Мәңгілік кемеңгер мәртебесі

1512

0

Әлемдік ақыл-ой алыптарына жүгінген сайын солар өмір сүрген ерте дәуірлерге жаяулатып тартып-ақ кеткің келеді. Не деген тереңдік! Белгісіздікпен беттесу, таңдануды талдауға жеңдіру, құбылыс атаулының қатпарларына үңілу, ақиқатқа бастар анық болжамдар түйіндеу, бұрынғы байламдарды одан әрі дамыту тоқмейілсуге жол бермейді. Сондай қайталанбас санаулылардың бірегейі Әбунасыр әл Фараби бабамыз – мәңгілік мәртебеміздің тот жалатпас алтын тұғыры екенін мәлімдеудің өзі мерейіңді үстем етеді.

Оның сан саланы қамтитын мол ғылыми мұрасы он бір ғасырдан бері дүниежүзі озық оқымыстыларын жаңа тұрпаттағы ізденістерге жетелеуде. Алғашқылардың бірі болып ибн әл Надим 995 жылы қалам тартты. Фарабидің 870 жылы туып, 950 жылы өмірден өткенін ескерсек, ұлы ғұламаның өшпес рухы бас-аяғы 45 жылда қайта асқақтағанын аңғарамыз. Тың пайымға толы еңбектері араб-парсы, латын, неміс, француз, ағылшын, түрік, орыс, өзбек тілінде  әлдеқашан сөйлеп үлгірді. Мәскеудегі Шығыс зерттеушілері бұл бетбұрысқа айтарлықтай үлес қосты.

Ғылыми ортаны елеңдеткен соқталы дүниелері туралы ана тілімізде академиктер Шахмардан Есенов, Әлкей Марғұлан, Ақжан Машанов ір­гелі зерттеулер жүргізді. Фарабитану соқпағында жаңа буын өкілдері А.Көбесов, М.Исқақов, Р.Әбсаттаров, Е.Жәнібеков, Қ.Нұрсұлтанов  ынты­зарлықпен із қалдырды. Бұл тіз­бені толықтырған отандық ғылым қол­ға­наттарының ізетті үлесі әсте толас­тамайды.

Фарабидің физика-математика, жара­тылыстану ғылымдары жайлы еңбектері топтастырылып, баспаға дайындалды. Әрі қарай философия, логика, қоғамдық ғылымдар бойынша трактаттары болашақ игілігіне ұсынылды. Баба мұрасынан сусындағалы, өреміз биіктеп, алыста қалған алтын көмбенің ұнтағы жүзімізге нұр себелегендей сезімдеміз. Халықаралық ғылыми мінберлерге жүрек­сінбей шығатын рухани дүмпу жігерімізді жани түсуде. Тіпті Аристотель аралын аңсататындай құлшыныс та қылаңдайды.

Адамзаттық игіліктің ескісі болмайды. Бұл уәжді тікелей ғылымға бұрсақ, бұрынғы ғалымдар шетінен шыңға біткен шынарға ұқсайды. Тіпті, Фарабиге тағзым ақыл байлығының қазына қақпасына елеңдетіп қойды. Біріне көзің түссе, екіншісі ымдайды, үшіншісі саусағын кезейді, төртіншісі тілін безейді. Солай жалғаса береді. Адаспауға, артық-кем пікірге берілмеуге тырысамыз. Бірінсіз бірі маңына жуытпас данышпандарға бас иіп қана құнды еңбектерді құныға зерделейміз.

Әбунасыр әл Фараби өзіне дейінгі ойшылдар мұрасын түгел қаузап, кейін­гілерге жаңылдырмай ұқтырған, жал­ғасына жол ашқан, құптарлық қоры­тын­дылар жасаған. Жалпы, ғылым патша­лығын құрғандардың бәрі де – қайталанбас қаһармандар. Олай бола­тыны  ғылымдағы жүректілік пен жеңіс ми майданындағы жекпе-жекте мәлім­деледі.

Қарамайсыз ба, ұлы ойшылдар ұлағаты олар қалдырған қасиетті кітапты бірден парақтатпайды. Ал­дымен тәжім етесің, содан кейін тол­ғаныс қаламын ұштайсың. Көрін­­бес тұсау қағаздағы қадамды сақ­тандыра іркілтіп, сөз құйылысын ой өткізгішімен тосылтуын сезінудің өзі рахат!

Фараби әлеміне бойлауда неміс ға­лымдары Фридрих Дие­те­ри­чи­дің текстологиялық, Карл Брок­кель­манның көп­том­дық библио­графиялық еңбек­­тері жетекке алады. Бұл тұр­ғыда америкалық про­фес­сор Николас Решердің «Фара­би­дің аннотацияланған библио­гра­фиясы» атты кітабының маңызы айрықша.

Қашанда ұлыларға жанасу күрделі һәм қастерлі.  Фараби еңбектеріне төтелей еніп кету ықтимал білім дағдыларын меңгергендерге ғана үйлеспек. Біздікі сырттайғы табыну, шолу түріндегі деректер топтастыру, білмейтінге базына, хабардарға бұйымтай тәрізденген жорғалату жазбасына ұқсайды.

Әбунасыр әл Фараби – Отырар тумасы. Таратыңқырасақ былай – Әбунасыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Ұзлақ ибн Тархан әл Фараби. Ілгеріде арабтар Отырарды Бараба – Фараб атаған. Білім сапары Отырарда басталып, Хорасанда жалғасып, Бағдатта түйінделеді. Медицина мен логиканы Юханна ибн Хайланнан, жаратылыстану ғылымы мен грек тілін танымал аудармашы Әбу Башар Маттадан үйренеді. Атақты оқымысты Әбубәкір Сиражбен достық қатынаста болады. Араб-парсы, түрік, грек тіліне аса жетіктігіне қоса басқа ондаған тілді жақсы меңгерген. Нағыз полиглот дерсіз!

Оның өздігінен білім жетілдіруі, барлық ғылымға ынта қоюы ғажап! Болмысы барынша қарапайым да қана­ғат­шыл, сауық-сайраннан аулақ, өзін түгелдей ғылымға арнаған. Аристотельдің «Жан туралы» еңбегін 100 рет, «Табиғи гармониясын» 40 рет, «Риторикасын» 200 рет қайталап оқуы – асқан табандылық. Біліммен нәрленудің бұдан асқан ең шынайы үлгісін іздеудің де қажеті шамалы.

Басы ашық нәрсе – Фарабидің адамзаттық ауқымдағы төрден табылуына Шығыс ғылымы мен мәдениеті және грек ғылымы кепілдік бергенін ұмытпауымыз керек. Ғылым­дағы алғаш қолтаңбаны иероглиф тәсілімен папируста қалдырған Мысыр оқымыстыларының тапқырлығына тәнті боласың. Вавилондық біл­гірлердің жазулар мен есептерді балшық төсеніштерге түсіріп, өртеу арқылы ұзақ сақтауына да таңдай қағасың. Биіктігі 146 метр Хеопс пирамидасы қандай шеберлікпен тұрғызылған!

Кірпіштің құрылыс материалы ретінде қолданылу тәжірибесі де Вавилон үлесіне жатады. Ғы­лым­ның балаң кезінде-ақ бір жылда 365 күн барлығын анықтаған Египет календарын, Күн мен Су са­ға­тын жасаған жаңашылдықтары алақа­ның­ды қыздырады. Арифметика, гео­метрия, алгебра жалғастығын түбір­леген, Жерорта, Қызыл теңізді шарлап, географияға жол ашудағы, шежіре мен патшалар тарихын жүйелеген тапқырлығына қайран қаласың.

Тиісінше ертедегі грек ғалымдары өздерін Шығыс ғұламаларының шәкірті санағаны тәрізді Фараби де осы қос қайнардан мейір қандырған, мәртебе тапқан. Ғылым мен мәдениеттің барша саласына зердесі жеткен бабамыз Греция оқымыстыларын асқар тау мен түпсіз мұхитқа балағаны бекер емес.

Самос аралында туған Пифагор – математиканы тұңғыш дамытушы. Мысыр мен Вавилонды, Италияны армансыз аралаған, ойшылдарына елік­теген. Бір мезгілде екі жерде байқалатын әулиелігі де, сиқырға  бейімі де қауым назарынан тыс қалмаған. 530 жылы Кастро тауын тесіп, су құбырын орнатқан. Ұста дүкені жанынан әлдеқалай өтіп бара жатып соғылған балға дыбысына сүйе­ніп, музыкалық интервалдар – ок­таваны, квинтаны, квартаны айқын­даған. Музыка ғылымына осылай тосыннан тарту жасаған. Герак­лит оның ерекше қабілеттілігін мойындап, шамадан тыс білгіш деп дәріптеген.

Фараби де көп қырлы. Аспандағы жұл­дыздар қозғалысын музыкадағы ды­быстар жүйесімен шебер байланыс­тырған. «Музыканың ұлы кітабын» жазумен бірге асқан орын­даушылығына патша орда­сындағылар аузын ашып, көзін жұмған.

Бірде ордадағы салтанатқа кеші­гің­кіреп келген Әбунасырды ешкім еле­мейді. Бәрі думандату жетегінде. Ол шетке отыра қалып, домбырасымен күй шертеді. Шанақтан мұңды күй төгіл­генде,  баршасы қиқуды қойып, мұң оранады. Әрі қарай көңілді күй шал­қығанда, жаппай жадырап билей жө­неледі. Келесіде жаймашуақ күй ырғағы бәрін маужыратып, ұйқыға батырады.

Осынау үзік мысалдың өзінен көрегендік пен тапқырлық ұшқыны менмұндалап тұр емес пе?! Философия мен логика, музыка мен космология синтезінің ықпалы ғылымның мойындату күшін қалай әдемі әспеттейді!

Фараби Аристотельді түбегейлі зерттеп, күрделі еңбектерін түсін­діруші әрі жеткізуші болып қоймай, қажет жерінде түзетуші тізгінін де қолға алады. 384 жылы Стагирде туған Аристотель Платон академиясында 20 жыл оқыған. Философия, логика, психология, жара­тылыстану, тарих, саясат, этика, эстетика, математика, музыка салаларында жаңашыл қорытындылар жасады.         

Құдіретті қаламынан мыңға жуық дүние туындаған. Әлемге әйгілі   Алек­сандр Македонскийге ұстаздық еткен, Афинада лицей ашқан, ғылымға эко­но­мия терминін енгізген. Ал әкесі Никомах Македонский патшаның тәуібі болған.

Ғылымның қай саласы болмасын, әлбетте, өзін-өзі байытумен нығаяды. Аристотельдің «Платон – маған дос, бірақ шындық одан да қымбат!» дейтін уәжі тектен-тек қанатты сөзге айналмаған. Ол жекелеген тұстарда ұстаздың  талас тудыратын кейбір қорытындыларына  келіспеген. Дүниетану жөнінде бір-бірінен алшақ көзқараста қалған.

Фараби Птолемейдің «Алмагесін» астрономиялық бүкіл ғылымдардың жиынтығы ретінде қарастырады.  Бұл құнды кітап араб тіліне 828 жылы аударылған. «Алмагеске түсініктеме», «Алмагеске қо­сымша кітап» атты екі бірдей еңбек арнаған. Птолемейдің музыкалық прак­ти­касына қоңыл­тақси қа­райтынын бүрке­мелемейді. Сон­­дай-ақ астро­логиялық көріп­кел­дік көз­қарасына да келіс­пейді.

Птолемейдің биік мансабына байла­нысты әзілді сауалына Евклид «Геометрияда патшалар үшін айрықша жол жоқ!» деп жауап қайырған көрінеді. Оның 13 кітаптан тұратын «Негіздерінде» өзіне дейінгі 300 жылда жинақталған математика білгірлерінің бүкіл жетістіктері проблематикалық тұ­тастықта баяндалған. Фараби Ев­клид­тің анықтамалары мен аксио­ма­ларына, физика, астрономия, музы­каға байланысты толғамдарына ден қойған.

Ол замандағы ғылыми ойлар тайқазаны іспетті Александриядағы Музейонда 700 мың томдық қолжаз­балар сақталған. Бағдат халифтері әл Мамун, Һарон Рашид, әл Мансұр ұйымдастырған қолжазба қоры, кітапхана, аудармашылар орталығын біріктірген «Даналық үйі» тарихи маңызға ие. Бұл арада әл Мансұрдың Фарабиге арнайы тапсырыс беріп, «Екінші тәлім» атты еңбек жаздырғанын аңғарта кеткен жөн. Әйгілі Отырар кітапханасы да осы үлгілердің заңды жалғасы екені хақ.

Фараби әлеміне енгенде, алдымен араб ғылымы жалаулатып шыға келеді. Ескі грек, үнді ғылымы негізгі қайнары саналса да, қарқыны қатты Египет, Сирия, Персия және Орта Азияның үздік зерттеу дәстүрлері де ғылым қазанын қайнатты. Осы үрдістегі Бағдат мектебі әбунасырды білім мұхитында алаңсыз желкен кергізді. Жоғарыда аталған кемеңгерлер мұрасы араб тілінде сөйлеп үлгергені Фарабиді ғылым бәйгесінде тұлпардай көсілтті.

Араб ғылымының қарлығашы Мұхаммед ибн Муса Хорезми – ұлы математик. Ол алгебраны теңдеулер шешу өнері дәрежесіне көтерген. «Альджебр» атауы да соған тиесілі. Кейін латынша бұрмаланып кеткен.   Бағдат обсерваториясында астрономиялық таблица құрастырған.

Басра тумасы әл Кинди әлемдегі 12 кемеңгердің бірі делінеді. Оның жаратылыстану, математика, логи­каны алға оздырғанын Фараби де мақұлдайды. Энциклопедиялық білім жинақтауда үлгі тұтқан. Артына 238 еңбек қалдыр­ғаны таңырқарлық нәтиже. Әл Фара­бидің Аристотель дәстүріне аса ынты­зарлығына тікелей ықпал еткені ақиқат. 

Әлемдік ғылыми айналымда Орта Азия оқымыстыларының үні мен қолтаңбасы орнымен мойын бұр­ғызады. Бір ғажабы, бәрі де мате­ма­тиканың майын ішкендей есеп­теу ерекшелігіне ықылас таны­тады. Таланттар шоғырын Хорезми, Фер­ғани, Мервази, Фараби, Бируни, Омар Хайям, Насираддин Туси, Ұлықбек, Кәши сынды жүйріктер бастайды. Олардың беталысы бекем ізбасарлары қаншама?! Мұны дүниежүзілік кітап­ханалар қорындағы араб қол­жаз­балары тізімінен де байқап қала­мыз. Карл Броккельманның «Араб әдебиетінің тарихы» атты 5 том­дығында Сығанақи, ағайынды Келе­си, Түркістани, Қыпшақи, ибн Түрк сияқ­ты тың толқын құрметпен аталады.

Бұл лекте отырарлық Ғаббас әл Жауһаридің орны бөлек. Бағдатта, Дамаскіде арнайы аспандық бақы­лауларға қатысып, «Мамунның астро­номиялық таблицаларын» құрастыруға  елеулі үлес қосады. Керек десеңіз Ғаббас Евклидтің параллель түзулер теоремасын сынаған.   Жауһаридің идеясын азербайжан математигі Насираддин Туси тірілтеді. Тағы бір отырарлық Ысмайыл Жауһари 40 мың араб сөзін қамтыған «Тілді түзету» кітабын дайындаған.

Тасада қалған талапкер Ысқақ Фарабидің «Диван әл Әдеб» деген ау­қымды зерттеуі кейін Махмуд Қаш­қаридің «Диван әл Луғати ат Түрк» атты әйгілі мұрасына үлгі болуы да ғажап емес. Ал Ахмет Фарабидің «Хауызды дөңгелек хауызға айнал­дыру жайлы» қарапайым тұрмыстық қолданысқа негізделген жұмысы дөң­гелекті квадратуралар мәселесін қозғайды.

Шығыс философтары Әбунасырды «Ал муаллим ас Сани» деп, яғни Аристотельден кейінгі екінші ұстаз ретінде дәрежелейді. Расымен Шығыс пен Батыстың көптеген ғалымдары Фарабиді ұмытылмас ұстаз санайды.

Әбу Әли ибн Сина (толық аты-жөні Әбу Әли Құсайн ибн Абдолла ибн Сина) ғалымдар ағалығына қоса («Шайхар-Райс») «үшінші ұстаз» деп құрметтелген. Еңбекқорлығы адам айтса нанғысыз. 274 зерттеу жұмысының басым бөлігі философия мен теологияға арналған. «Медицина негіздері», «Сауығу кітабы» – аса құнды мұра. Парсы тілін­дегі рубаяттары бір төбе. Өлеңмен медициналық дастан да туындатқан. Әбу Райхан әл Бирунимен Мамун орталығында бірге  қызмет жасаған. Фараби көзқарасын, ғылыми жүйелерін үнемі үлгі тұтқан. Оны өркениет әлемі Авиценна есімімен атайды.

Атақты шайыр Омар Хайямның терең философ, мықты математик екенін бәрі бірдей біле бермейді. Хорасанның басты қаласы Нишапурда дүниеге келген оның 300-ден астам рубаяты бар. Аристотель, Фараби, ибн Сина көзқарастарын дамы­тушы ірі философ. Астрономиялық таблицалар жасаумен де шұғылданған. Алгебраның атасы Хорезми бағыттарын жалғастырған. Алтын мен күмістен тұра­тын заттар сипатын дәл анықтаған. Кезінде сұлтан Санжарды балалық ша­ғында шешек ауруынан құлантаза айықтырған шипагерлігі де әлі күнге ел аузында. Фарабидің музыкалық еңбегіне негіздеп ұтымды пікір білдірген. Атақты ақынның соңғы рубаяты жан сырын паш етеді.

Дүниенің бар түкпірін

оймен шолдым

Сатурнның сырын да

танып болдым.

Сан тосқауыл,

шиелер шешілгенмен

О, ажал, жалғыз жұмбақ

қалып қойдың!

Ұлықбек – өзін Азияның арыстаны санаған Әмір Темірдің үшінші баласы Шахрухтың перзенті. Азан шақырып қойылған есімі Мұхаммед Тарағай. 1394 жылы 22 наурызда дүниеге келген. Атасы Темірге еріп Армения, Азербайжан, Грузия, Иран, Түркия, Ауғанстанды саяхаттап аралаған. Самарқандтың бай кітапханасынан білім биігіне қанат қаққан. Ғылымның көп саласынан хабардар болған.

Ата билігі ізімен талай жорықты басқарған. Мавереннахр әкімі атанады. Самарқанда теңдесі жоқ обсерватория салдырған. Аспан әлемін барлайтын бұл орталықты әуелі Жәмшид Ғиясаддин Кәши, кейін Қазы Заде Руми, соңында Әли Құсшы басқарады. Осы обсерваторияда 1019 жұлдыздың орны анықталған. Ұлықбек Самарқандта медресе ашады. Атақты грек оқымыстылары және Орта Азия көрнекті ғалымдары мұрасын зердесіне ұялатқан.

Өкінішке қарай, дін фанатиктерінің арандатуымен Ұлықбекті өз баласы Әбдел Латиф жендеттері қылышпен шауып өлтіреді. Оның астрономиялық мектебі жетістіктерін түбірлейтін ғылы­ми жазбаларын сырласы Әли Құсшы сақтап қалып, Стамбулда жарық көруіне ұйтқы болады.

Әбунасыр әл Фарабидің әбден екшел­ген 150-ден астам зерттеу еңбегі дербес ғылыми айналымға енгелі қаш­шан. Есімі Еуропа ойшылдарына «Альфа­рабиус» деген атпен тараған. «Кемең­герлік меруерті», «Ізгі қала тұр­ғындарының көзқарасы», «Мәселелердің түп мазмұны», «Бақытқа жету жолдары», «Ақылдың мәні туралы» жалпының жүрегін оятар талдаулары  бар заманға аманат құндылық ретінде қабылданады. Аспан қозғалысы, планета жолдары тәрізді алысты барлайтын болжамдары қисындылығымен әлі де ғарышқа көз талдырады.

Әлбетте, ғылымдағы таланттылық керемет құбылыс қой. Әлемге әйгілі суретші Леонардо да Винчи қылқалам шебері болумен бірге архитектор, мүсінші, инженер және анатом, физик, музыкант, математик екеніне Фараби әлемі арқылы қаныққанымыз ғажап емес пе?! Әбунасырдың есту сезімін, Леонар­доның көру сезімін асқан дәлдіктің көрсеткішіне балауы қалай ұқсас?!

Сексен жасқа келгенше түннің өзін күндізгідей ғылым қажетіне жаратқан Фараби үрдісі сенім артқан ізбасары ибн Сина естелігіне еркелей үн қатады. «Байқамай ұйықтап кетсем, түсімде ғылыми мәселені жалғастырып әкетемін. Кейде қиын сауалдарға нақты жауапты түсімде тапқаныма таңым бар»  дейтін өте ұқсас елжіреуі қандай шынайы?!

Толасында Фараби де арагідік Омар Хайям тәрізді рубаят арқылы сыр ақтарған. Бұл фәниде пенде атаулының уақытша жолаушы екенін торығуға тіремей, қанағат пен шүкіршілікке табан тіретеді.

Біз бір мейман бұл жайда

аз-ақ күндік

Болымсызға таласып күн өткіздік.

Анталасып аптықпа тар қапасқа

Адамға әлем мекен ол мәңгілік!

Бабамыз өмір сағатының қылдай тілі ақырет сапарының таяп қалғанын дәл сезінген. Аманат мұрасын безбендеп, қимастық құшағына сыйдырады. Туған топырағы Түркіс­танға тәу етеді. Мысырға да табаны тиеді. Ұлы ғұламаның дархан жүрегі 950 жылғы желтоқсанның соңы, 951 жылдың қаңтары басында соғуын тоқтатты. Дамаскінің «Баб ас-Сағир» (кіші дарбаза) зиратында жерленген.

Жиғаны ғылым, иманы кәміл, атағы мәлім Әбунасыр әл Фараби бір халықтың маңдайына сыймас, әлем жұртшылығы пір тұтар кемеңгер дәрежесінде сана айнасында нұр шаша бермек. Сірә да данышпандар ғұмыры шетсіз-шексіз парралель түзулер сияқты ұштығына көз жеткізбейді. Үнемі аңсата береді, табылмасқа іңкәр етеді.

Ақыл-ой кемеңгерінің «Ғылымдар энциклопедиясы» атты баға жетпес еңбегі Аристотельге дейінгі 1300 жылғы ұлан-ғайыр ізденістің алтын көмбесіндей ардақталады. Өзінен кейінгі 500 жылда Шығыс пен Батыс оқымыстыларының тұмар тұтынған төрелік туындысына айналғаны неге ұмытылсын?!

Фарабидің себебі беймәлім кездейсоқ құбылыстармен бетпе-бетте қорқыныш пен үміттің таразы басын теңселтіп жіберетіндігін ескертуі бүгінгі бейқұт әбігер жағдайында бәрімізді ел ертеңінің, қала берді болашақтың қазірден бастап күрескері болуға үндегендей рухтандыратыны – риясыз шындық.

Жаңабай КЕМАЛ.

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<