Елдік мүдде мінбері

274

0

Ұлттық Құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел ішінде ретсіз ескерткіш тұрғызу, әлеуметтік нысандарға, көшелерге ат беру мәселесіне тоқталды.

Әрине, ата-анасын әркім де құрметтейді, кейінгі ұрпаққа аты қалғанын қалайды. Туған жерге, елдің еңсесін тіктеуге күш-жігерін жұмсап, халық аузында қалған кісілердің жөні бөлек. Ал рулық, туыстық рәуіште бұрынғы өткен бабаларына ескерткіш тұрғызу, ерекше еңбегімен еленбесе де, оны асыра көрсетіп, көше сұрау дағдысының қоғамда орын алып отырғаны рас.

Бұл жөнінде ел Президенті былай деп атап өтті:   

«Әрбір қазақ ата-бабасын құрметтейді, рухына тағзым етеді. Сондықтан шежіре біздің мәдени кодымыздың ажырамас бөлігіне айналған. Бірақ біз тек қана осы түсінікпен шектеліп қалмауымыз қажет. Ең бастысы, бұл мәселені ешқашан саясатпен араластыруға болмайды.

Соңғы кезде ата-бабасының, жерлесінің есімін ұлықтауды сұрап, ұжымдық хат жазу әдетке айналып барады. Атасына ескерткіш қоюды, көшеге атын беруді өтінетіндер көбейді. Бұл – жағымсыз жағдай. Мұндай ұстанымдар еліміздің біртұтас идеологиялық кеңістігіне зиян келтіреді. Ұрпақ тәрбиесіне кесірін тигізеді. Тіпті шетелде бізді көне заманға және кеңестік кезеңге қатысты монументтер қаптаған «Ескерткіштер елі» деп айтатын болды».

Сонымен бірге Президент адами құндылық, ниет, пейіл тазалығына да қатысты мағыналы ойларын ортаға салды. Қазақтың марқасқа жазушысы Әбіш Кекілбаевты мысалға келтіре отырып, атақты өнер тұлғасы Ілия Жақановтың сол ортада отырғанына назар аударды.

Мұның өзі елдікті сақтап, күшті мемлекет болу жолында адамның рухани байлығы, өнегелі тұлғасының да маңызы бар дегенді білдіреді. Осындай алып тұлғалардың ұрпақ тәрбиесіне тигізер ықпалы орасан.

«Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды» деді Президент.

Жалпы қоғамдық институт ретінде қалыптасып үлгерген Ұлттық Құрылтай жұмысы еліміздің өсіп-өркендеуіне, идеологиямыздың беки түсуіне қызмет етіп келе жатыр.

Әріп ХОЖБАНОВ,

облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<