Құрылтай құндылығы артып келеді

724

0

Елімізде үшінші рет Ұлттық құрылтай өтті. Келелі жиында қоғамдық бірігуді дамыту, жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету және нығайту жөнінде ұсыныстар әзірлеу мен енгізу, жұртшылық, саяси партиялар, үкіметтік емес сектор және мемлекеттік органдар өкілдері арасында сындарлы диалогты қамтамасыз ету секілді міндеттері қойылды. «Азаматтық қоғам», «Мәдениет. Өнер. Руханият», «Білім және ғылым» және «Әлеуметтік-экономикалық және аймақтық даму» тақырыптары бойынша секциялар жұмыс жасады. Осы әрбір аталған секциялар жалпы прогресс пен қауымдастықтың бірігуіне ықпал ететін маңызды салаларды қамтиды.

«Біз мықты демократиялық институттары және дамыған құқықтық жүйесі бар Әділетті мемлекет құрамыз. Ел ішінде заң мен тәртіп қатаң сақталады. Бұл – саясатымыздың тұғырлы қағидаты. Біз баршаға және әрбір адамға бірдей мүмкіндік беретін қоғам қалыптастырамыз. Адал азаматтар табанды еңбегімен еліміздің дамуына өз үлесін қосады» деді Президент.

Мемлекет басшысы елдің әл-ауқатын арттыратын, ашық әрі дамыған экономика құру жолында қазіргі қоғамда белең алған жемқорлыққа қарсы күрестің жалғасатынын айтты.

Бүгінде әлемдік деңгейдегі мәселе бойынша негізгі талқылаулар волонтерлік қызмет, адам құқықтарын қорғау және белсенді азаматтық ұстанымның маңыздылығын қамтып отыр. Мәдениет, өнер және руханият мәселелері ұлттық мәдени мұра, көркемдік көрініс және рухани дәстүрлерді сақтау мен дамытуды көздейтіні анық. Бұл тұста өнердің қоғамдағы рөлі, мәдени дипломатия, дәстүрлі қолөнер мен тәжірибені сақтау және мәдени әралуандылықты ұлтты біріктіру көзі ретінде насихаттау маңызды деп ойлаймыз. Осы орайда Президент алға қойып отырған мәдени құндылықтарға жаңаша көзқарас, оның ішінде кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, салт-дәстүрімізге деген құрметті орнықтыру сияқты ойлары халық ішінде қолдау табары анық.

 «Бізге және ұрпағымызға ешкім сырттан келіп жарқын болашақты жасап бермейді. Қағидамыз – әділдік, тірегіміз – жауапкершілік, мақсатымыз – өрлеу. Еліміз осы құндылықтарды берік ұстана отырып, даму көкжиегін сөзсіз кеңейте түспек. Ал әрбір адал адам адал еңбегімен адал табысқа жетеді» деді Мемлекет басшысы.

Келелі жиын барысында жұмыс жасаған әр секция ұлт алдында тұрған негізгі міндеттер мен мүмкіндіктерді шешуде маңызды рөл атқарады және Ұлттық құрылтай барысында жалғасқан диалог пен ұсыныстар әлеуметтік бірлік пен ұлттық прогреске жәрдемдесетін саяси қимылдар мен бастамаларды дамытуға көмектесе алады деп ойлаймыз.

Мұрат НАСИМОВ,

саяси ғылымдарының кандидаты,

қауымдастырылған профессор

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<