Қара шалдың қайығы

1744

0

Күздің соңғы айы қаһарлы қыстың жақын қалғанын сездіргендей бет қаратар емес. Теңіз жағасындағы балықшы ауылдың қарбаласқа түсер шағы да осы. Біреулер жаз бойы қалың қамыс пен дария бойының жыңғыл, шеңгелінде жүрген малын түгендеп әлек болса, енді бірі теңіздегі қатқан мұздың қалыңдығын күнде тексеріп келеді.

Үстіне қалың тоңын жамылып, сыртқа беттеген Сейілбек шал қорадағы азын-аулақ малын жайғауға шықты. Қолындағы кенже ұлы Батырбек әке жолын қуып балықшы ескегін ұстаған. Енді, міне, бес-алты жігіт жабылып қорапты машинаның үстінен үлкен қара қайықты жерге түсіріп жатыр. Балықшы ауылдың кәсібі осы. Көктемде мұз кетер-кетпестен қайықтарын суға түсіреді де, күзгі қоймалжың мұз қабыршақтана бастағаннан аулаларына қайта әкеледі.

Қара қайықтың ернеуін қолымен ұстап көрген Сейілбек әлі міні құрымаған теңіз көлігіне ризашылықпен қарады. Сонау бір жылдары теңіз тартылып, ел жан-жаққа көшіп жатқан шақ еді ғой ол. Көшуге дайындалып жүрген көршісі Бисеннің қорасында бір қайықтық ағаш бар екен. Ағаштың қат кезі. Көрді де, Бисенге жалынып, ақшасына сатып алған. Көптілеу ұстаның да қартайған шағы еді. Қандай ағашыңды болмасын қамырша иетін киелі ұста Сейілбек келгенде көңілін қалдырғысы келмеді ме, әйтеуір келісе кетті.

«Жұрт көшіп жатқанда қайығы несі? Теңізің болса құрдымға кетіп барады. Оны не істейсің, Сейілбек-ау?» деген кертартпа әңгімелерге көңіл бөлмеген. Көптілеу ұстаның жасаған көрнекті де биік қайығын күнге қақсытпай майлай бастады.

Бірақ көпке дейін қара қайыққа күн тумады. Теңіз кетті. Ел көшті. Ауылдың берекесі, бірлігі бұзылды. «Жұрт қатарлы жұмақ іздемедің» деп құдай қосқан қосағы Қарашаш та миды жей бастады. Оныкі де дұрыс. Балалардың келешегін ойлайды. Сейілбек те теңіздің келмеске кеткеніне сене бастағандай.

Сол бір қиын шақта Тұңғыш Президент Арал үшін көп еңбектенді. Бүкіл әлем халқының назарын осында бұрды. Орталық Азия елдерінің басшыларын Арал проблемасына байланысты Қызылорда қаласына кездесуге шақырды. Аралды құтқару жөніндегі Халықаралық қор құрылды. Теледидардан жақсы жаңалықтар естіген Сейілбек келешекке қайта үмітпен қарайтын болды. Өйткені Арал тағдыры тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл дүниежүзінің қасіреті екені барша халыққа аян. Сол қолдаудың арқасында ғасыр құрылысы саналатын «Ақлақ» тоспасы салынды. Ұлы теңіздің ортасынан жүргізілген «Көкарал» бөгетінің құрылысы аяқталды. Көңілдерге қуаныш ұялап, теңіз суы бірте-бірте көтеріле бастады.

Кезінде теңіз тарланы атанған Сейілбек облысқа да депутат болып сайланған. Республика көлеміндегі балықшылар жиналысынан әсте бір қалған емес. Есінен қайбір жылғы аралдықтарға таза ауызсу келуінің ашылу салтанаты кетпейді. Ол бір тарихта қалатын күн болды. Аралға Елбасының өзі келді. Судан дәм татқан Елбасы:

– Мынадай таза да дәмді су Қазақстанда жоқ, – деген. Қарапайым балықшы Сейілбекке сол сапар Елбасының қолын алып, суретке түсу мәртебесі де бұйырды.

Күздің қара суығында бой сергітіп, ой сергітіп те сыртта біраз уақыт жүрген Сейілбек денесі тоңазыған соң үйге кірді. Жып-жылы үйде лезде-ақ қалыпқа келді. «Бұл да бір рахат қой. Күл шығарып, от жақпайсың. Аралға газ келеді деп кім ойлаған?».

– Үй ысып кетті ме, азайтайық па? – дейді кемпірі Қарашаш. Баяғы түйе шанамен томар таситын күндерін ұмытқан.

– Ай, заман-ай, – деп қойды Сейілбек іштей.

Тәуелсіздік алғалы қазақтың бағы ашылды ғой. Әр үй газбен жылиды. Мұздай су, жылы су дегенің бөлменің ішінде. Баяғы жауын жауса ағып, әкпен тұратын үйлер жоқ. Бәрі де қаңылтыр, жылтыраған қызыл кесекпен қапталған. Айтатыны жоқ. Қай үйге барсаң да іші әдемі өрнектермен сырылған, хан сарайындай кең-кең бөлмелер.

Бәрінен бұрын Сейілбек құрдымға кете жаздаған Арал теңізінің қайта қалпына келе бастағанына қуанды. Теңіз жағасынан көшкен ел қайта оралып, ауылдарға жан кіре бастады.

– Қайтқан малда қайыр бар деген осы, – дейді Бисенбай құрдасы қуланып.

Арал теңізінің балығы республиканың түкпір-түкпіріне жетіп, жер-жерден келіп балық аулаушылар саны бүгінде жетерлік. «Келсе келсін» дейді қарт балықшы Сейілбек. Су бар жерде ырыс бар, береке бар. Балық – біздің байлығымыз. Өткен жылы ауданда 6214 тонна балық ауланып, 5388 тонна балық өңделген. Оның ішінде 2159 тоннасы басқа мемлекеттерге экспортталған. Енді Аралда «Қазақстан Аквакультура ЛТД» ЖШС іске қосылмақ. Мұнда пластик қайықтар шығарылып, балық қалдықтарынан ұн шығару цехы да болмақ. Сонымен бірге «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ дайындайтын» зауыт та іске қосылуға дайын. Міне, мұның бәрі – аудан мерейі.

Кемпірі құйған сүт қосқан қою шай маңдайын терлетті. Орамалмен бетін сүртіп, аздап жеңілдегендей болды. Жұмыстағысы жұмысқа, оқудағысы оқуға кеткенде кемпірі екеуінің ермегі осы шай. Ауылда кемпір-шалдан басқа бос отырған жан көрмейсің. Ала дорба асынып, поезд кезгендер қазір жоқтың қасы.

– Осы демалысқа Ұлбала құда күту шайына шақырып жатыр ғой. Шалының баратынын білетін Қарашаш кесесін дастарқанға қоя беріп, ернін сылп еткізді.

– Е, – е… жөн екен.

Ұлбала – туған қарындасы. Қызылордада тұрады? Оған Сейілбек бармағанда кім барады? Қайыңсіңлісінің қандай шарасы болса да қалмайтын кемпірі қуанып отыр.

Демалыстан бір күн бұрын Сейілбектер Қызылордаға кеш бата жетті. Бүгінде үлкен шаһарға айналған, дария жағасындағы көше самаладай жарқырап тұр. Дария үстіндегі көпірде шамдары жылт-жылт еткен көлік легі таусылар емес. Көпқабатты үйлердің жарығы дарияның бергі бетінен де, арғы бетінен де көрініп, қала тіршілігінен тыныс бергендей.

– Екінші Астана!

Өзінен-өзі күбірлеген Сейілбек дауысының қалай шығып кеткенін байқамай қалды.

– Ия, аға, қаламыз қазір Нұр-Сұлтаннан кем емес. Келешек орталықтың бәрі арғы бетке көшіріледі-ау. Құрылыс дегенің қазір қатты жүріп жатыр.

– Иә, шырағым. Тәуелсіздіктің арқасында Қызылордамыздың да бойына қан жүгірді ғой. Осы жаққа келсем өсіп жатқан қаланы көріп бойым бір сергіп қалады.

Құда көрші Түркістан өлкесінен екен. Алыптығы жағынан  Шымкент те Нұр-Сұлтан мен Алматыдан кем емес. Өзі қатарлы құда әңгімешіл болып шықты. Шайдан әдеттегі үзіліске шыққанда екеуінің бұрыннан туыс адамдай әңгімелері де жарасып кетті.

– Қызылорда қатты өзгерген екен, құда.

– Бұрын келіп пе едіңіз бұл жаққа?

– Сонау тоқсаныншы жылдардың басында жұмыс бабымен келгенбіз. «Елу жылда ел жаңа» деп бекер айтпаған екен. Отыз жылдың ішінде әдемі қалаға айналыпты.

– Солай ғой енді. Үнсіз қалғанды мақұл көрмей, құданы қолпаштап қойды.

– Әсіресе, тазалығын айтсаңшы. Біздегідей әдемі гүлзар бақтар да жетерлік екен. Бәрінен бұрын ауасын айтсаңшы. Еркін демаласың. Бізде соғатын жел жоқ. Қаланың қапырық ауасы өкпеңді қысқанда тұра қашқың келеді.

Құда турасын айтып отыр. Шындығы  солай. Қаланың тазалығын өзі де көріп жүр. Сырт адамының Қызылорданы мақтағанына іші жылып қалды.

– Экономикамыз да жақсы дамып келеді. Біздің байлығымыз мол ғой.

«Бөсіп кеткен жоқпын ба?» дегендей құрдасына қарап еді, әңгімені тыңдай білетін жан екен.

– Жақында, – деді Сейілбек, газет-журналдардан оқығанын еске түсіріп, – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы болмай ма? Сол кезде құны 45 млрд теңге болатын 4 жоба іске қосылады. Олар осы Қызылорда қаласындағы шыны зауытының ашылуы, Арал ауданындағы тұз өңдеу цехы, Сырдария ауданындағы күріш өңдеу цехы, сосын сіздермен көршілес Жаңақорған ауданында керамзит блоктарын шығаратын цехтар іске қосылмақ.

Қызылорда туралы Сейілбек әлі де айта беретін еді, уақыты шектеулі құдалық адамдарын үлкен тамаққа ішке шақыра бастады.

Құдалықтан соң екі күндей демалған Сейілбек қарындасынан ауылға қайтуға рұқсат сұрады. Оның үстіне ауылдағы Батырбек те «Көке, қашан қайтасыңдар? Теңізде балық шығып жатыр еді» деген кеше телефонмен.

«Қол қимылдаса ауыз қимылдайды». Заман жатыпішерлердікі емес. Өзі сияқты баласының да еңбекқорлығы ұнайды Сейілбекке.

Қарт балықшы осы кезге дейін талай аудан басшыларымен жиналыстарда бірге болды. Әр басшының мінезі әртүрлі. Кейбіреуі халықты қаһарымен қорқытқысы келсе, кейбіреуі аузы-аузына жұқпай құрғақ уәдемен тойдырады. Қазіргі аудан басшысы Серік Сермағанбетов – көп сөйлемейтін, нағыз істің адамы. Соның арқасында болар тұрғындар күнде бір игі істің куәсі болып келеді.

– Президент Жолдауын жүзеге асыру үшін Арал ауданының 2024 жылға дейінгі экономикалық даму жоспары мен арнайы жол картасы бекітілді. Жол картасына сәйкес ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік саласына бағытталған 40 жобаны іске асыру жоспарлануда, – дейді аудан әкімі С.Сермағанбетов баспасөз өкілдерімен кездесуінде.

Балық шаруашылығының қарқынды өскенін мынадан-ақ көруге болады. Бұрын Сейілбектер балық аулаған кезде ауданда бір ғана балық өңдеу зауыты болса, қазір теңіз жағалауындағы ауылдарда, қалада 9 зауыт жұмыс істейді.

Арал ауданында ірілі-ұсақты 50 елді мекен бар. Тұңғыш Президенттің «100 аурухана, 100 мектеп» бастамасымен олардың бәрінде жаңа типті зәулім мектептер мен дәрігерлік-фельдшерлік емханалар бой көтерген.

Арал қаласы да күн өткен сайын кеңейіп, өсіп келеді. Бұрынғы соры шығып жатқан жер құрғатылып, олардың бәріне қазір құрылыс салынған. Биылғы жылдың тоғыз айының өзінде 24482 шаршы метрді құрайтын тұрғын үй пайдалануға берілген. Оның ішінде көпбалалы отбасылар мен жетім балаларға, мүгедектерге жерлесіміз Болат Өтемұратов қорының тікелей қолдауымен 40 тұрғын үй қолданысқа қосылды. Міне, қарт балықшы Сейілбек Сәрсеновтың еліміздің Тәуелсіздік алған тұсындағы көрген, білген жаңалықтары осы.

Айтпақшы,  жақында Шөміш елді мекеніндегі туысқанының үйіне барған. Туысы көңілді. «Ауыл көркейетін болды. Бұйырса жастарға жұмыс табылатын болды» дейді. Шынымен де қуануға тұрарлық екен. Көзімен көрді. Сенді. Арал ауданына қарасты теміржол бойындағы Шөміш елді мекенінен кварц құмын өңдеуге арналған үлкен комбинат салынуда екен. Жобаның бірінші кезеңі Тәуелсіздіктің 30 жылдығы күні пайдалануға берілмек. Туысының жастардың ауылға келетініне қуанғаны да бекер болмапты. Комбинат толық іске қосылғанда 70 адам тұрақты жұмыспен қамтылады екен.

Елге келіп кең тыныстаған Сейілбек темір шарбақтың көлеңке бетіне төңкерілген қара қайығын қолымен бір сипап өтті. Бүгінде баласына ауысқан қара қайық күтімнің арқасында ма, әйтеуір сыр бермепті. Марқұм Көптілеу ұста қартайған шақта соққан қайығына өзі де сүйсініп:

– Ағаштарың мықты. Бұл қайықты әлі жүз жыл мінесің ғой, – деп еді. Рас екен. Балықшы ауылдың қастерлеп ұстайтын  бір дүниесі бар. Ол – қайық пен ескек. Көктемде тығындарын бітеп, қара маймен бір майлап алса, күзде мұз қатар кезде ауласына әкеліп, үстін жауып қояды. Бұл ауыл балықшы құралын киелі санайды. Сондықтан да ешкім тиіспейді.

Есік алдынан машинаның дауысы шығып еді, Батырбектер шығар деп мойнын созған, басқа екен. Қазір ауылда әр үйдің ауласында көлік. Балыққа мінетіні бар, қалаға мінетіні бар, кейбіреуінде екеуден бар. Заман деген осы. «Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» деген міне, осындай болар. Саясатымен, экономикасымен, өнері, спортымен бүкіл әлемге танылған Қазақстан кімнен кем. Бәрінен де қазақ кімнен кем осы.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығындағы Арал өзгерген Арал. 2005 жылғы сәуірде  Сыр еліне келген сапарында Елбасы:

– Аралға көмектессем деген арманыма жеткеніме қуаныштымын. Осыдан он жыл бұрын мұндай жобаны қиял түрінде ғана көз алдымызға елестетуге болатын еді, – деген еді, ішкі сезімін халықпен бірге бөлісіп.

«Менің енді асау толқынмен алысуға әлім келмес. Бірақ тау толқынды қақ жаратын сен барсың қара қайығым. Ата жолын жалғаған, атакәсіпті қолға алған  Батырбек балам, сен барсың». Сейілбек іштей күбірлеп, қара қайығын тағы бір ұстап көрді.

Қалай дегенмен де, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы бізге үлкен жетістіктер сыйлады. «Осы күнімізге де тәубә» деп Сейілбек қарт ризашылықпен үйге қарай бет алды.

Жақсыбай МУСАЕВ,

Қызылжар елді мекені,

Арал ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<