Рух шырақшысы

1571

0

Бүгін, яғни ақпанның 2-де «Қазақ» газетінің жарыққа шыққанына 110 жыл толды. Қазақ тілінде газет басып шығару қажеттігі 1905 жылғы «Қарқаралы петициясында» айтылған болатын. «Қырғыздарға мешіт, медресе салуға рұқсат керек. Құдайға құлшылық етуге еркіндік болсын. Ол жерлерде арабша, парсы және түрік тілінде сабақ беруге, газет және кітаптар шығаруға, баспахана салуға рұқсат берілсін» делінген петицияда. Осылайша 1913-1918 жылдары «Қазақ» газетінің 265 нөмірі жарыққа шықты, таралымы 3000 мен 8000 аралығында болды.

Алдымен 1913 жылдың 5 қаңтары күні Орал облысы әскери губернаторы ІІМ Баспасөз ісі жөніндегі бас басқарманың «Қазақ» апталық газетін шығаруға рұқсат берген бұйрығы, губернатор, генерал-лейтенант Сухомлиновтың қолымен қаулы шыққан. Онда «Бас басқарманың 1905 жылдың 9 желтоқсанындағы №14508 өкімхатына сәйкес Торғай облысы Қызылшеңгіл болысы 8-ауыл қазағы Мұстафа Ахметұлы Оразаевтың, Торғай уезі Түсіп болысы 5-ауыл қазағы Ахмет Байтұрсыновтың толық жауапкершілігімен және редакторлығымен Орынборда апталық «Қазақ» газетін қырғыз (қазақ) тілінде шығаруға рұқсат берілгенін хабардар етемін» делінген.

Осы қаулыға сәйкес, патшалық үкімет «Қазақ» газетіне үкіметтің бұйрық-жарлықтарын, Мемлекеттік Дума мен мемлекеттік кеңес жұмысын, ішкі және сыртқы хабарларды, қазақтың тарихы мен тұрмыс жайын, этика, тарих, этнография және мәдениет мәселелерін жазып тұруға рұқсат берді. Оған қоса, экономика, сауда, кәсіп, ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы, халық ағарту, мектеп, медресе, тіл және әдебиет мәселелеріне, тазалық, денсаулық және мал дәрігерлігі жайы, фельетондар, корреспонденциялар мен жедел хаттар, жергілікті хроника, суреттер, хаттар, құлақтандырулар жариялау туралы айтылған.

Газет Орынбор қаласында Каримов, Хусаиновтар серіктестігінің баспаханасында басылатын болды. Алғашқы нөмірде А.Байтұрсынұлы:

– 1907 жылғы санаққа қарасақ, Россияда сол жылы екі мың бір жүз жетпіс үш есімді газет һәм журнал шыққан екен. Оның бір мың үш жүз тоқсан алтысы орыс тілінде, сегіз жүз алпыс жетісі басқа тілде басылыпты. Сол сегіз жүз алпыс жетінің ішінде біздің татар қарындастарымыздың отыз шамалы газет-журналы болды. Бізде біреуі болмады, –  деп жазды.

Басылым және «Азамат» серіктестігі

 Ұлт ұстазының біз әлі күнге дейін айтып келе жатқан «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген сөзі сол алғашқы нөмірде  жарияланды. Газеттің рәміздік бейнесіне түндігі батыстан ашылған киіз үй белгіленіп, есігіне «Қазақ» деп жазылды. Оның себебін «қазақ ішіне Еуропа ғылым-өнері таралсын, «Қазақ» газеті қазақ жұртына әрі мәдениет есігі, әрі сырт жұрт жағынан күзетшісі болсын» деп, «Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың аруақты аты деп, газетіміздің есімін «Қазақ» қойдық» деп түсіндірді.

«Қазақтың тарихы», «Дін таласы», «Жер іздеген қазақтар», «Қазақтан солдат ала ма?», «Земство не нәрсе?», «Ұры тию» деген тақырыптар талқыға түсіп, халық саны туралы мәлімет берілді. «Біздің қазақ орыс патшасының қол астында тоғыз болыс, бір губернияда» дей келіп, қазақтың саны 4 миллион 499 мың 664 адам екенін көрсеткен. 

Сол жылы «Қазақ» газетінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін «Азамат» серіктестігін құру туралы бастама көтеріліп, Қыр баласы «Қазақтың кесек сома шығарарлық байлары аз болғанмен аз сомасымен, адамгершілігімен серіктікке жарайтын азаматтары аз емес. Сондықтан «Азамат» серіктігін ашып, «Қазақ» газетасын мұнан былай Алаш азаматтарының серіктесіп қосылған пұлымен жүргізбекшіміз» деп жазды. Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы серіктестікке  кіретін адамдар жалғыз ақшасымен емес, көңілімен, ниетімен де серіктес болу қажет екенін түсіндірді. Түпкі мақсат – әр адамнан 100 сомнан мүшелік жарна жинап, газеттің үзіліссіз шығып тұруына жәрдемдесу.

Басылымда Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қазақ құтты болсын!» деген өлеңі, жаңалықтар, белгілі тұлғалар туралы, мәселен, Қажымұқан Мұңайтпасұлы жайлы «Палуан қазақ», «Шоқан Шыңғысұғлы Уәлихан», «Абай» атты мақалалар жарияланды.

1915 жылдың басынан «Қазақ» газеті аптасына екі рет шыға бастады. Орынбор губернаторы рұқсат бергенмен, бақылауды күшейтіп, Торғай облыстық басқармасының татар тілі аудармашысы Тунганчин бақылаушы болды. Алайда аптасына екі мәрте шығарудың шығыны, баспахана жоқтығы қол байлады. «Ауқатты Алаш азаматтарына» атты редакция алқасының мақаласында жағдай бүкпесіз баяндалған.

Газет басылып келген Хусаинов баспаханасының сатылатыны туралы жарнамадан соң «Азамат» серіктестігі арқылы «Қазақтың» жеке баспаханасын сатып алу жайлы үндеуге қазақ даласының әр түкпіріндегі ауқатты адамдар қаржылай көмектесті. Біршама уақыттан соң Міржақып Дулатұлы 30 мың сомға баспахана алынғанынан хабардар етті. «Баспахананың екі машинасы бар, орысша хәріптері мол, саймандары түгел қарулы» деп жазды. Кейінірек «Қазақ» баспаханасы әртүрлі «заказдарды қабыл ететіндігі» туралы, баспаханаға көмек бергендер туралы да ақпарат шығып тұрды.

Бірте-бірте қазақтың сол тұстағы жағдайы туралы да тақырыптар қозғалып, «Дума маңайында неге кісіміз жоқ?» деген мақалада «Ресейдегі Думада қазақ болмағасын, ондай жоғары мемлекеттік билікте қазақтың мүддесі де айтылмайды» деп жазылды. Газеттің 62-санынан бастап басылымның уақытша редакторы Міржақып Дулатұлы болатыны хабарланған.

Айыппұл немесе абақты

Газеттің 80-санындағы «Закон жобасының баяндамасы» атты мақаланы Орынбор генерал губернаторы «қазақ халқын үкіметке қарсы үндеп отыр» деп тауып, Ахмет Байтұрсынұлына 1500 рубль көлемінде айыппұл салу немесе үш айға абақтыға жабу туралы бұйрық шығарған. Мақаланың түпнұсқасы мен орысша аудармадағы қателіктерді нақтылап көрсеткенмен, қаулы өзгеріссіз қалады.

Айыппұл төлемес үшін Ахмет Байтұрсынұлы абақтыға отыруға келісім береді. Алайда денсаулығы нашар болғандықтан мың жарым сом айыппұл төленіп, абақтыдан шығарылды. Бұл туралы «Газетімізге штраф» атты мақалада: «Бас мақала үшін Оренбург губерниясының бас начальнигі шығарушыға мың жарым сом штраф салды, төлемесе үш ай абақты. Шығарушы Ахмет Байтұрсынов жаңа шыққан газетке мың жарым сом төлеу ауыр болатындығын ойлап, 3 ай отыруға риза болғаннан кейін, 20 октябрьде кешкі сағат 10-да полиция абақтыға отырғызған еді. Былтырдан бері денсаулығы нашар болғандықтан абақтының ауасына 3 ай отыруға шыдамайтындығы білініп, 22 октябрьде мың жарым сомды төлеп, абақтыдан шықты» делінген. Ахмет Байтұрсынұлы Орынбор губернаторының шешіміне риза болмай, Ішкі істер министрлігіне, Сенатқа «біздің ниетіміз халықты құтырту емес, сынау» деп арызданады. Ақыры Сенат Орынбор губернаторының үкімін бұзуға мәжбүр болды.

1914 жылғы 78-санында басылған «Алашқа» және 79-санында басылған «Россиядағы ұйымшылдық» деген мақаласы үшін де газетті шығарушылар жауапқа тартылды. 91-санындағы «Бұ қалай?» атты мақала үшін 50 сом айып немесе 2 ай түрмеге кесу туралы үкім шығарылған.

Жалпы шығып тұрған жылдары «Қазақ» газеті 26 рет жабылып, Ахмет Байтұрсынұлының өзі бірнеше рет тұтқындалған.

Патша жарлығы шыққан жыл

1916 жылы майданның қара жұмысына қазақтарды  алу туралы патша жарлығы шыққаны белгілі. Ел ішінде бұл жарлыққа қарсы бас көтерулердің соңы көтеріліске ұласып жатты. Газетте қазақтан солдат алу мәселесі ең жиі көтерілетін тақырыпқа айналды. «Алаштың азаматына» атты мақалада Әлихан, Ахмет, Міржақып: «Ел басшысы адамды әділдікпен спискті өздері түзеп беруі керек. Мынауы жақсы, мынау жаман, мынау бай, мынау кедей деп бөлмей, сатылмай, дұрыстықпен іс қылу керек. Бұл іске қулық-сұмдық кіргізу, алалықты-партиялықты қосу зияннан басқа түк пайда әпермейді. Ерікті өздеріңе бергенде дұрыстап іс қыла алмасаңдар, үкіметке соңынан өкпелеуге болмайды» деп жазды.

«Ахмет, Әлихан мен Міржақып қазақ соғысқа кісі бермесін деп хат жазған» деген жала сөздің ізімен келгендер «Қазақ» газетінің басқармасы мен Міржақып Дулатұлының пәтерін тінтіп, хаттар, телеграммаларды тәркілейді. Осы кезде үш қайраткердің қаламынан туған мақалалар негізсіз әңгімеге дәлел болады.

«Қазақ» газетінде соғысқа кеткен қазақтар туралы «Жұмысшылар жайынан» атты айдармен «Жігіттердің амандық хабарлары», «Тыл жұмысындағы қазақтар» деген мақалалар жарияланып тұрды. Соның бірінде «соғысқа 15 жасар бала, бір үйдегі жалқы, 3-4 ағайынды жігіттер тегіс алынып кеткені, елдегі байлар, мырзалар туралықтан тайып, малының арқасында отбасында қалғаны» ашына жазылған. «Ақшаға арын сатқан мырзалар да болыпты. Жұртқа жол тауып беріп, «еңбегіне» пұл алды деген батырлардың аты-жөні бізге мағлұм, керек уақытында «Қазақ» бетіне жазылар» дейді Әлихан мен Мұстафа мақалада.

Үміт ұшқыны

1917 жылғы Ақпан төңкерісінен Алаш зиялылары зор үміт күткені белгілі. Бұл үміт ұшқыны «Қазақ» газетінің бетінде 1917 жылғы алғашқы сандарда жарияланған «Алаш ұлына» атты үндеуде анық көрінді.

Сол жылы басылым Орынборда ашылған Қазақ съезінен, Омбыда болған Ақмола қазақтарының съезінен хабар берді. Алаш партиясы туралы «Съез қаулысы (21-26 шілдеде өткен Бірінші Жалпықазақ съезі) халыққа мағлұм. Партия ұраны десек, бабамыздың «Алаш» ұранынан артық ұранды іздесек те таба алмаймыз. Сүйтіп қазақ саяси партиясының атын «Алаш» қою әуре болмастан ауызға түсіп тұр» деп жазды «Қазақ» газеті.

Басылымға екінші Жалпықазақ съезі туралы, Алаш автономиясы жария етілгені туралы мақала шықты. Ал 1918 жылдың қаңтар айының 17-нен бастап «Қазақ» газеті алты ай бойы шығарылмай қалды. Қайта басылып тарала бастағанымен, ақыры жабылып қалды.

Жарты жылдық үзілістен соңғы Мадиярдың (Міржақып Дулатұлы) мақаласында: «Көрмегелі көп айдың жүзі болды. Алты жылдан бері алты Алашты аралаған «Қазақ» тоқтап, арамыздағы қатынас үзілгеніне жарты жылдан асты. Сонан бері зор өзгерістер болды, халқымыздың басынан қайғылы күндер өтті. Енді біраз бұлт серпілгендей болып, жұрт есін жиып, ойдағы-қырдағылардың бастары қосылып, әркім дағдылы қызметіне кірісе бастады. Сібірде большевик жоғалысымен Алаш Орда іске кірісті. Алаш Орданың көркеюі, Алаш автономиясының тез жарыққа шығуы алдымен екі нәрсеге байлаулы: Милиция һәм қазына. Соның үшін Алаш Орданың алдымен қолға алған қызметі милиция һәм ұлт қазынасы болды. Бұл екі жұмыс әр жерде әртүрлі орындалып жатыр. Милиция һәм ақша жиналып біткен елдер де бар. Біздің жұрт қатарына қосылып қалатын күніміз осы. Алаш билігі Алашта болса дейтіндер мұндай заманның екі айналып келмейтініне анық көздері жететіні рас болса, малды-жанды автономия жолына салу керек» деп жазылыпты.

Осылайша 1918 жылдың 16 қыркүйегінде «Қазақ» газетінің ең соңғы саны шықты. Осы соңғы нөмірлердегі жарияланымдардың өн бойында ертеңге деген сенім бар екені байқалады. Бірақ билікті қолға алған большевиктер «Қазақ» газетін  жапты, оны шығаруашылардың түгелге жуығының тағдыры қандай болғаны бәрімізге мәлім. 

«Қазақ» газеті – сол дәуірдің көкейкесті мәселелеріне алаңдап, оны шешу жолдарын ұсыну, ағартушылық идеяларды насихаттау үшін Алаш қайраткерлері таңдаған жол еді. Басылым сындарлы кезеңде жарыққа шығып, «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болып, оқырман алдындағы өз миссиясын орындады.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы»

*Суреттер ашық дереккөзден алынды

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<