Президент алып-қашпа әңгіменің нүктесін қойды

423

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің бас басылымы «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатын ықыласпен оқып шықтым. Биыл ел өмірінде үлкен өзгерістер орын алып, экономикалық, қоғамдық-саяси және гуманитарлық салаларда атқарылатын жұмыстың негізгі бағыт-бағдары бірінші тоқсанда-ақ айқындалатынын Президент тілге тиек етіпті. Өткен жылда орын алған маңызды оқиғаларға тоқталған Мемлекет басшысы алдағы міндеттерді де саралап берді.

2024 жылы елімізде бірқатар ауқымды іс-шаралар өтетініне тоқталды. Қазақстан бірнеше беделді халықаралық ұйымға, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Түркі мемлекеттері ұйымына, Аралды құтқару халықаралық қорына, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына төрағалық етпекші. Бұл біз үшін абыройлы әрі жауапты іс болмақ.

Сұхбатта халықты толғандырған мәселелер жан-жақты қамтылып, оған Мемлекет басшысының толыққанды жауап бергенін байқаймыз. Көптің көкейінде жүрген Қаңтар оқиғасының шығу себебіне терең  үңіліп, оған талдау жасайды. Осы кезге дейін айтылып келген алып-қашпа әңгіменің нүктесін қойды деп ойлаймын. Саяси реформалар жасауға бетбұрған Қазақстанның алдында үлкен міндет-мақсат тұрғанын және оған әрбір азаматтың барынша адал еңбек етіп, үлес қосуын үндейді.

Расында бүгінгі қоғамның алдында зор міндет тұр. Біз неге мән беруіміз керек? Қайда бара жатырмыз? Болмашы нәрселерге назар аударып, ұсақ-түйекті талқылауға күш-қуатымызды сарп ететініміз, әлдекімдердің жалған сөзіне еріп, арамтер болатынымыз Президентті де алаңдататыны көрініп тұр. Бір сөзбен айтқанда, сан ғасырлық тарихымызды зерттеу, тарихи әділдікті қалпына келтіру біздің негізгі міндетіміздің бірі болып қала беретінін Мемлекет басшысы баса айтты. Бас басылымда жарияланған сұхбатты әрбір қазақстандықтың оқып шығуына кеңес беремін.

Бақберген ДОСМАНБЕТОВ,

экономика ғылымдарының докторы, профессор,

ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<