Ажал құшағындағы ару

854

0

Дәстүрлі өнердің дәуірі өткенін сұңғыла суретші Джон Эверетт Милле осыдан екі ғасыр бұрын ескерткен еді. Ашық аспан аясында табиғат пен адамның жан толғанысын бір-бірімен байланыстыра отырып жеткізген қылқалам шеберінің ой-өрісі қалыпқа сыймайды. Сонысымен замандастарынан ерекшеленіп тұратын да. Әйтпесе, есі дұрыс адам империяға қарсы келе ме? Сенбесеңіз, Отанының гүлі мен құсын сөйлеткен ағылшын перзентінің осы бір шығармасына ойлы көзбен қарап көріңізші?!

Суретші Джон Милле «Офелия» картинасына негіз ретінде Уильям Шекспирдің «Гамлет» пьесасынан сюжет алады. Бұл – сүйіктісі әкесінің қолынан өлгенін біліп, өз-өзіне қол жұмсаған қыздың ажал құшағындағы бейнесі. Мұнда оның өзенге құлаған сәті берілген. Ару мұң­лы әннің ырғағына тер­беліп бара жатқандай. Екі қолын құс қанатындай жайып жіберіп, көз жанарын аспанға қадайды. Сондықтан оның қалыбын көптеген оқыр­ман айқышқа шегеленген Иса Мәсіхпен байланыс­тырады.

Офелия бірте-бірте ерекше түстермен таралған тұмса табиғаттың қойнына сүңгіп бара жатқандай. Сүйгенінен айырылған сұлудың жүзінде қорқыныш та, уайым да жоқ. Ол өмірмен тезірек қош­та­сып, өліммен кездесуге асы­ғатын секілді.

Ағылшын суретшісінің бұл туындысы тек қана қыз тағдырынан хабар бер­мейді, онда табиғат та егжей-тегжей суреттелген. Сан алуан бояу­ға оранған өсім­дік­тер белгілі бір символдар ре­тінде әрекет етеді.

Қараңызшы, сары майлы түс – адалдықты білдіреді. Офелияның бетіне иілген тал жапырақтары – махаббаттан баз кешкен мезеті, қалақай – ауырсыну, ал түймедақ – қыз­дың кінәсіздігінің көрінісі.

Суда жүзген раушандар – дәстүрлі түрде махаббат символы. Картинаның бұрышына ор­наластырған шалғын – нонсенс, мағынасыз жас қыздың өлімі. Су бетінде қалқып жүр­ген қызыл адонис – жан­ның мұң-зары, көйлегінің ете­гін­дегі өрнектер жауап­сыз ма­хаб­баттың белгісі іс­пет­ті.

Милленің картинасында қолданған реңктер өте терең мағынаға ие. Өзеннің бат­пақ тәрізді көрінуі ертеңгі күн­дерінің қараңғылыққа толы болатынын сипаттап тұр. Ал оның ағысы о дүниеден хабар береді.

Суретші өз туындысын қалай жазғаны қызық. Бірін­шіден, ол фон таңдаған, таби­ғат аясында бірнеше сағат бойы пейзаж сызады. Содан кейін шеберханаға ауысады. Арнайы шақырылған модель суыққа төзе отырып, ван­нада Офелия күйінде ұзақ жатқан екен. Бұл ауыр да ұзақ шығармашылық про­цес­тің бергі беті ғана. Ал оны жеткізудегі автордың жан күйі мен сезімі құпияға то­­лы мұхит тәріздес. Тек оны өзі­нен басқа ешкім сезіне алмай­ды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<