Сыр топырағы тозбасын десек…

194

0

Сенаттың кезекті пленарлық отырысында Сенат депутаты Руслан Рүстемов Сыр топырағындағы тозу және  тұздану процесінің алдын алу мақсатында өңірде арнайы мамандандырылған топырақтану зертханасын ашу қажеттігі жөнінде  Премьер-Министр Олжас Абайұлы Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдады.  Сауалдың толық нұсқасы ұсынылып отыр.

Құрметті Олжас Абайұлы!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде топырақтың құнарын сақтап, оны жақсарту үшін жүйелі шаралар қабылдау қажеттігін, ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану үшін бақылауды күшейтуді, өнім көлемін арттыруды және оны әртараптандыруға баса мән беруді тапсырғаны белгілі.

Соңғы деректерге сәйкес, Қазақстан бойынша 75%-дан астам жер аумағында топырақтың тозуы байқалады және жағдай күрделене түсуде.

Осы ретте экологиялық аймақ санатындағы Қызылорда облысында топырақ құнарын арттыру, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану негізінде өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін ғылыми сүйемелдеу аса өзекті. 

Аймақта су тапшылығына байланысты шаруашылықтар негізгі дақыл – күріш егісі көлемін жыл сайын қысқартуға мәжбүр болып, ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыруға  басымдық беруде.

Алайда, бұл шаралар топырақ тозуының алдын алуға қауқарсыз. Елдегі күріш алқаптарының 90 пайызын қамтитын Сыр өңірінде тұзданған жерлер аумағы ұлғайып, топырақтағы зиянды тұздар мөлшерінің өсуі салдарынан егіске қолайсыз жағдай қалыптасуда.

Күріш егу көлемі қысқарған сайын, оның айналасында жұмыс жасап, отбасын асырып жүрген жұмысшы-механизаторлардың саны да қысқаруда.

Сыр өңірінің топырақ ерекшелігіне байланысты күріш егілмесе топырақтың екінші қайтара тұздану қарқыны күшейіп, баға жетпес суармалы жерлердің айналымнан шығып қалу қаупі де өте жоғары.

Бүгінгі таңда Қызылорда облысында суармалы жерлердің 22,1% күшті және өте күшті тұзданған болса, 33,6 % орташа, 44,4 % әлсіз тұзданған. Күшті және өте күшті тұзданған суармалы жер көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 2022 жылы 16 % ұлғайған.

Осыған орай, қысқарған күріш егісі көлемінің орнын алмастыру, экономикалық жағынан тиімді әртараптандыру бағытындағы дақылдарды анықтау, өңірдің экологиялық және табиғи ерекшелігі, су тапшылығы жағдайында күріш егісі көлемін қысқартудың топырақ құнарлылығына әсерін зерделеу үшін топырақтың құрамын зерттеу жұмыстарын жүргізу аса өзекті.

Ғалымдардың пікірінше Арал апаты аймағындағы экологияның нашарлауы, топырақ құнарлылығының төмендеуі, т.б. көкейкесті мәселелердің алдын алу үшін жердің қазіргі жағдайын бағалау арқылы топырақ карталарын, балл бонитетін және эрозия карталарын, агроөндірістік топтамасын жасап, оны егістікте дұрыс пайдалану қажеттілігі туындап отыр.

Айта кету қажет, елімізде топырақтың сапалық деңгейін зерделеумен айналысатын Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының құрамы бірнеше есе қысқарып, әлеуеті төмендеген. Жалпы елімізде топырақты түбегейлі зерттеумен айналысатын мамандар азайып кеткен.

Сондай-ақ еуропалық стандарттарға сәйкес аккредиттелген жалғыз зертхана С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде 2019 жылдан бастап жұмыс жасайды. Дегенмен, бұл зертхана негізінен Қазақстанның солтүстігіндегі топырақ құнарын зерттеумен айналысады.

Сол себепті, Қызылорда облысында арнайы мамандандырылған топырақтану зертханасын ашып, Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен бірлескен жұмыстарды ғылыми жүйелендіру қажет.

Бұл шаралардың негізгі мақсат-міндеті:

1. Агроөнеркәсіп саласында оқу, тәжірибе және ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру және жүзеге асыру;

2. Топырақ құнарлылығын сақтау және қалпына келтіру, тұзға төзімді дақылдардың сорттарын шығару;

3. Топырақ зерттеу жұмыстарын жүргізу және астықтың технологиялық және биохимиялық сапасын анықтау;

4. Ауыл шаруашылығы, агрохимия, селекция, ауыл шаруашылығы дақылдары саласында, оның ішінде облыстың агроөнеркәсіптік кешені мамандарының біліктілігін арттыру шеңберінде кадрларды даярлау және қайта даярлау (агрономдар, селекционер-ғалымдар, астық сапасы мен өңдеу жөніндегі технологтар және т.б.) болып табылады.

Зертхананың құрылуы өңірде өсімдік шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, облыс тұрғындарының әл-ауқат деңгейін, оның ішінде ауыл шаруашылығы өндірісіндегі жаңа жұмыс орындарын арттыруға септігін тигізеді.

Нәтижесінде топырақ құнарлылығын арттыру арқылы тыңайтқыштарды оңтайлы пайдалану, сортты таңдау, ауыл шаруашылығы дақылдарын сынау және шығару, оларды өсірудің агротехнологиялық стандарттарына сәйкестігін ғылыми қамтамасыз ету мүмкіндігі кеңейеді.

Мемлекет басшысы кеше өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде «Ауыл шаруашылығының дамуын тежеп тұрған кедергілерді бәріміз білеміз. Басты түйткіл – жылдар бойы қажетті қаржының жеткілікті бөлінбеуі. Инвестицияның тапшылығы техниканың тозуына, егіннің бітік және еңбектің өнімді болмауына әкеп соқтырады. Сондықтан ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржыны барынша, тіпті, мүмкіндік болса, екі есе арттыру қажет» дегені белгілі.

Осыған орай, құрметті Олжас Абайұлы, Сыр топырағындағы органикалық заттардың оң балансына қол жеткізуге, топырақ құнарлылығын молайтуға және күріштен, онымен байланысты дақылдардан тұрақты жоғары өнім алуға мүмкіндікті кеңейту мақсатында жоғарыда аталған шараларды жүзеге асыруға қолдау білдіруіңізді сұраймыз.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<