Сәулелі ғұмыр

245

0

Өмірде атқарған ісі мен іскерлігінің арқасында қоғамда орнын тауып, абырой биігінен көрінген жандар жетерлік. Солардың бірі де бірегейі, Сыр топырағында өзіндік қолтаңбасы қалған Сәмит Далдабаев еді. Өмірден өтсе де, артына өшпестей із қалдырып, кейінгілер айта жүретіндей мағыналы ғұмыр кешкен ағамыздың туған топырағын түлетуге сіңірген еңбегі ерен, орны ерекше. Ол кісі жайлы қалам тербеу арқылы талай толымды дүниелерді жазуға болады. Себебі, ол адал еңбегімен елге қалтқысыз еңбек етті. Өмір салтымен, өзіндік көзқарасымен, таусылмас тағылымымен үлгі болды.

Еңбек жолын «Тереңөзек» совхозының бас мал дәрігерлік қызметінен бастаған Сәкең өзінің қажырлы еңбегінің арқасында Сырдария ауда­ны­ның бас мал дәрігері, ау­дандық малдәрігерлік стан­циясының бастығы қызметін атқарды. Ол жақсы жұмыс істеген азаматтың өсуіне мүм­кіндік бар  заман еді. Сол мүмкіндік ағамызға бұйы­рып, 1965 жылы еңбекшілер депутаттары Сырдария ау­дандық Кеңесі атқару ко­митеті төрағасының бірін­ші орынбасары, 1967 жыл­дың басында аудандар бөлін­ген­нен кейін, Терең­өзек  аудандық  ауыл шар­уа­шы­лығы бас­қар­масының бас­тығы және аудандық атқа­ру комитеті төрағасының орынбасары мін­детін қоса атқарды. 1974 жылы Қа­зақстан Компар­тия­сы Жа­лағаш аудандық коми­теті­нің екінші хатшысы, 1975-1979 жылдары Сырда­рия аудандық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы қыз­мет­терінде болды. 1979 жыл­дың желтоқсан айынан 1989 жылдың аяғына дейін ал­ғашқыда халық депу­таттары Жаңақорған аудандық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы, кейін жеті жылдан астам Қазақстан Компартиясы ау­дандық комитетінің бірінші хатшысы ретінде ауданның өсіп-өркен­деуіне ерекше еңбек сіңірді.

Сәкең Сырдария, Терең­өзек, Жаңақорған және өзі туып-өскен Жалағаш ауда­нында қызметте бол­ғанда елдің әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық, мәдени жағдайы жоғары деңгейден көрінді. Мұның өзі шаруашылықты  ғы­лыми жаңалықтарға сүйену арқы­лы басқарған басшының озық­тығын,  ұйымдастыру қа­білетінің жоғары екенін дә­лелдейді. Ол 1997 жылдан бастап облыстық Тәртіптік кеңес төрағасы  болып, 2003 жылы мамыр айында зейнетке шықты. Зейнетке шықса да, қоғамдық жұмыс­тардан еш ажырамады. Қай жұмысты да үлкен жауап­кер­шілікпен атқарды. Сол ең­бегінің арқасында ха­лыққа сыйлы, құрметті аға, ақсақал болды.

Елге жасаған еңбегі ес­ке­русіз қалмады, өзінің ла­йықты бағасын алды. Мә­селен, үш ауданның (Жаңа­қорған, Жалағаш, Сыр­да­рия) Құрметті азаматы атан­ды. Мұндай құрмет көп­тің басына бұйыра бер­мей­тіні анық. Алайда, сол бақ ағамыздың басына қонды. Мұнан бөлек,  «Құрмет бел­гісі», «Халықтар достығы», «Құрмет» ордендерін де ие­ленді. Бұл марапат-атақтар талмас еңбектің, төгілген тер­­дің, халыққа қызмет ету жолында өткен талай ұйқы­сыз түндердің қарымы болса керек.

Кейде сырласқанда Сәкең  Жаңақорған ауданының хал­қын, азаматтарын ерекше іл­типатпен айтатын. Сол ау­дандағы қызмет атқарған уақытын, жұмыстарын, әр азаматтың жақсылығын мақ­таныш сезіммен еске ала­тын. Шыны керек,  Сәкең­нің сол әңгімесін естіп отырғанда, Жа­лағашта емес, Жаңа­қор­ғанда туған ба деп ойлап қалатын едік. Жаңақорған ау­данының Құрметті азаматы атағын бергенде Бақытбек Ер­мақашов, Абдат Бапалақов сынды азаматтар еріп бардық. Сонда   жаңақорғандықтардың Сәкеңе деген шынайы ықы­ласы мен сыйластығына куә болдық. Мұның өзі ел мен жерді таңдамай, жұртты тұ­тастай өзінің бауырындай қабылдай білген ағамыздың абыройының биіктігі еді.

Сәкеңмен таныстығым 1980  жылдардың басында Ал­қуат Сатов ағамыздың үйінде басталған болатын. Әкем Хамит ақсақал, Әлекең «мы­нау Шахизат інің болады» деп таныстырған. Содан бері біріміз іні, біріміз аға болып, сыйласып өттік. Сәкең саналы ғұмырында жанына адал дос, бауыр жинай білді. Достары елімізге белгілі, құрметті қай­раткерлер Тұрғанбай Ма­ханов, Жарылқасын Шәріпов, Баянбай  Сыздықов, Жәлел Бәкіров сияқты ағалар еді. Одан бөлек, бірге қыз­мет­тес болған кісілермен де өмірінің соңғы күніне дейін сыйластығын үзбеді. Орал­бай Әбдікәрімов, Берді­бек  Сапарбаев, Тоқтар ­Әубә­кі­ров­термен ағалы-інілі қарым-қатынас орнатып, елімізге белгілі халық жазушылары Әбіш Кекілбаев, Тұманбай Молдағалиев, Дүкенбай Дос­жанмен өте жақсы сый­ластықта болды.

Биыл өте ауыр жыл болып тұр ғой, ақырын берсін. Бір жылда екі бірдей арысымыз, алдымыздағы ағаларымыз – Қаһарман мен Сәмит ағадан айырылу оңай емес. Қаһарман аға қайтыс болғанда Сәкең өзі ауырып жатса да, екі қолтығынан екі ініміз демеп, жаназаға алып келді. «Қаһаңа барып топырақ сала алмадым-ау» деп қайғырып көзіне жас алып еді сонда. «Аға өзіңізді байқаңыз, мы­­нау пандемияның беті жа­ман» деп көндіріп, маши­наға отырғызып жібердім. Бұл оның бауырға, досқа де­ген сыйластығының, адал­ды­ғы­ның, құрметінің үлгісі емес пе?

Қаһарман аға 14 нау­рызда ағайындардың Наурыз мерекесі алдындағы кезде­суін Сәкең екеуі ашып бер­генде: «Қаһа, сізге мендей іні қайда, маған сіздей аға қайда?!» деп құшақтасып еді. Қайран екі ағам-ай. Жатқан жерлеріңіз жұмақта болғай.

Ағамыздың елге  сыйлы, досқа бай, ағайынға қамқор болуына жеңгеміз Айгүл Өмірбайқызының үлесі ора­сан. Сәкең ұйымдастыру жа­ғын басқарса, Айекеңнің дас­тарханы қай уақытта да берекелі, мол жаюлы тұр­ды. Сәкең мен Айекеңнің отбасына бас сұғып, дастар­ханынан  дәм татпаған адам кемде-кем. Қашан барсаң да алдымыздан жарқырап шығып қарсы алатын. Айекең – өзі білім саласында еңбек етті, талай шәкіртті  ұядан ұшырған ардагер ұстаз. Ол кісі үшін шаңырақтың абы­ройы, Сәкеңнің орны бір төбе бөлек ұғым десек болады. Екеуі 6 қыз, 3 ұл өсіріп, олар­дан немере  сүйді. Бүгінде ба­лаларының әрқайсысы өмір­ден өз орнын тапқан, бір-бір шаңырақтың иесі. Олар да әке жолын жалғап, абыройлы қызмет атқарып, ел ықыласына бөленіп отыр. Осындай салиқалы ұрпақ өсірген Сәкеңнің тағылымды жолы балаларына бұйырсын.

Шахизат ТӨРЕБАЕВ,

Қармақшы, Жалағаш аудандары мен Қызылорда қаласының құрметті азаматы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз