Назқоңыр (әңгіме)

341

0

Тұман мен тұмауды жетегіне алған күз ішін тарта ышқына жетті, еңсені басып, бойды мұздата қара суық соғады. Ақмешіттің желі осы, тіршіліктің жеті атасында кегі кеткендей тістене, уілдейді де тұрады. Сөйтеді де кішкентай суықты аспандата көтеріп, қыс қаһарын жеткізе, қанша жылы киінсең де қойны-қонышыңды тінткілеп, еттен өтіп, сүйекке жетіп барады. Былтырғыдай емес үй де азынап тұр, мұны біреулер газ сапасынан десе, енді бірі ауа райынан дейді, кім білген, әйтеуір, әлемді бір салқындық билеп алғандай. Оның аула ішіне шыққаны сол еді, онсыз да реңі қашып, алба-жұлба кейіпке енген, бұлт біткен шошала тиген сиырдай жөңкіле көшіп, сұрлана түскен көктен қаз дауысы естілді. Қолын көлегейлей көкке тесіле қарағанмен көре алмады, түрлі кейіпке ене түнере түскен бұлт көрсете ме сірә, бірақ үні мұңды. «Ой, бейшара-ай, жараланып, тізбегінен қалып қойған болды ғой. Жылы жаққа жете алса болар еді» деген ойды әлгі үн тағы бұзды.

Гак-к…лак-у… га-к…лак-гу…

Еріксіз селт етті. Санасында бір жасын ойнағандай болды. «Ойбай-ау… Мынау… Мынау – «Назқоңыр» ғой. Хала-лаку ләй-лім… Хала-лаку-лай…Ол өзінің қаз дауысына қосылып тұрғанын да сезбеген еді. Қолына бірдеме тигендей болды, тесіле қарады, жаңбыр сіркірейін деді ме екен, әлде… Жетпіс алтыдан асып барады, көңілшек болып бара ма қалай, түсінде де көретіні жас кезі, сахнада ән шырқап тұрғаны. Алла-ай, бұлай тез өтерін кім білген, бәрі де күні кеше сияқты еді. Тағы да қолына тамшы тиді…Баяғыда да дәл осылай қолына тамшы іліккен-ді. Дүние-ай… Қалай басталып еді өзі… Ие, ие… Ескі базарда еді ғой сыған әйелдің бұған айтқаны…

***

Оқуға келген бір топ жігіттің бас қосар жері – базар маңы. Сол тұстан пәтер жалдап, түрлі мамандықты таңдаған өрімдей жастар кітаптан босаған сәтте базар жағалайды, шама-шарқынша қаржы табады. Лағынет жауғыр соғыстың біткеніне он жеті жыл болса да, ел әлі де молыға қоймаған тұс. Мұның әу бастан қол жұмысына икемі жоқ, бір жақта қобыз шалынып, арғы тұстан мастар даусы естілер базардың күншығыс жақ шетіндегі Сыр суы сылдырап ағып жатқан арықтың бойына отырып алып, ән салады. Қасындағы екі жігіт – тиын-тебен жинаушы. Әжептәуір дауысы бар, қоңқақ мұрынды, бұйра шаш жасөспірімнің арманы – әнші болу, қоңыр дауысты баппен ырғақ желісінде көтерген тұста көшенің ана басында өтіп бара жатқандар да бұрыла қарайды, бұл іштей масаттана иірімдерді ойната түседі. Сол күні бұрынғы әдетімен «Бақыт құшағындадан» бастап біраз ән салды, қасындағылар риза, соған қарағанда тапқаны аз болмағаны. Енді орнынан тұра бергенде тұстарынан өтіп бара жатқан сығандар тоқтай қалды да, бір әйел мұның қасына келді. Әдеттегі «Бал ашамын, қолыңды әкел» дегенді де айтқан жоқ. Мұның бетіне қарап тұрып, «Әлгі Хала-лаку ләй-лім» деген ән сенің бағыңды ашады»  деді де, бұрылып жүре берді. Бұл аң-таң, жұрттың да, музыка мамандарының да «Бұл облыста «Бақыт құшағынданы» сендей келістіре айтатын адам жоқ» деп жүргендері не болғаны сонда? Іштей сенбесе де, әлгі сыған әйелдің хала-лаку мен ләй-лім арасын ерекше тербелісте айтқаны құлағында қалды, кейін өзі де солай айта бастады. Сонымен не керек, сол жылы оқуға түсті, Ақмешітте өтетін концерттерде ән сала бастады.

 Ие…зымырап бара жатқан өмір-ай. Бірақ…Бәрі көз алдында, санасында сайрап тұр. Екінші курста оқиды. 1964 жылдың 5 қарашасы, Октябрь революциясы мерекесіне арналған концерт. Шәмшінің «Бақыт құшағында» әні мен халық әні «Назқоңырды» орындады. Көңіл күйі көтеріңкі еді, әндер де нақышты орындалды. Оны көрермендер қошеметінен сезді, қайта-қайта шақырғасын сахнаға шығып, «Назқоңырдың» соңғы шумағын тағы айтты, қол соғып, қошеметтеу ұзаққа созылды. Сахна сыртына шыққаны сол еді, облыстық комсомол комитетінің қызметкері Аманкелді Жұматаев жетелей жөнелді. «Бала! Сені бастықтар іздеп жатыр». Іштей қобалжу басталды.  Не болды екен, әннен қателеспегені өзіне аян…Неге іздеді екен?! Сахна сыртынан тура ұзынша дәлізге шығатын есікті ашқаны сол еді, қарсы алдында шашын жылтырата тараған обкомолдың бірінші хатшысы Абылай Айдосов тұр екен. Мұның басынан аяғына дейін тінте қарады да, мойнын қисайта бұрып: «Жүр!» деді. Не жаздым күйге түскен бұған оның ізіне ере беруден басқа жол жоқ еді. Үлкен бөлмеге енді, төрдегі үстел басында отырған қырықтар шамасындағы адамға ол: «Мустахим Билялович! Әнші жігіт мынау. Мұхамедәлі  Әуезов деген»  деді мұны көрсетіп. Ол әлгіге шыға тұруын иек қаға сездірді де, мұның қасына келіп, сәл қарап тұрған соң қапсыра құшағына алсын. Мұның шақтас денесі әлгі адамның құшағына енді де кетті. Айдосовтың көзі үлкейіп бара жатты, мына кісі оған «Тез!Сыртта бол!» деді дауысы өзгере. Бұл ананың шығып кеткенін де аңғарған жоқ, мына бір жып-жылы құшақтан босануға әрекет те еткен жоқ. Тылсымы бөлек шуақты жылылық, сонау алыста қалған, баяғы бала күнінде марқұм әкесінен сезген жылу. Алла-ай, құдды сол. Бұл бір кезде қолына тамған тамшыны сезді. Оны сүртуге де шамасы келмеді, бірақ, бүкіл жан-жүйесімен өзін құшақтап тұрған адамның жылап тұрғанын сезді. Біраздан соң ол мұны босатып, үстел үстіндегі графиннен су ішті де: «Қарғам, рахмет саған! Бақытты бол, айналайын! Сен бүгін менің есіме талай нәрсені салдың-ау» деп сәл тұрып қалды. Бұзылыңқырап бара жатқан дауысын аңғартқысы келмегені анық, тамағын кенеп: «Бара ғой! Бара ғой, қарғам» деді. 

***

Мерекелік кештен оралған облыс басшысы бір-екі кесе шай ішті де, жұбайынан мазаламауын сұрап, төсегіне қисайды.  Иә, бүгінгі «Назқоңыр» оның ішкі әлемін қозғап жіберген еді. Бұл әнді сонау 1941 жылғы жаздан кейін естуі, тек ағасы ғана салатындай көрінетін, мына жақтан шыққанын қара! Халалаку дегеннен кейінгі әдемі діріл тура ағасы айтатындай… Мұндай да болады екен-ау… Қайран Мұстафа, соғысқа аттанғанша «Мұске, теміржол маманы болуың керек. Бұл сала қазақ үшін өте маңызды бауырым»  дегенді қайталай берді-ау. Ән салатын сосын, бейне тойға бара жатқандай… «Назқоңырды» айтатын… Ауылда тағы да айтушылар болды, бірақ оныкі бөлек еді ғой. Әнебір діріл… Тәңір-ай, тағы да көңілі босады ма? Соғысқа аттанар күні екеуі қатар жатты, ол мұны құшақтап, шашынан иіскегенін айтсайшы… «Тү-у, исің қандай керім еді, Мұске!» Сол сөзді ұмытар ма. Кірпік шыланды, ойына анасы оралды. Алты айдан соң майданнан қара қағаз келді, ел болып оны анасынан жасырды, жүрегі шыдамас деп ойлады жұрт. Қайран Ана, бақилық болғанша Мұстафасын күтумен өтті. Шешесі соғыс туралы кино жүріп жатыр дегенді естісе көргенше байыз таппайтын, сондағысы Мұстафаны көріп қаламын ба  дегендік екен. Бұл: «Апа-ау, стройда бара жатқан қаншама адам, ішінен оны қалай танисың» деп қалжыңдайтын. Ол болса көзінен мейірім шаша нұрланып, нұры жасқа малынып: «Е, не көрініпті? Мұстажанымды мың, мілион болса да ту сыртынан-ақ танимын, тек көрсетсе екен» деп күрсініп алатын. Текті жердің қызы ғой, мына пәнидегі тұз-дәмі таусылуға жақындағанын сезді ме, бұларды жанына шақырды бірде. Үш-төрт күн ғана ауырды, сауығып кетер деген үмітте болатын бұлар, алайда тура анасы айтқандай болды. «Балам! Келін! Шалым түсіме енді, келесі аптада алып кетемін деді. Келесі аптаның осы күніне дайындала беріңдер. Ішімде арман кетіп барады, Мұстажанымды күте алмайтын болдым енді. Біздің шал бір сөздің адамы ғой, айтқанын орындары анық. Ана сандықтың ішінде үлкен ақ жібек орамал бар. Баяғыда Мұстажаным келін әкелсе беташарына жұмсаймын деп ниеттеген едім. Сол – сендерге аманат. Мұстажаным мен кеткен соң келсе, мейлі ана жақтан әйел алып келсе де, сол орамалды жауып, бетін ашыңдар! Уһ…Құлдықтарым, сөйтіңдер. Апаңның ниеттеген орамалы деңдер». Е…ей, қайран ана! Тағы да кірпік шыланды, тамағына бірдеме тығылғандай болды, жүрегін сыздата бір толқын өтті.

 Солай жатып көзі ілініп кетіпті. Анасы жүр мәз болып, «Мұстажан келді ғой, Алла тілекті берді ғой, қасындағы келін шығар алып келе жатқан, жібек орамалды әкеліңдер!» Сүрініп-қабынып үйге бір кіреді, бір шығады. Міне, ағасы келіп, мұны құшақтауда. «Тү-у, Мұске! Исің қандай керім еді» дейді шашынан иіскеп. Бұл болса басынан өткенді, талай басшы қызметте болғанын мақтана айтуда. «Мұске, көп мақтанба. Әділ бол!» дейді ол. «Аға»  дейді бұл: «Бізде бір жас студент бар, «Назқоңырды» тура өзің сияқты айтады. Ғажап. Айнытпай салады»  десе, ол елең ете қалып: «Назқоңырды» сала ма? Мен сияқты сала ма?» деп сұрайды. Сосын мұның «Иә» дегенінен соң: «Мұске! Онда ол жаман жігіт болмас, қолыңнан келсе көмек бер» дейді. Бұл болса елдің соғыс зардабынан әлі оңалып кете қоймағанын айтып, студенттердің қоңторғай жағдайда екенін жеткізді. Ол болса: «Мұске! Өнер адамына қамқорлық керек. Адам ықылас, көңілмен байиды. Көңілсіз елден өнер шықпайды. Сен ол жігітке үй бер, қызметке ал» дейді. Бұл болса әлі өз қызметкерлеріне де үй жеткізе алмай жатқанын айтады. Ол: «Партия қызметкері қалай дегенде де үйсіз қалмайды, ал өнер адамының үйлі болуы деген қиямет қайым ғой. Сөйт Мұске! Тү-у исің қандай керім еді» дейді тағы да шашынан иіскеп.

Ол оянып кетті, әлгінің бәрі түсі екен. Жастығы су болыпты, жылаған ғой. Таң жақын болса керек, енді ұйқы қашты, сапырылысқан ойлар көшесін кезді. Апырай, ағасы түске кірмейтін еді, анасы да жүр. Құлағына «Назқоңырдың» әнебір ерекше дірілмен айтылар қайырмасы келді, тағы да ағасы елестеді. Таң ағарып атқан кезде ол бір шешімге келген болатын. 

***

Қайран күндер… Қайран жастық, қара су ішсең де уайымсыз кез ғой. Сабақтан декан шақыртып, обкомолға тез жетуі керектігін айтты. Ішкі ойы тағы да концерт шығар дегенге сайып, ғимарат алдына жеткені сол еді. Алдынан Аманкелді Жұматаев күтіп алды да, бірінші хатшының алдынан бір-ақ шығарды. Абылай Айдосов тағы да басынан аяғына дейін сүзе қарап шықты да: «Слушай, Жұматаев жолдас, мынаның үстін дұрыстаңыз. Киімін, шашын…» деп қайтадан қағазға шұқшиды. Ол мұны ертіп алды да, шаштараздан бір-ақ шығарды. Әп-сәтте қайдан тапқанын кім білсін, бірсыдырғы костюм-шалбар, ақ көйлек, қара галстук, қара  туфли мұның үстіне  қона кетті. «Жайшылық па?» деп сұрады ол, осы бір өнерлі, түрлі музыка аспаптарында шебер ойнайтын, Кавказ халықтары әндерін нақышына келтіре айтатын нұсқаушыны өзімсіне. «Обкомпартияға, біріншіге барасың» деді ол. Иә…иә, 15 қараша еді бұл. Айдосов мұны бірінші хатшыға кіргізді, кабинет толы адам. Өткенде мұны құшақтап, бауырына қысқан адам төрде отыр, жылыұшырай қарады. Мұның ортаға жақын келуін күткендей сөз бастап кетті. «Жолдастар! Біздер өнерге көңіл бөлуіміз керек. Мына жігіт керемет әнші, өткенде көрдіңдер. Ал осының жағдайы қалай, қайсысың айта аласыңдар? Міне, айта алмайсыңдар, жатақхана жоқ, пәтерде жүр. Біз, обком былай шешіп отырмыз. Жастарды, әсіресе осындай өнерлі жастарды қамқорлыққа алуымыз керек. Бұл – партияның бағыты. Ректор Өсербаев жолдас, бұл студент міндетті түрде оқуды бітіргенше стипендия алатын болсын, сізге партийный поручение бұл. Облспорт бастығы, бұл жігітке спортсмендерге бөлінетін тамақ талонын бересің, үш мезгіл тамағы тегін болуы керек. Облкультура бастығы, бұл жігітті қызметке қабылдайсыз, сабақтан бос мезгілде филармонияда қызмет атқарады, онсыз да сіздің бүкіл шараңызда жүр. Ал Берденов жолдас, бізде пәтер жағы қалай?» Қалатком төрағасы орнынан тұрып, таксопарк жанында бес қабатты бір үй пайдаланылуға берілгенін, үш бөлмелі бір пәтер обкомпартия қызметкеріне қалдырылып, қалғандары бөлініп біткенін айтты.

«Партия қызметкері үйсіз қалмас. Сол үш бөлмелі үйді мына жігітке беріңіздер. Ата-анасын көшіріп әкелсін». Қабылдау бөлмесіне шыққан бұл мына естігендерінен құлағы тұнып қалғандай болды. Алла-ау, бұл не деген іс болды, жоқ-жітік боп күн кешіп жүрген бұған құдайдың қарасқаны-ау. Ол мұның барлығы «Назқоңыр» кереметі екенін сезбеген еді сол сәтте. Ол кезде таксопарк қазіргі «Мың ұсақ-түйек» аталатын тұста, он күннен соң жаңа үйге көшіп алды. Ие…көшіп алды деген аты ғой, араларында Көшеней Рүстембеков бар, бес алты-жігіт ел раскладушка атайтын бір-бір жиналмалы керуеттерін әкеліп қойып алды. Бар жиһаздары – осы, анасы ел ішінде отыра бергенді жөн көрді.

Бұрын Махмут атайтындар енді Маха дей бастады, оқуды бітіріп, Жаңақорған аудандық мәдениет бөлімін отыз жылға жуық басқарды, одан Сырдария ауданының мәдениет бөлімі басшылығына ауысты, бірақ, әннен алшақтаған жоқ. Тіпті, Мәскеу сахналарында да салған «Назқоңыры» мұның өнердегі паспортына айналды.

***

Ей, пендешілік-ай… Мұстақым ағасына күніне жеті рет Құран  бағыштап отырса да артық па еді? Мына бір алақұйын заман тіпті ес шығарып жіберген бе? Ойынан қаз дауысы кетер емес, тағы да қолына бірдеме тамды. Жас қой… Тура баяғыдай. Қайран, Мұстақым аға, қадіріңді біле алдым ба? Ән салғысы келді, бірақ баяғы дауыс қайда, әйтеуір ізі бар, ілезде әлем-жәлем ішкі толқыныс ән болып шықты.  

–Ай қабақ, алтын кірпік, қызыл ерін,

Кел десең неге аяйын аттың терін…

Көз алдында Мұстақым ағасы күлімдеп тұрғандай болды. Ол күрсінді. Зулап өтіп жатқан күндер-ай, ей, қайран, қайта оралмас жас дәурен… 

Алдажар ӘБІЛОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<