриотизм қажет сияқты.

Ал мұндай экономикалық патриотизм қалыптасу үшін қазіргі қоғамға сана серпілісі керек. Жолдаудан туындайтын әр міндет азаматтардың санасына ұялауы керек. Жолдауды насихаттауда да бұрынғыдай халықты жинап алып бес-алты баяндама оқумен шектелмеу қажет. Түсіндірме жұмыстары формальді түрде өтпеуі тиіс.

Ұлттық бірегейлік – елдің ұйытқысы

Сана деген – объективті дүниенің субъективті бейнесі. Соңғы кезде ұлттық сананы қалыптастыру туралы айтылып жүр. Ол үшін әуелі санада серпіліс болуы керек. Халқымыздан бір серпіліс күтеміз.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда өзекті мәселе көтерді. Мемлекет басшысы «Саяси-экономикалық реформаларды қоғамдағы әлеуметтік-мәдени өзгерістермен қатар іске асыру керек. Бұл – маңызды міндет» деген болатын. Жалпы, кез келген өзгеріс қоғамды түгел қамту керек. «Елімізде жаңа қоғамдық этика қалыптасуы керек. Онда ел бірлігі және тұрақтылығы, әділдік, заң мен тәртіп, сенім және жауапкершілік сияқты құндылықтар үстемдік құру қажет» деп атап көрсетті.

Бұл ретте қоғамдық этиканың қалыптасуы – қоғамның түзу жолда дамуы деген сөз. Президент ол үшін бірінші кезекте ұлттық бірегейлік керек деді. Ал ұлттық бірегейлік деген не? Оны әркім әртүрлі тұрғыда айтып жүр.

Мысалы, Қазақстан – көпұлтты ел. Көп ұлттардың елімізге келуіне озбырлық саясат себеп болды. Тәуелсіздік алғаннан кейін олардың көпшілігі өз отанына кетті. Бірақ әлі де отанын Қазақстан деп санайтын ұлт өкілдері бар. Бұл ретте мәселе елдің саяси тұрақтылығымен ұштасып жатқанын да ұмытпаған жөн. Ұлтаралық саясаттың дұрыс жүргізілуі маңызды.

Сонда біз ұлттық бірегейлік мәселесін неге көтеріп жүрміз? Қарап отырсақ, бізден басқа да көпұлтты елдер бар. Олардың бізден ерекшелігі – бір ғана ұлттың тілінде сөйлейді. Бір ұлттың маңайына топтасады. Неге біздің елімізде мәселе осы тұрғыда шешілмейді?

Жақында ғана Ақмола облысы Жарқайың ауданының орталығы Державин қаласының атауы Кенесары деп өзгертілді. Бұл бастаманы қала тұрғындарының басым көпшілігі қолдағанымен, жүзден аса адам қарсы шыққан екен. Кейін әлеуметтік желіде бірқатар азаматтар «Кенесары деген кім? Біздің қаламызға не қатысы бар?» деген сипатта наразылықтарын білдіріп жатты. Демек, қазақтың қаһары болған, ұлтқа ортақ тұлға Кенесарыны қазақ жерінде туып-өскен, білім алған азаматтар білмейді деген сөз.

Бұл бір ғана мысал. Әйтпесе, солтүстік аймақтарда атауы орысша елді мекендер көп. Біз оларды қазақшалаймыз деп жүрміз. Бірақ, алдымен ондағы азаматтарға тарихымызды түсіндіруіміз керек. Қазақ халқының сана-сезімін өзге ұлттарға күштеп енгізе алмаймыз. Біз халқымыздың салт-дәстүрін, тіліміз бен тарихымызды түсіндіру арқылы ғана осындай ұлттық бірегейлікке жете аламыз.

Дайындаған

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<