Бұл уәдем – уәде !

623

0

Олжас Сәндібек 1984 жылы Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Мәдениет ауылында дүниеге келген. Аққолқа елді мекеніндегі №236 орталау мектебінде білім алған. Кейін Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-ді журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің бірінші орын лауреаты. Облыстық, республикалық мүшәйралардың жүлдегері. Өлеңдері бірнеше ұжымдық жинаққа енген. 2013 жылы  мемлекеттік тапсырыспен «Уәде», 2021 жылы Астана қалалық әкімдігінің қолдауымен «Беймаза шақ» атты жеке жыр жинақтары жарық көрген. Бүгінде Астана қаласында республикалық БАҚ саласында еңбек етіп жүр.

Елеңде, көңілім…

Елеңде, көңілім, елеңде,

Байланбай тірлік көгенге.

Өлместей қылып жазуға

Уәде бергем өлеңге.

Алаңда, көңілім, алаңда,

Бұл бес күн – сынақ саған да.

Алаңдамасқа шама жоқ,

Дүбірге толы заманда.

Арудың сүйген керімін,

Бірі едім мен де серінің.

Елеңдеп әлі қоясың

Беу, менің дүлдүл көңілім.

Алаңда, көңілім, алаңда,

Жыр жазу керек әмәнда.

Былғамай ағын парақтың,

Қиянат қылмай қаламға.

Елеңде, көңілім, елеңде,

Бір уәде берген едім өлеңге.

Көк те, Жер де куә де,

Сол уәдем – уәде.

О.Сәндібек

Өгей санап өзіңді бұл ғасырға,

Сыр айтуды қойдың-ау жырға, сірә.

Мың мәселе тоғысып бір басыңа,

Мұңның өзі айналған мұңдасыңа.

Тәуелсіз ел – тәуелсіз бола алмауы,

Мемлекеттің мұншалық тоналғаны,

Жайсыздықтың бәрі де қоғамдағы,

Аяздай боп батады саған тағы.

Әр сынақты қарсы алдың, қамықпадың,

Атқан сайын сан қырын танытты әр күн.

Ұлыңды алам дегенде Әзірейіл,

Құдайға жүз күн жылап, алып қалдың.

Кеудеңде тулап соғып асау жүрек,

Жалғанды жақтырмайсың жасанды деп.

Көре жүріп,

бәрін де сезе жүріп,

Жыр жазбай қалай жүрсің,

О.Сәндібек?!

* * *

Тыныш таппай толғатып,

Сайтанымды қашырып.

Тілегімді Тəңіріме қолдатып,

Арманымды айдан əрмен асырып.

Құлақ түріп тыңдағанда, ұққанның,

Жұмақ төрі елестейтін көзіне.

Ақ аузымнан ақтарылып шыққаннан,

Дуа дарып сөзіме.

Тобырларға туралықты үндейтін,

Жабыққанда қорған болар жалғызға.

Бəйшешектей қырда ерте гүлдейтін,

Қасарысып қар, мұзға.

Ғашықтардың сезіміндей тым нəзік,

Батырлардың рухындай тым асқақ.

Жалғыз шумақ қалдыра алсам жыр жазып,

Жүрегімнің ақындығын растап.

Құлыншақтар

Құлыншақтар,

Шабыңдар құлдыраңдап,

Мәңгілік бала болып кім жүре алмақ?!

Әкем тірі болған соң, «баламын деп»,

Өзімді жүрмін алдап.

Өмір бұл

Алдасу көп, арбасу көп,

Сатқындыққа бір барсаң қанға сіңбек.

Жанымды шүберекке түйіп жүрем,

Былғанып қалмасын деп.

Махаббат,

Сұлу сезім жырлағаным,

Кей кезде ойға батып мұңданамын.

Сендерге үлгі болуды ойлаймын да,

Сендерден үлгі аламын,

Құлыншақтар,

Шабыңдар құлдыраңдап,

Мәңгілік бала болып кім жүре алмақ?!

Есейтіп жібереді-ау сендерді де,

Уақыт бір күн аунап.

***

Құдай мені сүйеді, сынайды көп.

Сынағаны – сенгені шыдайды деп.

Бергеніне, ырза боп алғанына,

Сүйген құлы болғасын шыдау керек.

Сына, Құдай. Көтерем сынағыңды.

Бабам маған сабырын мұра қылды.

Бір күндері болмаса, бір күндері

Жарылқайын дейсің ғой мына құлды.

Көрсетерсің аңсаған жұмағымды.

Сынақты күн дегенің жауапты күн,

Бірегейі мен едім тағаттының.

Жарылқайын дейсің ғой бір күндері,

Жарылқауға мұқтажбын бірақ бүгін.

Құдай мені сүйеді. Сынайды көп.

(Кейде нəпсім еңкілдеп жылайды кеп).

Мен Құдайды сүйемін жүрегіммен,

Ол да мені сүйеді.

…Құдай білед(і).

* * *

Ұлтым – қазақ,

Түбім – түркі,

Не еткенім қысылғаным.

Күндесін,

Күңкілдесін бүгіндікі,

Лә иллаһа ил аллаһ мұсылманмын.

Күңкіл сөзді көңілге алам несін?

Бақытым бар, басқаға шүкір дермін.

Жалқау десін,

жат десін,

жаман десін,

Көбік езу сөзіне түкіргенмін.

Еркіндіктің куәсі алып далам,

Жаманға жалынбаймын.

Қыран болғым келеді қалықтаған,

Тотыдай бағынбаймын.

Шексіздікті сүйемін

Һәм күн игім,

Жалғыз басым жауыма көп көрінгем.

Ақшыл түнде айға қарап ұлимын,

Үйренгем көкбөріден.

Пенденің биік болар талғамгері,

Алла десем кірермін жәннатқа да.

Бағынбаймын заңыңа…

Заң бар ма еді?

Табынамын тек қана Жаратқанға.

Сайтанмен арбасу

Сенім сирей бастаса күдік гүлдеп,

Сайтан маған жетеді тынық түн кеп.

Сұлу сөйлеп сөзіне сендірмекші,

Көп өкініш ішінде үмітпін деп.

Білемін ақыретте сұрақ барын

Үмітім тозақ емес, жұмақтан мың

Тілінен у, көзінен сор ағызып,

Сайтандарды ұзақ түн жылатқанмын.

Қол жайып Құдай десем, көре алмайды,

Қиылып қылымсиды, көп арбайды.

Бас салып балағыма жабысса да,

Әйтеуір иманымды жеңе алмайды.

Құшақтайды.

Сүйеді.

Еріні улы,

Құрығына түсірмек өрім ұлды.

Сан сайтанды сан мәрте сан соқтырдым,

Себебі мен жек көрем жеңілуді.

Шындық

Адамдар-ай,

Арманды қуған арманға мініп,

Үзілген сайын жалғанған үміт.

Біздерден өзге ешкім жоқ шығар,

Шындық іздейтін жалғанда жүріп.

Менменсіп тасып арнадан аспа,

Мастанып шайтан арбаған асқа.

Əлемнің кілті қолымда деме,

Ие жоқ оған Алладан басқа.

Жайлы жер іздеп жырақтан босқа,

Өмірлік басты мұраттан қашпа.

Иманыңды жи,

Намазыңды оқы,

Жайлы бір жер жоқ жұмақтан басқа.

Амал жоқ менде жазардан басқа,

Қайтқандар қанша базардан босқа.

Өмірге келдің кетесің қайтып,

Шындық жоқ мұнда ажалдан басқа.

* * *

Мен туған ауыл жыр тұнған Сырдың бойында,

Тасыған Сырдың құдіреті бар бойымда.

Əбділда, Манап, Нартайды тапқан Сыр елі,

Мені де достым, күдіктенбей-ақ мойында.

Пенделігіңе бой ұрма!

Жалын жыр жазсам, анамнан солай туғанмын,

Қаламымды алып қара өлең жолын қуғанмын.

Бірі де емеспін сен ойлағандай сумаңның,

Намысым – найза, найзалы жырмен туды алдым.

Тарылмақ емес тасыған жырдың арнасы,

Жылғалай берер сарқылмас Сырдың жалғасы.

Жалынды жырым жүрекке жетіп жатса егер,

Шабытты туған от жүрегімнің арқасы.

***

Сырыңды аш маған, Сыр анам,

Сырыңды аш…

Сенен сұранам.

Сапарлап кеткен ұлың ем,

Сақтаулы шығар сыбағам.

Бүк түсіп жатқан бел жайлы,

Бауырыңда өскен ер жайлы,

Толғасам деп ем сол жайды,

Толғасам деймін сен жайлы.

Сырыңды аш маған, Сыр анам,

Сырыңды аш…

Сенен сұранам.

Бір Тәңір куә көктегі,

Не тағдыр сенде өтпеді.

Біреулер ерте бүрледі,

Біреудің күз боп көктемі.

Тағдыры ерте сынаған,

Жетім қыз қайда жылаған?

Бәріне өзің куәсің,

Сырыңды аш маған, Сыр анам.

Өзіңдей мен де тулайын,

Ұлың боп бекер тумайын.

Сырыңды аш маған, Сыр анам,

Мақамға салып жырлайын.

Өзіңдей мен де шерлімін,

Өзіңдей және кеңдігім.

Сырыңды аш маған, Сыр анам,

Сапарлап кеткен келді ұлың.

Бәрі бар менде

Бәрі бар менде,

Періште де бар,

жын да бар,

Қуаныш та бар,

мұң да бар,

Жайым жоқ, бірақ, бұлданар.

Бәрі бар менде,

Жұмысым да бар,

үй де бар,

Туысым да бар,

ұл да бар,

Түсінбейді бірақ, кейде олар.

Бәрі бар менде,

Әкем де аман, (Анам да),

Дәл менен өткен бақытты жан жоқ ғаламда.

Соларға кейде бір сыйлық сыйлай алмаймын

Бәрі бар мына заманда.

Бәрі бар менде,

Бар болып жүрген қандай-ды,

Бір жұтым сумен жібітіп кепкен таңдайды.

Бәрі бар деймін,

Бәрі бар мен де расында,

Жоқ деуге аузым бармайды.

* * *

Мен сені іздедім

Қараша желіне тоналып,

Ақпанда ақ қарға оранып.

Көктемде бүр жарып елеңдеп,

Оралған құстармен келер деп.

Мен сені іздедім

Шілде де қырық күн.

Соңында үміттің.

Елемей, ескермей,

Күңкілін күдіктің.

Өзіңді көрсем деп асығып,

Ақыл мен сабырды басынып.

Жүйесіз ойларым

Жұлдыздай шашылып.

Мен сені іздедім

Жанарым құрғамай,

Қабағым мұңға бай.

Санамда жалғыздық,

Төбемде сынған ай.

Өзіңсіз жалғанның

Бір кем боп тұрғаны-ай.

Мен сені іздедім…

Уәде

Бұл сөзіме уәде етем әуелі,

Үнің неткен,

Демің неткен бал еді.

Саған арнап жыр жаза алмай келемін,

Дәл өзіңдей әдемі.

Қылықтарың үшін

Әрбір сиқырлы,

Ұмытқаным үшін

Әрбір ұйқымды.

Саған арнап бір жыр жазам деп едім,

Дәл өзіңдей сүйкімді.

Менен өзге жан сезбеген

Бұл бақты.

Оқылатын баяу әрі

ырғақты.

Саған арнап жыр жазамын қалайда,

Дәл өзіңдей қымбатты.

Болмысыңда мәңгі шуақ

Көктем жүр,

Жанарыңнан айналайын

Төккен нұр.

Саған деген сезімім де, жырым да,

Дәл өзіңдей мөп-мөлдір.

Бұл сөзіме көкте Ием куә де.

Бұл сөзіме жер де,

көк те куә де.

Өлмей тұғын өлең жазам бір күні,

Бұл уәдем – УӘДЕ!  

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<