Өткен жыл несімен есте қалды?

614

0

Өткен жыл несімен есте қалды? Қала көлемінде құрылыс қарқыны артты. Көптеген тұрғын үй бой көтерді. Сондай-ақ  «Өнер орталығы», «Анаға тағзым» сарайының салынуы, сол жағалаудың қарыштап дамуы, оған халықтың көптеп қоныстануы жылдың жаңалығы деуге болады.

Түркі әлеміне біздің жыраулық дәстүр жоғары бағаланғаны көңіл құсын көкке шарлатты. Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы облыстық филиалының жұмысы да қорытындыланды. Сыр бойындағы айтыс мектебі үшін жемісті әрі жеңісті сәттер көп болды. Үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязовтың Қырғыз елінен қос бас бәйге жеңіп алуы, Мөлдір Айтбайдың Моңғолия жерінен бас жүлде әкелуі тектен-тек емес.

Біздің жас кезімізде жаңажылдық кешке әркім маска киіп келетін. Аңның маскасын кисе, оның пайдалы тұстарын айтып мақтанатын. Төрт түліктің маскасын кисе, адамға пайдалы жақтарын көрсететін көріністер қоятын едік. Барлық балғындарға сый-сияпаттар мен түрлі тәттілер тарататын. Қазір заман өзгерген, жеңіл әзіл, мәнсіз ойын көбейіп кеткені кейде көңілге томпақ тиіп жатады. Жаңа жыл бұрынғы сипатын, бастапқы қадір-қасиетін жоймаса деп ойлаймын.

Жаңа 2024 жыл қазақша жыл санауда Ұлу жылы деп аталады. Ал күллі Түркі әлемінің ұғымы бойынша Көкбөрі жылы деп қабылданады. Көкбөрі – біздің түпкі атауымыз. Сондықтан бұл жылдың берекесі көп болады деп ойлаймын. Қазақ халқына, Сыр еліне бірінші денсаулық, екінші абырой, үшінші байлық берсін. Денсаулық болса, абырой болса, байлық өзі келеді. 

 Шығыстың абыз ақсақалынан «Жаңа жылды қалай түсінесіз? Өткен жылдағы ең жақсы сәтеріңіз қандай?» деп сұрағанда, келер жылға аман-сау жетсем, жылдың бәрі табысты болды деп есептеймін деген екен. Сол секілді айдан аман, жылдан есен жүре берейік.

Серік ЫДЫРЫСОВ,

«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері,

Қармақшы ауданының Құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<