«Есіңе мені алғайсың»

203

0

Шиелі ауданының Қарғалы ауылының тумасы Сейтмұхан Аймаханов деген өнерпаз азамат болды. Дауысы керемет! Аккордеонмен сүйемелдеп ән салғанда жан жүрегіңді елжіретеді-ай! Құлаққа жағымды дауысы сырнайға қосылып сызылтқанда бұ дүниені ұмытып, қол созым биікке көтеріліп кеткендей боласың ше… Өзінің де ән шығаратын өнері бар екен.

Көз жанары біртіндеп сола түсіп, бүгіндері тек табан жолын ғана айыратын халге түскен. Оның отбасы оншақты жылдың жүзі болды, Бурабай маңындағы Щучинскіге қоныс аударды. Шиеліде жүргенінде Нұрберген Тастаевтың «Туған жер» атты әнінің касетаға жазылған әуенін әкеліп беріп, сөзін ежіктеп отырып жаттатқызған едім, «Бұл ән нантабарым болды», деп соған риза. «Санаторияға келген демалушылар мен осында қоныс аударғандардың басы қосылған жерде осы әнді шырқай жөнелсем, туған жерін сағынғандар қалтама шайлық бірдеңе салып жатады», – деп күлетін-ді марқұм.

…2003 жылдардың шамасы болуы керек. Бірде оның Шиелідегі уақытша пәтерін іздеп таптым. Бұрынғы бір мекеменің кеңсесінің  үш бөлмесін уақытша мекендепті. Әйелі базарға, балалары сабаққа кетіп үйінде жалғыз қалған әншінің іші пысып-ақ қалған екен, ай, бір көсілді дейсің. Әнін шырқап, аккордеонын созғылай түседі. Түс әлетінде келген ауылдас інісі «Шай қойып келдім», деді де көрпешеге жамбастай жата кетті. Ал Сейтмұхан болса, «Мынаны сізге арнадым» деп Елена Әбдіхалықованың «Есіңе мені алғайсың» әнін бастай жөнелді. Соңғы жағына өзі сөз қосқан болу керек, өлеңі ұзаңқырады. Аяқталар емес. Мен тықырши бастадым. Оның үстіне ауызғы бөлмеден бөтен иіс келгендей, гүрілдеген, сырылдаған өзгеше дыбыс та қосарлана шығады. Көзін жұмып, өз әніне өзі елтіп отырған әншіміз оны  аңғара қоймаған сыңайлы. Шабыты шарықтап, шалқалай құлашын созады. Маңдайы терлеген ол мына күйімен жуық арада іркіле қоймайтын секілді-ау…

– Есіңе мені алғайсың, Нұреке-ау! – деп бір қайырып алады да әнін одан әрі жалғастыра түседі. Ал гүріл ұлғайды, жағымсыз иіс бөлмені жайлап бара жатқандай ма?! Шай қойған жігіт тырп етер емес. Бір кезде, «Сыртқа шығайықшы», дедім қанша көңілін қимасам да. Сонымыз дұрыс болған екен. Газ плита үстіндегі шәйнек қайнай-қайнай төгіліп, отты өшіріп тыныпты. Сол маңдағы перде ме, әйтеуір қабырғада ілулі тұрған шүберекке от тиген. Сынық терезе көзінен соққан желмен желпілдеп, газ балонына баратын түтіктің үстін жалап-жалап өтеді. Масқара! Енді сәлден соң газ балоны атылып, мына үй аспанға бірақ шықпақшы. Болса да үй кеткен соң оның ішіндегі әнші де, оған ұйып отырған тыңдаушылары да бірге ұшпағанда не болуы мүмкін? Зәре-құтымыз қалмады. Сыртқы есікке қарай тұра ұмтылдық. Ал көзі нашар көретін Сейтмұқан есікті таппай, от шыққан бұрышқа қарай қашып барыпты. Әлгі жігіт екеуміз қайта оралып, үй иесін жетелеп шығып, қолға түскен нәрселермен сабалап жүріп, отты әрең дегенде өшірдік-ау!

– Мә, саған «Есіңе мені алғайсың!» – деді ауылдас інісі түтіндеген киізді сыртқа шығарып жатып. Бетіміз күйелеш-күйелеш болып бір-бірімізге қарап күлеміз. Құдай сақтады деген осы!

Содан бері кездесе қалғанда Сейтмұқан: «Фронтавик» деп мәз болып қалады. Мен де қалыс қалмай: «О, Газли» деп қоямын. «Газ апатынан аман қалдық»,  дегенді ишаралағаным ғой…

PS. Журналистің жұмысы қызық та қиын дегенге, қауіпті де деп қосса жаңылыспайсыз.

ПОЙЫЗДАҒЫ «ПРОИСШЕСТВИЯ»

Тоқсаныншы жылдардың соңы. Қоғамдық өзгерістерге жұрттың бейімделе алмай, бірде аш, бірде тоқ жүрген кездері. Елдің тұрмысы төмен. Әлеуметтік жәрдемақы, зейнетақы үш-төрт айда қолға бір тиеді. Азық-түлік, зат та тапшы. Осы кезеңдерде жамағаттың алдағы күндерге сенімін нығайту, Үкіметтің, аймақ басшысының елдің әл-ауқатын көтеру барысындағы бағдарламаларын елге жеткізіп, олардың орындалу барысын ақпараттандыруда газеттердің рөлі өте күшті еді. Жұрт тасқа басылған сөзге сүйенеді. Бұл орайда газет қызметкерлерінің, тілшілердің еңбегі жанкешті жұмыс десем артық айтқандық емес.

Редакциядағылар қара күйе әріптерді редакция мен баспахана арасында әрі-бері тасып түнімен шапқылап жүргені. Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінің оңтүстік аудандардағы тілшісімін. Аудандардағы ана ауыл, мына елді мекенді аралап, редакция тапсырмасын өз уақытында орындап, материалды дайындау керек. Ол кезде қазіргідей инетернет байланысы түске де кірмейді. Бәрі де қолмен атқарылады. Станциядан таңертеңгі сағат 6-да қозғалатын «Тоқылдақ» аталатын шабан пойыздың вагонында күнара селкілдеп отырғанымыз. Онан әрі жолай кездескен көлікке қол көтеріп, межелі жерге жеткенше асығыспыз. Трактор, матасекіл, тіпті жаяу-жалпы да кете бересің. Екі-үш айда қолға тиер айлық та шамалы. Тек, «Елге қызмет жасап жүрміз, борышымызды лайықты атқару керек», деген ұстаным ғана журналистерді алға сүйрейді… Шағын кіріспе сөзімді осымен доғара тұрайын, осы сапарлар барысындағы қызықты оқиғаны айтайын.

Шиелі станциясынан таңертеңнен бастап жолаушылар пойыздары өте бастайды. Көбінесе соған шығамын. Ығы-жығы адамнан вагонға міну де азап. Бірде сол жерде орыс газетіндегі әріптес інім Мақсұт Ибрашевтің кезіге кеткені. Осы кезде Өзбекстан пойызы станцияға келіп кідіре берді. «Ойпырай, енді қай өзбекке жалынамын», деп уайымдап тұрмын. Мақсұтым сасар емес, «Нұреке, бері жүріңіз», деді де бір вагонның ашылмайтын есігін (не рабочий) салып-салып қалды. Өзбек проводниктің басы қылтиып көрініп еді: «Мұнда қандай происшествия болып жатыр?» деді Мәкең сұстанып. Құдды бір тексеруші секілді. Жолсерік те мына оқыс сұрақтан сасып қалды-ау, деймін, бірдеңе деп міңгірлейді. Мақсұт лезде вагонға қарғып мінді де тамбурда тұрған шелекті теуіп кеп жіберді: «Мынау не деген мусор?!» деді айқайлап. Өзбектің әпті әбден қашты. Осы мезет мен де вагонның ішіне еніп үлгердім. Мақсұт – «ревизор» енді тіптен зорайды: «Барлық жерде порядка болсын, тез-тез!–дейді тісін шықырлатып. «Айтпақшы, мына кісіні (мені көрсетіп) купеге жайғастырып, шай-пәйді тезірек қамда!» деп бұйрығын да беріп үлгерді. Мына кереметті қарасаңызшы! Жолсерік оның айтқанының бәрін тап-тұйнақтай етіп орындап, былқ еткізбей облыс орталығына жеткізді. Қайтарда да осындай тәсілмен қиналмай үйімізге оралдық. Біртіндеп мен де пойызға мінудің мына тәсіліне төселіп алдым. Қаһарлы «ревизор» інім тұрғанда не қам бар? Мақсұт вагонның есігін дүңкілдетіп жатқанда, үстімде қара плащ, басымда қара кепкі, қолымда іші газетке толы қампиған қара папкі ұстап, үндемей тұрамын. Сәлден соң вагонның жайлы орнында шәй ішіп, тербеліп кетіп бара жатамыз. Кейде қойдың басын да мүжіп қалатын кездер болды. Осылайша бірер жыл жолымыз оңынан болып жүрді. Тағы бірде  Қызылордаға барайын деп вокзалға келсем, мұнда Мақсұтым жоқ. Әрі-бері қарап, қанша тықыршығаныммен көрінбеді. Жұрт жапырлай вагондарға ұмтылысып жүр. Кейбірі сырттап қалып жатыр. Бұрыннан көріп жүргенім бар мен бұ жолы өзімше әрекет етейін деп, вагонның ашылмаған есігінің тұсына келіп, Мақсұттан көргенімдей тарс-тарс ұрдым. Өзбектің басы қылтиысымен, «Не происшествия бар?» дедім. Даусым қарыз сұрап тұрғандай солғын шықты-ау, деймін, проводник: «Оны нема қыласыз?» деп есікті тарс жапса бола ма?! Ал тепловоз жүргелі гудоктатып жатыр. Қайтейін енді, келесі вагондардың біріне теңгемді беріп жүріп ілдебайлап іліндім. Баяғы құрметтің бірі жоқ, жапырлаған жұрттың арасында сығылысып зорға келемін.

Кейін аңғардым ғой, Мақсұттың даусында сұс, екпін бар екен. Сонымен қатар дистанция сақтау қажет. Есікті тарсылдатып ұрып болған соң жақын тақалмай, екі қадам шегініп тұрып айбат шегеді. Міне, әртіс!

Нұрмахан ЕЛТАЙ,

«Сөз сойылдың» Балғабек Қыдырбекұлы

атындағы сыйлығының лауреаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<