Айтыс өнерінің айшықты белгісі

1581

0

Архив саласының күнделікті жұмысы барысында, жеке тектік құжаттарды қабылдауда қайталанбас тарихтың құнды жәдігерлері, өткеннің естеліктері жинақталады. Жауаптылықты, қырағылықты талап ететін жұмысымызда адамның жан-дүниесіне үңіліп, толқынысқа толы күй кешетінімізді жасырмаймыз.

Облыстық мемлекеттік архивтің қоғамдық-саяси тарихы архиві филиалының «Қызылорда облысының суретшілері» жеке тектік қор коллекциясына бейнелеу өнерінің биік тұлғаларының құжаттары қабылданған.

Осындай жеке тектік иесі Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының мүшесі, «Еңлікгүл» сыйлығының иегері Серік Пірмахановтың құжаттарында қазіргі қазақ айтысының басты нышаны – «Қанатты домбыраның» авторлық құқықтық куәлігі сақтаулы.

1980 жылы 5 тамызда жасалған «Қанатты домбыраның» С.Пірмахановқа тиесілі екенін дәлелдейтін ресми құжат 2011 жылы 4 қазанда берілген.

Шығу тарихына тоқталсақ, 1980 жылы Қызылорда қаласында Қазақ КСР құрылғанына және Қазақстан Компартиясының 60 жылдығына арналған облыстық ақындар айтысы өткізіледі. Ал осы айтысты сахналық көркемдеу жұмысы Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ драма театрының  бас суретшісі Серік Пірмахановқа тапсырылған еді. Сахнаға жез қаңылтырдан жасалған «Қанатты домбыра» ілініп, түсірілім телеарнада көрсетіледі. Осыдан соң «Қанатты домбыра» телевизиялық айтыстың тұрақты эмблемасына айналған.

Фольклортанушы Берік Жүсіповтің жазбасында «Қанатты домбыра» – жалғыз айтыстың ғана емес, тұтас қазақ өнерінің айшықты белгісіне айналған туынды. Осы еңбегі үшін ғана Серік Пірмахановқа ең жоғары атақ беруге болар еді. Жалғыз туындысымен-ақ тарих тақтасына атыңды өшпестей етіп, ойып жазып қалдыруға болады. Сырдың сан түрлі бояуын сырлы әлемге айналдырып жүрген осындай суретші бар…» делінген.

С.Пірмаханов «Қылқалам шерткен жыр ғалам» кітабында «Бейнелеу өнерінде заттың сыртқы бейнесі, сұлбасының шебер орындалуы емес, күйі сезімге әсер ету керек» деп толғанысын жазған. Қазақтың киесі саналған домбыраға құс қанатын қондырғаны – күмбірлеген үні құстай самғасын, әлемді тыныштық пен бейбітшілікке, сүйіспеншілікке шақырсын дегені. Домбыраны қалың елдің толғауын жырлап тұратын символ ретінде сомдаған театр суретшісінің еңбегі осылайша айтыс өнерінің белгісіне айналған.

Дана ҚАЛТАЕВА,     

 облыстық мемлекеттік архивтің қоғамдық-саяси

тарихы архиві филиалының бөлім басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<