Саналы іс-қимыл арқылы сапалы ұлтқа айналу

228

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл басында «Egemen Qazaqstan» газетіне, академик Дихан Қамзабекұлына берген көлемді сұхбатын зер сала оқып шықтым. Бұл сұхбаттың еліміз, халқымыз үшін маңызы өте зор. Мазмұнды да мағыналы сұхбатта айтылған мәселелердің бәрі ұлтымыздың болашақта негізге алатын жол көрсетер бағыт-бағдары, айнымас алтын қазығы деп бағалауға болады. Сұхбатта Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев өткен жылдағы жетістіктерді қорытындылай келе, «Мен өткен қыркүйектегі Жолдауымда жаңа экономикалық үлгіге көшетінімізді айттым, 2029 жылға қарай жалпы ішкі өнімді қазіргіден екі есе арттыру мәселесін басты стратегиялық мақсат ретінде белгіледім» деп, сөзін бастап, алдағы міндеттерді айқындап берді.

Сұхбат маңызды мәселелерді назардан тыс қалдырмай, қоғам өмірінің барлық саласын қамтып, барынша жатық, түсінікті тілмен толыққанды берілген.

Президент ұлт мүддесі ешқашан естен шығарылмайтынын халқының назарына жеткізді.

Халық арасында түрлі көзқарас, түрлі пікір туғызған Қаңтар оқиғасы туралы, Қазақстанға Ресейдің әскери қызметшілерін шақыру туралы қойылған салмақты сауалға Президент егжей-тегжейлі тоқталып, сол бір дүрбелең қасіреттің басталуы, етек алып өрбуі, қандай қиын сындарлы сәттерді бастан кешуге тура келгені туралы кеңінен әңгімеледі. «Сол аласапыран күндерде мемлекетімізді сақтап қалу, елдегі заң мен тәртіп үстемдігін қалпына келтіру ең басты міндет еді» деп, өзінің табанды шешіміне тоқталды. «Елімізде заң мен тәртіп қана үстемдік құруға тиіс. Бұл – мен үшін мызғымас қағида» деп тұжырымдады. Сонымен қатар қаңтар оқиғасы кезінде егемендігіміз ғана емес, елдігімізден де айырылып қала жаздадық. Осындай сындарлы уақытта Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев табандылығы мен қайсар мінезінің, батыл шешімдерінің нәтижесінде «Отан үшін отқа түс – күймейсің» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, қайсарлылық танытып, елдігімізді және егемендігімізді сақтап қалды.

Сұхбат алушының келесі «Президент лауазымына сайланғаннан кейін елімізде қосарланған билік жүйесі қалыптасты-мыс деген сөз тарады. Кейбіреулер біздің саяси жүйемізді Иранның, Сингапурдың жүйесімен салыстырды. Шынымен де, сол кезде елімізде екі билік орталығы орнағандай көрінді. Расымен солай болды ма?» деген сұрағына «…бәзбіреулер қосарланған билік жүйесін орнатуға талпынғаны, тіпті мұндай әрекеттерді әдейі әрі мұқият ұйымдастырғаны рас. «Билік транзиті» кезіндегі ахуалды саясаттағы айлакерлер өз мүддесіне пайдаланып, қосамжарланған билік орталығын құруға тырысты» деп  ашық жауап берді.

Сұхбат барысында еліміздегі саяси реформалардың 2019 жылы басталғаны, саяси  жаңғыру үдерісі 2022 жылы тың қарқынмен жалғасқаны айтылды. Ата заңның үстемдігін қамтамасыз ететін, конституциялық бақылауды жүзеге асыратын жоғары орган – Конституциялық Сот қайта қалпына келтірілгені сөз болды. «Конституциялық  Сот шешімдерінің күшін ешкім жоя алмайды. Оның шешімдеріне, соның ішінде азаматтардың конституциялық құқықтарына қатысты байламдарына күмән келтіруге, Президенттің де еш қақы жоқ»  екенін қадап айтты. «Бір сөзбен айтсақ, ескі жүйе келмеске кетті. Қазақстандағы саяси реформалар жүйелі ғана емес, ешқашан кері қайтпайтын түбегейлі сипатқа ие болды деп сеніммен айта аламыз. Мұның еліміз үшін айрықша маңызы бар. Себебі ұлттың саяси сана-сезімі түбегейлі өзгерді» деуі көптің көкейіндегі пікірді бекемдей түсті.

Экономика тақырыбына да сұхбатта келелі ой айтылды. Әділетті Қазақстанның жаңа экономикалық бағдары жарияланғаны, маңызды міндет – инвестиция тарту, қомақты инвестиция болса, экономика қарқыны үдейе түсіп, жаңа мүмкіндіктер пайда болатыны сөз болды. Соған орай, Инвестиция штабын құру туралы Жарлыққа қол қойылғанын жеткізді. 

Президенттің тапсырмасымен Үкімет мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасын қайта қарауға мүмкіндік беретін жаңа Салық кодексін әзірлеп жатқаны айтылды. Қ.К.Тоқаев Салық жүйесін жетілдіру, Жаңа Бюджет кодексі тұрғысында өз ойын жеткізді. «Әлемдегі экономикалық ахуал біздің елге де салқынын тигізетіні сөзсіз.  …Үкіметтің жан-жақты ойластырған жоспары болуға тиіс. Кәсіпкерлік пен бәсекені дамыту, жекеменшікті қорғау, әділ сот төрелігі болуы өте маңызды. Сонда ғана көздеген мақсаттарымыздың бәріне қол жеткізіп, белгіленген мерзімде ұлттық экономика көлемін екі есе ұлғайта аламыз».  Бұл – Президенттің сұхбатында айтылған маңызды ойлар.

Елімізде АЭС салу-салмау мәселесі де сөз болды. «Мұны жалпыхалықтық референдум арқылы халық шешеді» деген нық жауап берілді. 

«Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек!» тақырыбын арқау еткен сұхбат ел өміріндегі көптеген түйткілді мәселелерді қамти отырып жүргізілгенін анық байқаймыз.

«…Біздің бұрын кім болғанымыздан қазір кім екеніміз, ең бастысы, болашақта кім болатынымыз әлдеқайда маңызды. Сондықтан қандай қиындықтан өткенімізді бағамдайтын кезде ғана ауызбіршілік танытпай, баянды болашаққа да бірге қадам басуымыз қажет. Біз өткенді аңсаумен өмір сүрмеуіміз керек. Керісінше, келешегімізді кемел етуге ұмтылып, ұлттың ұлылығын нақты іспен дәлелдеуге тиіспіз. Дүниетанымымызға жат мәдениеттерге көзсіз еліктеуден, жалған патриотизмнен, даңғойлық пен дарақылықтан сақтануымыз керек. Халқымыздың бойындағы кемшіліктерге көз жұма қарамай, одан арылуымыз қажет. Мұның бәрі күн сайын құбылған тұрлаусыз заманда өмір сүріп жатқан Қазақстанның келешегі үшін айрықша маңызды.

Ұлтымыз өсіп-өркендесін десек, біз жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз керек. Қоғамда еңбекқорлық пен жасампаздық жоғары бағалануға, білімпаздық пен жаңашылдық салтанат құруға тиіс.

Біз озық ойлы ұлт ретінде халқымызды ыдырататын емес, біріктіретін жолды таңдап, тек қана алға қарауымыз керек. Жалпыұлттық құндылықтар бәрінен жоғары тұруға тиіс. Еңбекқорлық, білімпаздық, кәсібилік, бірлік, ынтымақ, жанашырлық, іскерлік, бастамашылдық, адалдық, қарапайымдылық және үнемшілдік – нағыз отаншыл, адал азаматқа тән қасиеттер мен құндылықтар. Халқымыздың қуатын арттырып, табысқа жетелейтін осындай қасиеттер мен құндылықтарды жан-жақты дәріптеп, ұрпақ санасына сіңіру арқылы ғана сапалы ұлтқа айнала аламыз» деген парасатты әрі пайымды түйін бәріміздің ойымыздан шығып, көкейдегіні жеткізгені ақиқат. Біз де осы пікірге толығымен қосыламыз, құптаймыз, қолдаймыз.

Демек, Жаңа әділетті Қазақстанның қалыптасуына үлес қосу – әрқайсымыздың негізгі азаматтық борышымыз деп санаймын.

Сыр өңірінде кейінгі жылдары атқарылып жатқан жұмыстар елдегі бірлік пен берекені танытады. Аймағымыздағы ана мен балаға деген қамқорлық, денсаулық, білім саласындағы жетістіктерді атап айтуға болады. Салынған және жақында іске қосылатын:  Өнер орталығы, Отбасы орталығы, мектептер, дарынды балаларға арналған арнайы мектеп, Қан орталығы, жөнделіп жатқан жолдар, тап-таза қала келбеті бәрі-бәрі – облыс басшысының Президент тапсырмаларын орындаудағы, жаңа Қазақстан жолындағы нәтижелі еңбегі. Бір сөзбен айтқанда, Қызылорда облысының дамуы Мемлекет басшысының ұстанымын, жарқын идеяларын жүзеге асыруда әлеуетті деуге болады. Шын мәнінде жылашар сәттегі сұхбат әрбірімізге жігер беріп, елдікті нығайтуға негіз болып отыр.

Қылышбай Бисенов,

ҚР ҰҒА академигі, ҚР Президентінің

жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<